Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыз алып қашу дұрыс па, бұрыс па?

0 80

Қазақтың көне дәстүрімен қыз алып қашу үрдісі қалыптасып, күні бүгінге дейін ауыл-аймақтарда белең алып келеді. Негізі, бұл үрдістің дамуы қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашуға уағдаласудан пайда болған деген ұғым бар. Яғни қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бүгінгі таңда бұл дәстүр жаңарып, түрленіп, заманауи үлгіде өзгеріске ұшырап келеді. Көбіне қыз баланы өзіне қарата алмай, өкініштен өзегі өртенген жігіттер ұнатқан бойжеткенді алып қашып кетеді. Кейде ынжық бозбала сылқымдармен сөйлесуге рухы жетпегендіктен де, көңілі қалаған қызды басып алып үйіне апарады. Онда ауылдас жеңешелер мен қарт аналар қыз алдында бар «өнерін» салып, көндіруге бел буады. Мұндай көріністің талай рет куәсі болған адам ретінде қалыңдықты келін ету үшін қулықтың сан алуан жолына барғандарын көргенмін. Кейде түсіп жатқан келінді көндіру үшін табалдырыққа жатып алған қарт әже «Ақ шашымды сыйламай, үстімнен қалай ғана аттап кетіп қаласың?» десе, енді бірде наннан аттап кетпесін деген ниетпен есіктің аузына дастарқан жайып, нан да қояды. Көбіне қызды көндіруге аузы дуалы үлкен кісілер кірісіп, бар амалын жасайды. Қыздың кетіп қалғаны жігіттің бетіне жағылған қара күйе іспетті, ұятқа қалдырған. Сондықтан кейде сорақылыққа барып, жігіт қызды зорлап көндірген өрескел қылықтар да кездесіп жатады. Мұндай жағдайда «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген түсінік пен «ұят болады, жұрт не дейдіні» естіп өскен ауылдың қарапайым қыздары көніп қалады. Бірақ қазіргі таңда қыздар намысы мен арын аяққа таптатпай, сүйгеніне ғана қосылуды мақсат тұтады.

Алып қашудың айыбы

Бұрынғы кезде алып қашудың өз заңы мен жазасы болған екен. Мәселен:

  • Өзінің айттырылған қалыңдығын алып қашқаны үшін жігіттің туыстары ат-шапан айып төлейді және бұл ауыр қылмыс болып есептелмейді. Айттырылған қызды алып қашу көбінесе күйеу жағының қыздың қалың малын түгел төлеуге жағдайы жетпегенде болады.
  • Айттырылып қойған қыз өз сүйгенімен қашып кетсе, бұрынғы айттырған күйеуіне қыздың туыстары қалың малын қайтарумен бірге, бір қызды айып ретінде береді немесе қыз орнына қалың мөлшерін төлейді. Қыз әкесі айыпты болмаған жағдайда қызды алып қашушы төлейді.
  • Егер қыз әкесі алып қашушымен үндес, жымдас болса, бұрынғы құдасына қалыңын қайтарып, өз тарапынан айыбын төлейді немесе басқа қызын береді.
  • Қызды айттырып қойған жақ, қызды алып қашушы жақтың тарапынан кешірім сұрау болмаса немесе қалың малын айыбымен қоса қайтару кешіктірілсе, алып қашушыға өлім жазасын талап етуге не алып қашушының ағайын-туғанының малын барымталауына рұқсат.
  • Егер айттырылмаған басы бос қызды алып қашса, онда алып қашқан адам қыздың ата-анасына қалың мал, үлкендеріне түйе бастатқан тоғыз немесе сол елге қалың ретінде бір қыз беріп, алып қашқан қызға үйленеді.
  • Біреудің қызын не ақ некелі әйелін оның келісімінсіз алып қашу өлім жазасына кесіледі. Егер қызды не ақ некелі әйелді алып қашушы қолға түспеген жағдайда (мысалы, Ресей шекарасынан өтіп, шоқынып кетсе, оны әдетте орыс қорғаштайтын болған) оның ағайындары құн төлейді.
  • Егер қызды не ақ некелі әйелді келісімімен алып қашса, кінәлі жақ қалың малын қайтарып, үстіне қыз қосады.
  • Қызды не әйелді зорлау өлім жазасына кесіледі, не құн төлейді, егер туыстары соған келіссе. Егер зорлықшы қызға үйленетін болса, құн орнына қалың мал төлейді.
    Алып қашудың құрбаны болған бірнеше арумен тілдесудің сәті түскен еді. Олардың бірі тағдырына мойынсұнып, «алғашқы аттаған босағамнан аттап кете алмадым» десе, екіншісі «Бірінші бақ қана – бақ» деген түсінікпен қалып қойған. Ал кейбірі әке-шешесінің тәрбиесінен аттап кете алмай, «бір жерге барып келіпті» дегенді есіттірмеу үшін көндігіпті.

Айнұр

«Қыз бала барған жеріне бақытты болсам деп емес, бақытты етсем екен деп барады» деген сөз бар. Осы ұғыммен аттаған босағада қалып қойып, уақыт өте келе қателескенін ұғып, кейін кетіп қалатындар да кездеседі. Мен сондай бірнеше жағдайды мысалға келтіре кетейін.

