Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бейбіт күннің батырлары

0 737

Кез келген мемлекет ең әуелі өзінің ішкі тәртібі мен тұрғындарының қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөледі. Бұл тұрғыда қауіпсіздігіміздің қалқанына айналған полиция қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктелген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті. Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды болды. Мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Сіздер қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еттіңіздер.

Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, Қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін», – деген болатын.
Әрине, батырлық тек қан майданда өлшенбейді. Елдің тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, сол жолда өз басын қатерге тігу де ерліктің көрінісі. Мұндай мысалдар еліміздің құқық қорғау жүйесінде жетерлік. Әсіресе, жамбылдық сала мамандарының қаһармандығын жұрт әлі күнге аңыздай қылып айтады.
2011 жылдың Тараз қаласында болған қайғылы жағдай көпшіліктің әлі санасынан өше қойған жоқ. Сол қасіретті күні бейбіт тұрғындардың тыныштығын бірінші орынға қойған ІІД Жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасов лаңкес Мақсат Кариевтің ізіне түсіп, оны ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастроном жанында тоқтаған қылмыскер полицейлерге оқ жаудыра бастайды. Сол оқтың бірі Ғазиз Әбдібекұлын жаралайды. Алайда соған қарамастан, ол лаңкестің қолындағы жарылғыш затты байқап, ұмтыла түседі. Қылмыскерді жерге құлатқан сәтте оның қолындағы граната жарылады. Оқ пен отқа кеудесін тосқан жерлесімізге Президенттің Жарлығымен «Халық қаһарманы» ең жоғары атағы берілді. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген – осы.
Бұл тұста жол полициясының инспекторы Самат Алашев туралы айтпай кетуге болмайды. Ол қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған қылмыскерді құрықтау мақсатында Ғазиз Байтасовпен бірге жедел тапсырмамен аттанады. Сол тұста ауыр жарақат алып, ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Кейін оған Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ол бүгінде Тараз қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы болып еңбек етуде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция подполковнигі Нұрғали Омаровтың да көзсіз батырлығы кімге болса да үлгі. Тәуелсіздік алып, енді еңсе тіктеген 90-шы жылдары халықтың тұрмысы едәуір төмен болғаны шындық. Соның салдарынан тепсе темір үзетін жігіттер ұрлық-қарлыққа бой алдырып, ұсақ қылмыстар қоғамда жиі орын ала бастады. Сол жылдары, яғни 1998 жылы тамыз айында полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Түнгі сағат шамамен 22:00-23:00-дің аралығында №9 «Мыңбұлақ» шағынауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерлерді қорқытып, бопсалап тұрғанын байқайды. Омаров өзінің жалғыз екендігіне қарамастан, екеуіне тұра ұмтылады. Сол сәтте бұзақылардың бірі Нұрғали Омаровтың ішіне және көкірек тұсына пышақ сұғып, ауыр жарақаттайды. Соған қарамастан, полицей екі күдіктіні ұстап, ішкі істер басқармасының 1-ші кезекші бөліміне жеткізгеннен кейін есінен танып құлайды.
2004 жылдың 17 шілдесі күні, кешкілік сағат 19:00 шамасында Тараз қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Д.Бедный көшесіндегі үйдің тұрғыны қоңырау шалып, күйеуінің қолына қару алып, үйінде айқай-шу шығарып, қорқытып жатқандығын хабарлайды. Сол сәтте оқиға орнына кезекшілікте отырған жедел-тергеу тобы мен аталған аумақтың учаскелік инспекторы Жақсылық Ержанов бірінші болып жетіп, бой тасалаған «К» есімді азаматтың соңына түседі. Оны көше бойынан тоқтатқаны сол еді, күдікті қалтасынан жарылғыш зат алып, Ержановқа лақтырады. Ұзақ ойланатын сәт емес, полицей өзгелердің өмірін ойлап бірден жарылғыш затты өзінің кеудесімен жауып құлайды. Ақырында «К» есімді тұрғын құрықталып, Жақсылық Ержанов бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Расында, оның бұл ерлігі кешегі Ұлы Отан соғысында пулеметті кеудесімен жапқан бабалардың батырлығынан несі кем?! Осы қаһармандығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталған ол бүгінде құрметті зейнеттік демалысқа шыққан.
2005 жылдың ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткені туралы шағым түсіреді. Жедел қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы бұйрық беріліп, «Тараз-Алматы» тас жолын қадағалайтын полиция капитаны, ІІД жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқайды. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпке қарамастан, Талғат жалма-жан көлікке жармаса кетіп, алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді қолға түсіреді. Арада көп уақыт өтпей ол «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
2006 жылдың 30 қаңтарында «Алматы-Ташкент» тас жолының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші Мемлекет басшысының кортежін Жамбыл облысы аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке тапсырылады. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Вольво» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігін жедел бұрып, «Вольво» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті Президентінің жеке алғысын білдірсе, қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.
