Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Төл тарихымызды түгендеген Дулати

0 748

Кезінде Әлкей Марғұланның Мұхаммед Хайдар Дулатиды «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деп бағалап, арнайы мақала жазуы бекер болмаса керек. Тау тұлға туралы сөз қозғағанда ойымызға автордың «Тарих-и Рашиди» деген тарихи-әдеби шығармасы мен «Жаһаннаме» поэмасы оралады.

Зерттеуші Б.Иманбекова қазақ жеріндегі педагогикалық ойлардың тарихын жіктегенде, М.Х.Дулатиды хандық дәуірге жатқызады. Себебі, ол – қазақ хандығының құрылуын көзімен көріп, соны кітапқа анық етіп жазған ең бірінші адам. Керей мен Жәнібек бастаған халықтың Шу-Қозыбасы жерінде мәслихат еткенін де суреттеп берген. Бұл «Тарихи-и Рашидидің» құндылығын асқақтата түседі. Ал «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен қазақ тіліне аударған әдебиеттанушы, тілші-ғалым Ислам Жеменей: «Орталық Азияның XVI ғасырдағы атақты тарихшысы, әдебиет майталманы және мемлекет қайраткері Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551) өмірі мен шығармашылығын зерттеу мен зерделеу-әдебиеттану, тарих, философия, дінтану, лингвистика ғылымдары алдындағы үлкен міндет», – деген еді.
Жалпы, IX-XIII ғасырларда Таяу және Орта Шығыс жерлеріндегі педагогикалық ой қалыптасу кезеңі шығыстану ғылымында Шығыс Ренессанс дәуірі саналады. Ерте заманның билеушілері мен хандарын, тарихта аты қалған ұлы тұлғалардың жан-жақты білімді, қолы қарулы, жүрегі кең, ақыл-парасаты кемел болып келетінін байқаймыз.
Біздің көбінде тарихта аты қалған тұлғаларды бір қырынан тануға бейім екеніміз жасырын емес. Олардың бір басына көп өнер тоғысып, музыкаға әуес, сөз өнерін жетік меңгерген шешен екенін толық тани бермейміз. Алайда олар осы салада өз еңбектерін жазып кетуді ұйғарған. Сондай жан-жақты әрі ақын, әрі қолбасшы, әрі қоғам қайраткері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі күрес пен тартыста өткен еді. Жастайынан білімді Мырза Хайдар атақты Бабырдың тәрбиесін алған. Басынан өткен небір оқиғадан соң ол сол кездегі Моғолстан хандары туралы еңбек жазуды ұйғарады. «Тарих-и Рашидиде» 1346-1546 жылдардағы тарихи деректер қана емес, кейіпкерлердің психологиялық күйі, ислам дінін дәріптеу секілді өзге де тақырыптар қамтылған. М.Х.Дулати аталмыш еңбекті жазу үшін өзінің алдындағы құнды еңбектерді пайдаланған. Мәселен, Ұлықбектің «Ұлыс арба», Жовейнидің «Тарих-е Жаһангошай», Шарафеддин Әли Иәздидің «Зафарнаме», Мостуфидің «Тарих-е Гозиде», Фәзлолланың «Жәми-ат тауарих», «Жам-е Гити Нәмай» деген шығармаларға сүйенді. Бұл еңбектерге тарихи деректерге сілтеме жасау, не содан үзінді келтіріп отырған. Олардың еңбектері қазірдің өзінде өткір педагогикалық проблемаларды көрсетті.
Шығыс энциклопедияшыларының педагогикалық көзқарастары өзіне тән ерекшелігі тұлғаның әр алуан дамуына ерекше назар аудару болды. Яғни, өзіне дейінгі еңбектерді толықтырған тарихи-әдеби шығарма етіп жазылған.