Марат жасқаншақ, момын жігіт еді. Айнұр көрікті, ақылды, ауылдағы қыз біткеннің алды болатын. Марат іштей осы бір пысық қызға ғашық еді. Алайда момақан бала ішкі ойы туралы тіс жарып ешкімге айтқан емес. Тек әке-шешесі «үйлен» деп қоймаған соң ащы суды ұрттап алып, достарын ертіп, Айнұрдың есік алдында күзетіп, ақыры дәретханаға шыққан қызды басып алып кеткен. Мектепті жаңа аяқтаған жас қыз бәрібір қалмайтынын, ал өзін алып қашқандарды заң жазалайтынын айтып егілгенін көргенде, оңаша сөйлескісі келетінін айтып, қызды алып кетеді. Сәлден соң ащы судың арқасында батылданып алған жігіт дауыс көтеріп, Айнұрды ұрып, соңыра итеріп жібергенде қыздың басы шкафтың бұрышына тиіп, тіл тартпай қайтыс болып кетеді.

Қарлығаш

Қарлығаш бір үйдің жалғыз қызы еді. Ғұмырында таршылық көрмеген есті һәм ерке қыз медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан. Сыныптасы Қайрат ұзақ жылдар бойы қызға сезімін білдіргенімен, қыз өз жүрегінің қалауы бар екенін айтып, жігітке жоламайтын. Сүйгені көңілін қайтарған сайын Қайрат намыстан жарылардай болып, «қайтсем де өзіме қаратамын» деген оймен қымбат сыйлықтар жасап, қыр соңынан қалмайтын.

Қарлығаш диплом алған күні де қуанышын бөлісіп, қасынан табылды. Соңыра қыздың өзіне деген суық қабағын танып, жігері құм болды. Жанарына жас алып, сүйгені туралы айтқан ғашық жігітке достары «алып қашайық, әйтпесе мүлде ұстатпай кетеді» деп ақыл берді. Қайрат қуана келісті. Қыздың салтанатты шарадан қайтқанын тосқан топ жігіт екі бүктеп көлікке атып ұрды. Алдынан ақ шымылдық ашылып, басына ақ орамал жабылған сәт Қарлығаш үшін азапқа толы болды. «Сүймеймін» деп жан ұшыра жылағанын ешкім де естігісі келмеді. Алдына көлденеңінен жатып алған қарт ананы аттап кете алмай, енді бірде егіле жылаған Қайраттың әжесіне жаны ашыған қыз бір сәт барлық қиындықтан оңай құтылудың жолын тапқандай толқып тұрды да, ойланбастан төртінші қабаттың терезесінен сыртқа секіріп кетті. Сөйтіп, қыз-ғұмыр арбаға таңылған еді…

Салтанат

Берік сүйіктісі Алтынай екеуі отау құратын күнді белгілеп қойған. Қара шаңырақта жалғыз ұлдың қуанышына ортақтасқан ағайында есеп жоқ. Бәрінің көңілі шат. Көлік, гүл, сыйлық, шашу, ақ шымылдық – бәрі дайын, бәрі ғажап. Жаздың жаймашуақ кеші жайнап тұр. Алайда Алтынай аяқ асты ойын өзгертіп, «жоқ» деген жауап айтыпты. Неге екенін түсіндіре де алмаған. Беріктің жүрегіне әлдекім біз тығып алғандай алақұйын. Алайда «жеңілуге болмайды» деп шешкен жігіт жолай дүкенге шыққан қызды сүйреп, көлікке мінгізіп алып қашады. Жолдастары да гу-гулеп, жан-жақтан қолдай кетеді.
Келін түсті. Алайда бөтен. Ешкімді танымайды. Еліктің лағындай үрпиіп, көз жасына ерік беріп жылай берді. Берік ұнайтын сияқты. Бірақ үйін, әке-шешесін, алаңсыз күндерін қимай егілді. Алты ұлдан кейін әке-шешесінің аңсап көрген еркесі бір сәтте есейіп кетті. Ағаларының мінезі адуынды еді, солардан қорықты. Бір жігіт іздеп келсе, таяқ жеп кететінін ойлаған сайын жүрегін үрей биледі. Әне, қуғыншы да келіп жетті. Арыстандай ақырып келген ағалары расында ешкімді аямады. Үйді талқандап, күйеудің басына шампан сындырып кетті. Міне, сол күннен бері аузы-басы қисайып, есінен адасып, ыржалаңдап: «Маған тиесің бе?», – деп көше кезіп жүретін мәңгілік күйеу-ессіз Берік биыл елудің бесеуіне шықты.

Гүл тере барсаң бөктерге…

Бұл – жолы болмаған, сәтсіз аяқталған алып қашудың нәтижелері. Алайда алып қашу операциясы сәтті аяқталып, шаңырағы биік, босағасы берік болып қалыптасқан отбасылар да жетерлік. Мәселен, менің әкем мен шешем!
Мектеп бітіріп жатқан анамның құрметіне туған-туыс дастарқан жайып, қонақ күтіп жатқан уақытта шешемнің мерекелік кешіне құтты болсын айтып, құда баласы келеді. Сөйтіп, салтанатты кештің сәні гүл екенін айтып, тезірек таудан қызғалдақ теруге ұсыныс жасап, бұл олқылықтың орнын толтырмақ болады. Кеш иесін көндіреді. Сөйтіп, «гүл теремін» деп келген жас қызды тау бөктерінде сауыншы болып отырған әжемнің үйіне келін етіп түсіреді. Әлі күнге бір-біріне құда бала мен құдаша болып келетін әке-шешем гүл теріп жүргендерін айтып күледі. Ал анамның мектеп бітіру туралы аттестатын әкемнің өзі жанұя құрғаннан кейін әкеп берген екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.