2014 жылдың 30 тамызы, жаңа оқу жылы қарсаңы болатын. «Ауыл-Береке» базарында оқушыларға киім алуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Бір кезде сауда нысанының дәл ортасында тұрған қара түсті «Ауди 80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Тілсіз жауды бірінші болып байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, отты сөндіруге кіріседі. Өзгелерге залалы тимесін деп ойлаған ол автокөліктің есігін ашқаны сол еді, салондағы бірнеше газ баллоны, жанармай құйған ыдыс, өзге де қауіпті заттар бірінен кейін бірі жарыла бастайды. Боранғазиев еш саспастан жанкештілікке барып, өртті уақытында сөндіреді. Қуанышқа орай, базардағы және жақын маңдағы аумақтан 4 000 кәсіпкер мен 1 500 тұтынушы қауіпсіз жерге көшіріледі. Кейіннен анықталғандай, әлдебір белгісіз топтар «Ауыл-Береке» базарының астаң-кестеңін шығарып, шаһарда дүрбелең тудыруды көздеген екен. Бірақ полицейдің қызметтік міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында танытқан батылдығының арқасында қылмыскерлердің бұл ойы жүзеге аспай қалды. Ғалымжан Боранғазиевке де ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Қазіргі таңда Ғалымжан Серкебайұлы Жамбыл облысы ПД Тараз қаласы ПБ 1-ПБ криминалдық полиция бөлімшесі тобының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда.
2016 жылдың 19 маусымында сағат 16:30-да өзіне тиесілі аумақты патрульдеп жүрген қалалық Ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Бекжан Тіленчиев атыс дауысын естіп, «Талас» ықшамауданы, №18 үйдің 1-подъезіне кіріп кеткен қылмыскердің соңына түседі. Ал көрші үйге басқа жағдай бойынша шақырту арқылы келген учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек қылмыскердің соңына түскен Тіленчиевті байқап, ол да ізінше №18 үйдің подъезіне беттейді. Сол сәтте Данияр Зәуірбек баспалдақта белгісіз тұлғаның әріптесін бірнеше жерден атып, жарақаттағанын көреді. Ол есік артын қалқан етіп, қылмыскерді екі рет атып, залалсыздандырады. Артынша жедел жәрдем шақырып, «102»-ге хабарлайды. Екеуінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде қылмыскер құрықталады. Қос полицей де «Ерлігін үшін» медалін иеленеді. Бірақ, ең өкініштісі, сол күні алған жарақатының кесірінен төсекке таңылған Бекжан Тіленчиев небәрі 32 жасында дүние салды.
Былтыр Таразда Айша бибі көшесінің бойында мектеп жанындағы ағып жатқан каналға 2 жасар бала құлап кеткен еді. «Боран-3» автоэкипажы рация бойынша кезекшіден шұғыл шақырту түскен кезде өзіне бекітілген аумақты патрульдеп жүрген. Полиция бірнеше минутта шақырту орнына келіп, ес-түссіз күйде жатқан бүлдіршінді судан шығарып алған. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенше, Тараз патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәурен Қолқаев 10 минут жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді. Нәтижесінде, бала тыныс ала бастаған.
«Бала тыныс алмаса да соңына дейін күресіп, бізге үйретілген барлық дағдыларды қолдана отырып, жүрекке массаж жасадым. Көрер жарығы бар екен, өкпеден су шығып, бүлдіршін дем ала бастады», – дейді Дәурен Қолқаев.
Сонымен қатар өткен жылы көпірден секірген әйелді құтқарып қалған полицей қызметкерлерінің ерлігі көпке үлгі. Айталық, Тараз қалалық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның көпірден секіру арқылы өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері өмірден түңілген жанды сабырға шақыруға тырысқан. Секірген сәтте полиция қызметкері оны киімінен ұстап қалмақ болады. Алайда, полицейдің қолынан суырылып шығып, суға құлап кеткен.
Осы сәтте полиция лейтенанты Әлиайдар Рысмұхамбетов ағысы қатты өзенге ізінше секіріп түседі. Сақшыға төтенше жағдайлар қызметкері мен жақын маңдағы жергілікті тұрғын көмекке келіп үлгерді. Әйел аман-есен құтқарылып, жағаға шығарылды.
Құлаған кезде кеудешесі жыртылып қалғандықтан, полиция қызметкері өз киімін кигізген. Жапа шегушінің сөзінше, мұндай жағдайға отбасындағы жанжал себеп болған.
