Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бекзада өнердің иесі

0 251

Адамзат өнерді өнер деп танығалы би әлемі түрлі тармақтарға бөлініп, өзінің бекзадалығымен адам рухының көзге көрінбес тылсымдарын қимыл арқылы әспеттеудің озық үлгісіне айналды.

Биік талғам мен нәзіктіктің сипатына айналған бұл өнерді бойына сіңірген таланттар арамызда аз емес. Киелі сахнаның сәнін кіргізіп жүрген кейіпкеріміздің есімі – Габи Исмаилов. Бүгінде елдің үздік балетмейстері атанған дарын иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Габи мырза, өнердің бұл түріне қалай келдіңіз? Жалпы мансабыңыз қалай басталды?

– Мен Қарағанды облысының тумасымын. Алматы мемлекеттік хореография училищесінің түлегімін. Балет әртісі болу үшін әр өнерпаз өзінің мансабын 8 жастан бастауы керек. Алғашқыда сахнада билеудің ешқандай қиындығы жоқ сияқты. Дегенмен өз ісінің шеберлерінің айтуынша, бұл, ең бірінші, адамның ағзасына физикалық тұрғыдан күш түсіреді. Училищені тәмамдаған соң, Самарқандтағы опера және балет театрының солисті атандым. Көптеген жетекші партияларды орындадым. Ресейдің ірі балет мектептерінде тәжірибе жинадым. Бағыма орай осы өнердің арқасында бүкіл әлемді шарлап шықтым. 1995 жылы еңбек демалысы уақытында Таразға ат басын бұрып, содан әлі күнге дейін осы жердемін. Мұнда тұрақтап қалуым – тағдырдың жазуы болар. Сол кезде химиктер сарайына балетмейстер керек деген хабарландыру менің келешектегі бар тағдырымды шешті деп ойлаймын.

– Жеке-дара «Модерн-балет» ұжымын құру идеясы сізге қайдан келді?

– Бұл менің жүрегімнің қалауы болатын. Біз 1996 жылы алғашқы жеке концертімізді бердік. Ол жылдары мұндай шара өткізу қиынның қиыны болатын. Еліміз енді ғана аяғын нық басып келе жатқан кезең еді. Жарық жиі-жиі сөніп, кейде костюм алуға қаржымыз болмай қалатын. Дегенмен бұл «Модерн-балет» ұжымының тарихындағы алтын кезең еді. Сол тұста бізге шаһар мәдениетінің нағыз жанашырлары қолдау көрсетті. Ал өзім бала кезден ірі қалаларда жұмыс істеуді армандаған емеспін. Мен үшін маңыздысы, көңіліме жаққан, жаныма тыныштық сыйлайтын тіршілікпен айналысу еді. Көптеген қатарластарым өздерінің ішкі принциптерінен аттап, мінсіз мансап жасап, көптеген атақтарға жетті. Ал мен ақырын жүріп, анық басуды жөн көрдім. Бүгінде мектептен тыс даярлау орталығында балаларға тәлім беріп келемін. Сегіз жылдан асып жығылатын педагогикалық тәжірибем балаларымыздың бойында ерекше қабілеттің мол екенін көрсетті.

– Сіз үшін би…?

– Егер мен бұл сұрақтың жауабын нақты білсем, бүкіл әлемнің жұмбағын шешкен болар едім. Бұл сауалға кез келген балетмейстер, кез келген хореограф өзінше жауап берер еді. Себебі әркімнің биге деген көзқарасы, бұл өнер турасындағы өзіндік философиясы өзгелерден дара. Тек биге ғана емес, қоршаған ортаға деген көзқарастарымыз түрлі тарамдарға бөлінеді. Әркімнің өз жолы бар. Бір ғана дүниеге сенімдімін. Классикалық балет – кез келген би жанрының негізі. Классикалық немесе заманауи балет деп бөле алмаймын. Мен үшін екеуі бір нәрсе.

– Пандемия кезеңінде жұмыс істеудің ерекшеліктерін сезініп көрдіңіз бе?

– Әлбетте. Хореографияны қашықтан үйрету өзінше қызық. Дегенмен экранның немесе смартфонның мониторы арқылы сабақ жүргізу қиынырақ. Баламен визуалды байланыс болмағандықтан, олардың не нәрсені түсінбей жатқанын біле алмайсың. Оның үстіне бидің қуатын сезінбегесін бұл нәрсе одан сайын қиындық тудырады. Алайда мен карантин кезінде көптеген көзқарастар мен құндылықтардың өзгергенін түсіндім. Қалай болғанда да, уақытқа икемделгеннен басқа амал жоқ.

– Биік белестерді бағындыру үшін бимен қай жастан айналыса бастау қажет?

– Кез келген жаста бастай беруге болады. Егер бидің балет түрімен айналысуды жөн көрсеңіз, ертерек кіріскен абзал. Өзіңіздің рухыңызды, жаныңызды тәрбиелеу мақсатында айналысамын десеңіз, оған ешқандай кедергі жоқ. 30-40 жасында билеп жүрген кісілер көзге сондай сүйкімді көрінбей ме?! Бимен айналысу адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді. Адамның бойындағы негативті ойлардың бәрі қозғалыс кезінде жойылып кетеді.

– Сіздің ұғымыңызда би филосо-фиясының ауқымы қандай?

– Мен үшін би философиясы – көзге көрінбейтін ерекше қуатты тек қана тәніңнен емес, санаң мен жүрегіңнен өткізу. Ал философияның өзі өмірдің мәні емес пе?!

– Уақыт өткен сайын бұл мамандық қандай өзгерістерге ұшырап жатыр?

– Өзгеріп жатқан дүние көп. Бидің жаңа бағыттары мен стильдері пайда болды. Бұл – керемет құбылыс. Себебі бидің кез келген бағыты адамның рухын тәрбиелейді, еркіндікке ұмтылдырады. Бұл өнерге деген ерекше көзқарас қалыптасқаны да аңғарылады. Мен үйірмеге келген кішкентай өнерпаздардың талпынысын, олардың көздеріндегі отты көріп тәнті боламын.

– Бүгінгідей кезеңде «би сәннен қалып барады» деген пікірмен келісесіз бе?

– Әрине, келіспеймін. Би өнері ешқашан құндылығын жоғалтпайды. Маңызы бұрынғыдан да жоғары бола түсті десем қателеспеймін. Жастар қазір осыдан бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда белсенді бола бастаған. Кейде тіпті олардың TikTok сияқты түрлі платформаларға билерін жүктеп, жариялағандарына да риза боламын. Олар сондай еркін. Бойларында ұяңдық, қысылу аз. Бүгінгі заманның жастарына таңдау молынан берілген. Брейк, хип-хоп сынды жанрлар бар. Мен әрдайым таңдау еркіне қол сұғылмағанын қалаймын. Технократқа гуманитарлық ғылымды меңгеруді мәжбүрлей алмаймыз ғой. Өмірді күрделендірудің қажеті жоқ. «Өмірдің өзі – театр» деген тәмсіл бар емес пе?! Сол үшін ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Ойымыздағы кедергілерден арылып, алға қарай еркін қадам басуымыз керек. Әр сәтті бағалауды да үйренуіміз қажет. Сонда ғана біз әркімнің таңдауына құрметпен қарауды үйренеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.