Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім – бас құжаттағы басым бағыт

0 698

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында арнайы жиын өтті.

Думан САХИ

Бас құжатта айтылған мәселелерді халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында Тараз қаласы әкімінің 2019 жылғы 3 қыркүйегіндегі №63 өкімімен құрылған №5 топ аталмыш оқу орнына арнайы келіп, ұстаздар және студенттермен ашық пікірлесті. Жұмысшы топқа Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев жетекшілік етті. Алғашқы болып сөз алған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тарих, құқық және кәсіпкерлік» кафедрасының аға оқытушысы, құқық магистрі Талас Ибрагимов Жолдауда аталған жас кәсіпкерлерді қолдау мәселесіне кеңінен тоқталды.
– Елімізде жыл сайын 21 мыңға жуық жас оқуға түсе алмай қалады. Бұл дегеніміз кәсіби бағытта білім беру жолдарын күшейту қажет дегенді білдіреді. Сөзсіз, білімді ұрпақ – еліміздің келешегі. Білім біздің басты капиталымыз болғандықтан, тапқан қаражатымызды аямай білімге құюымыз керек. Жас кәспкерлерді өз ісін бастаған алғашқы 3 жылда салықтан босатпақ. Мұның да үлкен қолдау екені айтпаса да түсінікті. Осындай орайлы сәтте қаржылық сауаттылық деңгейін көтеріп, өз кәсібін бастаймын деген әрбір жасқа тамаша мүмкіндіктер бар екенін айтқым келеді. Мысалы, көршілес Ресей елінің Даниил Шулейко, Дмитрий Полищук есімді екі жас азаматы 2017 жылы iOs, Android жүйелерінде «Яндекс такси» қосымшасын ойлап тауып, ТМД елдеріндегі барлық таксопарктерді бір күнде банкротқа ұшыратты. Олардың 1 жылда тапқан қаражат көлемі 19,2 миллиард рубльді құрайды. Міне, ғылымға, техникаға ден қою арқылы табыскер болуға осы азаматтар анық мысал бола алады. Осында отырған әрбіріңіз өздеріңіздің мамандықтарыңызда №1 болуға талпынсаңыздар, еліміздің келешегі кемел болмақ, – деді Талас Ақылбекұлы.
Ал келесі болып мінберге көтерілген Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының директоры Ләззат Қызылқұлова мұғалімдердің мәртебесі мен білім беру сапасына кеңінен тоқталды.
– Біздер осы Абай атындағы колледж басшылығымен меморандумға қол қойған болатынбыз. Сіздердің студенттеріңіз жыл сайын біздің білім ұясына келіп, тәжірибеден өтеді. Өздерін жақсы қырынан көрсеткен мамандарды біз алып қалып жатамыз. Президент Жолдауында аталған білімді ұстаздардың қатары осылай көбейсе керек. Осындай жолдармен біз боламын деген жастарға қолдау көрсетеміз. Жыл сайын біз, ұстаздар қауымы, «білім саласында қандай өзгерістер болады екен?» деген оймен кезекті Жолдауды асыға күтеміз. Биылғы Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы Жолдауында көтерілген мәселелер біздің көкейімізде жүрген дүниелер еді. Әсіресе, педагогтардың айлық жалақысын көтеру жайы мұғалімдердің жұмысқа деген ынтасын ашып, бала тәрбиелеуге деген ыждағатын арттыра түскендей, – деді Ләззат Әбілдақызы.
Расында, биылғы Жолдауда экономиканың негізгі бағыттарын дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде білім саласына да баса назар аударылды. Сондай-ақ әлеуметтік салаларды дамытуға, денсаулық сақтауға, спортқа және халықты әлеуметтік қорғауға қатысты мәселелер кеңінен қамтылды. Білім ордасындағы келелі жиында аталған мәселелердің ұстаздар қауымына оң әсер етіп, бала тәрбиесінде өзгеше әдістемелерді қолдануға талпыныстың артқанын аңғардық. Кездесуді қорытындылаған түсіндіру тобының жетекшісі Батырбек Құлекеев Жолдаудағы айтылған негізгі жайттарды халыққа жеткізудің маңызына тоқталып, берілген тапсырмаларды ел болып орындауға шақырды.
Бас құжаттағы мәселелерді халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары ары қарай шаһардағы облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында, №9 орта мектепте, Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектепте жалғасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.