Тағы бір мысал, 2024 жылы 25 қараша күні таңға жақын анасының жүрегі қысып, өлім мен өмір арасында жатқан жігіт полиция қызметкерлерінің арқасында шешесін құтқарып қалған. Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлағандай, әйелді аман алып қалуға қол ұшын созған қызметкердің аты – Бахтияр Рахметбаев.
«Бахтияр Рахметбаев таңғы сағат 05:40-та аумақты патрульдеу кезінде қарсы бағытта келе жатқан көліктің жарығын тоқтамастан жағып-өшіргенін байқаған. Жүргізуші көмек сұрап тұрғанын бірден түсінген ол көлікке жақындайды. Ішіндегі жігіт «Шұғыл көмек керек, жүрегі қысып барады» деп айтып үлгерген. Рахметбаев болса көлігінің сигналын қосып, жігітті тез арада ауруханаға дейін алып барған», – деп мәлімдеді облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, рульдегі жігіт Тараз маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады. Сол түні анасының жүрек талмасы ұстап, қысылып кеткен. Жедел жәрдем келгенше күте алмайтынын түсінген ол анасын өз көлігіне салып алып, тез арада Таразға қарай бет алған. Қаланың ішін танымайтын жігіт аурухананың қайда екенін білмей қиналған. Полиция патрулінің көлігін көргенде ол бірден көмек сұрап, соның арқасында дәрігерлер анасына ота жасап үлгерген.
Мұндай ерен ерліктің көріністері тек полиция ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арасында да баршылық. Мәселен, біз жоғарыда сөз еткен 2011 жылдың қаралы 12 қарашасының жүрекке салған жарасы әлі күнге жазылған жоқ. Қарулы лаңкес ойран салған осы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға лейтенанттары Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко өз бастарын қатерге тігіп, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты.
Ел үшін туған ерлер діни экстремистермен байланысы бар деген күдікке ілінген азаматқа сыртқы бақылау жүргізеді. Соны сезіп қалған лаңкес жедел іздестіру басқармасы қызметкерлеріне шабуыл жасап, ажал құштырған еді. Есіл ерлердің құрметіне 2021 жылы ескерткіш бой көтерген болатын. Өкініштісі, өткен жылдың басында орын алған Қасіретті қаңтар оқиғасында тастұғыр саланың тағы бір сайыпқыран сардарының есімімен толықты. Сол бір қаралы күндері бүлікшілермен қақтығыс кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Дастан Әділбай оққа ұшып, мерт болды. Батырлардың есім-сойы бүгінде шаһардағы ҰҚК мекемесінің іргесіндегі саябақта орналасқан монументке қашалып жазылған.
Осы ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болғандардың бірі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, тастұғыр небәрі бір-ақ аптаның ішінде әзірленген екен.
– Сол жылы «Жеңіс» саябағының ішінен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті бой көтерді. «Әрине, Ғазиз Әбдібекұлының жөні бөлек. Дегенмен, сол қанды оқиғада қаза тапқан өзге де азаматтар бар ғой. Солардың да ерлігін неге ұлықтамасқа?» деген ой келді сол сәтте. Ол кезде мен Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүргенмін. Жоғарыдағы ойымды облыс басшыларына айтып едім, олар бірден қолдап, жұмыс басталып кетті. Тез арада орнын таңдап, нобайын сызып, бар болғаны бір жетіде ескерткіш орнатылды. Осы орайда бұл ел аумағы бойынша қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне арналған алғашқы ескерткіштердің бірі екенін айта кеткен жөн. Әрине, туған жердегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін қиған сала қызметкерлері елі мен халқына шынайы берілген, шексіз адалдықтың үлгісі болып қала бермек. Өскелең жас ұрпақ осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Бүгінгі әлемдік саяси ахуал күрделенген жағдайда елдің тұрақтылығы мен шекараның беріктігін сақтау зор жауапкершілікті талап етеді. Осы үдеден шығып жүрген сала мамандарының еңбегі ерен. Жалпы тәуелсіздік жылдары 700-ден астам құқық қорғау қызметкері жұмыс барысында көз жұмса, соның 30-дан астамы Ұлттық қауіпсіздік органдарының маманы екен. Осының өзі-ақ олардың жұмысы қаншалықты қауіп-қатерге толы екендігін айғақтайды.
Бұлар ерен ерлігімен көзге түскен бейбіт күннің батырларының бір парасы ғана. Өкінішке қарай олардың бұл мінсіз қызметі кейде орны толмас өкінішке де соқтырып жатады. Қалай десек те, қырағылықты қалқан, сергектікті серік еткен құқық қорғаушылардың қатарының сиремеуі – басты олжа. Бейбіт күннің батырларының жанкешті оқиғалары – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ал олардың осы ерліктерін құрметтеп, жастарға насихаттау – ортақ міндетіміз.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.