Қалалық қоғамдық-саяси газет

Белгі жоқ жерде белден басып, айыппұл салған

0 281

Бүгінде көлік тізгіндеген көпшіліктің көкейкесті бір мәселесі көшедегі жол ережесін реттейтін белгілер болып тұр. Жол қозғалысында бағыт-бағдар сілтейтін, ескерту жасап, тыйым салатын белгілер ретімен қойылмаса, жүргізушілерді жаңылыстыратыны айдан анық.

Бекнұр МЕЙРАМБАЙҰЛЫ

Ал осындай себептерден «ереже бұзған» елге салынған айыппұл көлемі айлығы шайлығына жетпей жүрген қауымның қалтасына оңай соғып жатқан жоқ. Әсіресе, мұндай жағдайлар көлік көп жүретін, тоқтайтын Тараз қаласының темір жол бекеті аумағында жиі орын алуда. Бұл тұрғыда Тараз қаласының тұрғыны Абдусалам Қазыбектің оқиғасын мысалға келтірсек те жеткілікті.

Абдусалам Махмұдұлы үстіміздегі жылдың 2 наурызында шамамен кешкі сағат 19.40-та туысын пойызға шығарып салмақ ниетте өзінің жеке көлігімен темір жол бекетіне келеді. Мұнда көліктің көптігіне, ал тұрақта орынның жоқтығына байланысты темір тұлпарын тәртіппен үлкен жолдың бойына қояды. Жол бойында көлік қоюға тыйым салатын белгі де жоқ екен. Бірақ жол полициясы инспекторы оған ережені бұздың деп айыппұл салады. Абдусалам Қазыбек айыппұл салу туралы қаулымен келіспей, ол көлігін қойған тұста ешқандай тыйым салатын белгінің жоқтығын айтып, айғақ ретінде фотосуреттерді ұсынып, Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағымданған. Сонымен қатар жол полициясы инспекторы оның автокөлігін айыптұраққа заңсыз кіргізіп, мемлекеттік тіркеу нөмірін де заңсыз шешіп алғанын мәлімдеген.

Жол жүрісі қағидаларының 12.2 тармағына сәйкес, конфигурациясы көлік құралдарын өзгеше орналастыруға мүмкіндік беретін орындарды (жолдың жүру бөлігінің кеңейтілген жері) қоспағанда, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінің шетіне параллель қоюға рұқсат етілген. Ал М.Қазыбектің көлігі тұрған жерде ешқандай тоқтауға немесе тұруға тыйым салатын жол белгілері жоқ. Осыған орай, сот оның шағымын қарау барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық құрамы дәлелденбеген деген тұжырымға келді. Яғни азамат М.Қасымбектің шағымы қанағаттандырылып, полиция инспекторы толтырған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 597-бабының 1-бөлігімен толтырылған қаулы бұзылып, іс өндірісімен тоқтатылған.

Анығына келгенде, біз сөз еткен оқиға қоғам наразылығын тудырып отырған жағдайдың себебін емес, тек салдарын ғана жоя алды. Өйткені темір жол бекетінің аумағында тиісті көлемде көлік тұрақтарының салынбауы, жол ережесін реттейтін белгілердің орнатылмауы әлі талай дау-дамайға сеп болмақ. Сол дау-дамайға басы шатылғандардың барлығы арызын арқалап сотқа сабыла бере ме? Тұрағы тар, белгісі жоқ жерге амалының жоқтығынан тоқтаған жүргізушіні белден басып, жөнді-жөнсіз айыппұлмен жазалай беру жол полициясы басшылығының беделін биіктетпесі белгілі. Және бұл бұған дейін де бірнеше рет айтылып, аяғына жетпей келе жатқан жайт. Тиісті тұлғалар мәселеге мән береді деген сенімдеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.