Қалалық қоғамдық-саяси газет

Береке басы – ұлттық өнер

0 476

Жастарды қолдап, болашағына бағыт-бағдар беру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Қолдап қана қоймай, оларға кәсіпкерлік негіздерін үйретуді де қолға алған Тараз қаласы әкімдігіне қарасты жастар ресурстық орталығы өз ғимараттарында «Жылулық сыйла» атты қайырымдылық көрмесін өткізді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бүгінгі таңда аталған мекеменің қарамағында 6 аула клубы жұмыс істейді. Қайырымдылық шарасына «Арай» аула клубының құрамындағы «Айсәуле» құрақ құрау курсының тәрбиеленушілері өз қолдарымен жасаған бұйымдарын ұсынып отыр. Өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында жас кәсіпкер Қанат Райқұлов «Біз біргеміз» қозғалысының «Сабақтастық» жобасы аясында арнайы грант ұтып алған болатын.

Нәтижесінде аталмыш аула клубының қабырғасында бүлдіршіндер мен қыз-келіншектерді құрақ құрау, көрпе тігу сынды дағдыларға баулу үшін арнайы тігін машинасы сатып алынған. Грант мерзімі аяқталғанына қарамастан, Еріктілер жылында қарт волонтер атанған Сәуле Төребекованың шәкірттері «Жылулық сыйла» акциясына қатысып, игі іске таудай талаппен тамшыдай үлестерін қосып жатыр.

– Бүгінгі акцияға өзімнің «Ою» деп аталатын көпшігімді, «Құдық» деп аталатын бөстегімді алып келдім. Соңы 3-4 айда өзім тұратын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Арай» аула клубында тоқу, құрақ құрау үйірмесіне қатыстым. Тәлімгеріміз Сәуле апай бізге осы өнердің қыр-сырын үйретіп, бүгінгі көрмеге қатысуымызға ықпал етті, – дейді үйірменің ең жас қатысушысы Аяулым Медетбекова.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, сонымен қоса жастардың бойына қайырымдылық, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді сіңдіру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев арнайы қатысты.

– Ұлттық өнерді дәріптеу – бәріміздің міндетіміз, мақсатымыз. Осы тұста өскелең ұрпаққа, жас қыздарға, қыз-келіншектерге құрақ көрпе құрап, тігін тігуді үйретіп жатқанымыз – мақтан тұтарлық іс. Таразда қазір 74500-ге жуық жас бар. Олардың бос уақытын ұйымдастырып, бүгінгідей қайырымдылық шараларына жұмылдыруымыз қажет, – деді Алмас Қадірбекұлы.

Бұдан әрі өз сөзінде Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев мұндай шараларға кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыру керектігін алға тартты.

– Бүгінгі таңда біздің мекемеде жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған, түрлі гранттар ұсынатын бірнеше бағдарламалар бар. Кез келген жас кәсіпкер келіп бағын сынай алады. Оның үстіне қазір ұлттық өнерге көбірек басымдық беріліп келе жатыр. Бұл ретте палатадағы кәсіпкерлерге 100 мың теңге көлеміндегі қаражатқа осы көрмеге қойылған бұйымдарды сатып алуға ұсыныс жасамақпын. Көптеген тараздық кәсіпкерлердің үйіне бұл ұлттық бұйымдар ерекше сән береді деген үміттемін, – деді Самат Шыналыұлы.

Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған грант иегері Қанат Райқұлов көрмеден түскен қаражаттың барлығы Таразда тұратын екі бірдей аз қамтылған отбасыға берілетінін айтты.

Көрмеге қолөнер шеберлерінің өздерінен бөлек, олардың ата-аналары да қатысып, балаларының ізгі қадамдарына сүйсінді. Сондай-ақ тігілген құрақ көрпелер мен тоқылған бұйымдардан бөлек, шығармашылық орталық шеберлерінің туындылары да көрменің ажарын аша түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.