М.Х.Дулати – атақты дулат тайпасының өкілі, қолдарында билік болған, ханның күйеу баласы деген атағы бар текті ортадан шыққан. Ол ислам дінін берік ұстанған жан. Сондықтан оның еңбектерінде мінажат деген арнайы бөлім бар. Алланы мадақтап, өзінің мүсәпірлік күйін түсіне білген құлдардан еді. Ислам педагогикасының кәусар бұлағынан нәр алған тарихшы-қаламгер ел басқарушының қандай болуы керек деген сауалға 10 түйінді тұжырым жасайды, сақ болуға тиіс 7 күнәні айтады, тарихи тұлғалардың қасиеттері туралы жазады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың тамаша білім алып, мемлекеттік салада айтарлықтай жетістіктерге жетуіне бір жағынан беделді отбасынан шығып, білімнің қолжетімді болуы да өз септігін тигізді. Мырза Хайдардың әкесі туралы да аңыздар бар. Ол туралы зерттеуші Ө.Күмісбаев өзінің «Шығыс шайырлары» атты еңбегінде: «Айталық, әкесі Мұхаммед Хусейін Гурган айтулы әскери қолбасшы ғана емес, өз заманының ірі тарихшыларымен, философтарымен, жазушыларымен араласып тұрған зерделі, өркениетке қол созған білімді кісілердің бірі саналатын», – дейді. Екінші жағынан, ойшылдың тағдырында өз заманының білімді адамдарымен тығыз жеке қарым-қатынасы және кейінгі орта ғасырларға тән ерекше философиялық ізденісі үлкен рөл атқарды.
Дулати дүниетанымы мен адамгершілік ұстанымдарының қалыптасуында рухани тәлімгер, әкесінің өзіне тауып берген алғашқы ұстазы үлкен рөл атқарды. Ол Хафиз Мирим деген ақылды, тақуа адам екен. Ғалым ұстазы туралы: «Расында, ол тақуа, Құранды жатқа оқитын, қарапайым, түрлі қасиеттерді бойына сіңірген кісі еді. Құранды назды әуенмен оқитын, арабша жазуды білетін. Әкем оны ерекше бағалаған. Маған да Құран мен каллиграфияны үйретті», – деп жазады.
Сонымен бірге М.Х.Дулатидың сопылықтың гуманистік мұраттары, ортағасырлық философтардың космополиттік идеялары негізінде қалыптасқан дүниетанымдық концепциясы оның педагогикалық көзқарастарының негізі болды. Оның педагогикалық ілімдер тарихында әлі өз орнын ала қоймағанымен, ойшылдың шығармашылығы айтарлықтай көп қырлы және көп мағыналы екені даусыз. Ғалым өз еңбектерінде, әлем мәселелеріне қатысты қызықты философиялық аспектілерді қозғайды. Сондай-ақ сенім мен парасаттың арақатынасы, отбасы тәрбиесі, оқыту мен тәрбиелеудің маңыздылығы, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас туралы тамаша педагогикалық ойлар айтады.
Ғұлама өзінің атақты «Тарих-и Рашиди» тарихи трактатында рухани тәлімгер ретінде адам мәселесін, оның ғаламдағы, қоғамдағы орнын, өзін-өзі жетілдіру мәселелерін, ақиқатқа апарар жолды, тәрбие мәселелерін қозғап, адам баласына деген көзқарасын негіздейді. Ерте орта ғасырлардағы көптеген шығыс ғалымдарының ғылыми еңбектері секілді Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың бұл еңбегі де оқу-тәрбие құралы ретінде қызмет етті. Өзбек ғалымы Х.Х.Тілешев: «…Шығыс ғалымдарының кез келген ғылыми трактатында ғылыми ой-пікірлермен қатар педагогикалық ой-пікірлер, адамгершілік нұсқаулар, білімді тәжірибеде қалай қолдану керектігі туралы кеңестер бар. Психологиялық-педагогикалық пайымдаулар ғылыми мазмұнды құруда да, беру тәсілінде де көрініс тапты. Шығыстың ғылыми ой-пікірінің дамуының бұл сипатты белгісі «Тарих-и Рашиди» тарихи кітабына да тән», – деген екен.
Біз «Тарих-и Рашидиді» оқып отырып, ислам дінінің құндылықтарын терең түсінеміз. Исламның Азия елдеріне келуі мен таралуы жайында дінге шақырушының өз аузынан шынайы оқиғалар мен келелі кеңестерді оқимыз. Ислам діні-ізгілік пен мейірімге толы, адамзат пен жаратылыстың қадірін ұқтыратын, мына дүниедегі адамның ең басты миссиясын көрсететін жол.
Гуманистік педагогиканың негізі ислам дінінен тарағаны анық. Мырза Хайдардың алдындағы ойшылдар да асыл ойларының бастауын ислам дінінен алғаны мәлім. Мәселен, бұл қатарға әл-Фарабидің «Үлгілі оқыту туралы білім, жастардың ақыл-ойы мен ақыл-парасаты туралы трактат» және Насреддин әт-Тусидің «Шәкірттердің білімі туралы» еңбектерін жатқызуға болады. Мұның ішінде шығыс елдеріндегі педагогикалық ілімнің қалыптасуы Насреддин ат-Тусидің есімімен тығыз байланысты. Оның «Оқушыларға сабақ беру», «Даналық кітабы», «Оқушының оқу жолындағы нұсқауы» еңбектері оқыту, білім беру мен тәрбиені ұштастырған педагогикадағы құнды трактаттар. Дәл қазіргі уақытта жастарды ерте заман ойшылдарының мұраларымен тәрбиелеудің бірнеше себебін айтуға болады.
Бүгінде жаһандану мемлекет пен мемлекет, діл мен ділдің арасындағы шекараны ашып тастады. Батысқа еліктеген жастарымыз көп. Білім беру жүйесінде батыстың озық технологиясын қолдануымыз, оны оқытуға енгізуіміз керек-ақ. Алайда жастар өз діңгегінен ажырамас үшін өз ділімізден нәр алуы керек. Осы ретте Шығыстың әлем мойындаған ойшылдары мағыналы, өте терең еңбектер қалдырды. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» – жас ұрпақты отансүйгіштікке, әділдікке, шыншылдыққа, мейірімділікке баулитын теңдессіз шығарма.
Тарихшының осы еңбегін зерделей келе, оның Моғолстан хандарының сыр-сымбатын, мінезін, қарым-қабілетін, ерекше қасиетін сипаттап жазғанын аңғаруға болады. Қазақ тарихында көпшілікке танылмаған ұлы тұлғалар өткен. Олардың әрбір ісінен даналық пен парасатты көруге болады. Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидидің» бірінші бөлімінде Моғолстан хандары туралы жазылған. Сонымен бірге Керей мен Жәнібек сұлтандардың нендей жағдайдың ортасында жүріп, бөлініп кеткенін анық білуге болады. Осы бөлімде біз біле бермейтін сұлтандар мен қолбасшылар, хандар сипатталған.
Біздің танымымызда патша – мінезі ауыр, қатты, суық тұлға ретінде көретініміз жасырын емес. Ал ғалымның еңбектерін оқып отырып, ел басқарған хандардың мейірімділігіне қайран қаламыз. Мәселен, Дулатидың «Тарих-и Рашиди» тарихи-әдеби шығармасында ел басқарған тұлғалар туралы: «Патша (Сахибқыран) мейірлене барлығына сый-сияпат көрсетті», «Сұлтан Саид хан қадірлі, бақытты және қуатты патша еді. …Егер біреуге тіл қататын болса, тілдесер алдында жымиып алатын, әрқашан көңілді, ашық-жарқын, қайырымды да кең пейілді болатын», «Мен Мансұр ханға келген кезімде ол әртүрлі мейірімділікпен құрмет көрсетіп, ізгілік танытты… Мансұр хан жасы үлкен ағасы болса да орнынан тұрып, алға жүріп, ханды құшағына алды», «Егер біріміз жақсы іс жасасақ, екіншіміз солай істелінуге тиіс деп қарап, бір-бірімізге міндетсінбей жасайтын едік. Егер біріміз қателесіп, артық қылып көрсетсек, екіншіміз сұрамады деп өкпелемейтінбіз», «Ол (Саид хан) мейірімді қолын созып, құшағын жайып қарсы алды. Мен де қызметтік салтқа орай құрмет көрсетіп, алдына барып, бақыт құшағына ендім. Хан біршама уақыт бойы мені өз құшағында қысып тұрды. Оның мейірім мен шапағатының дүр тамшылары иығым мен мойныма тамшылап жатты» деп жазған жолдар жиі кездеседі.
Әрине, мейірімділік жауыздық пен әділетсіздіктің алдын алады. Халқы жойылып, елі ыдырап кеткен мемлекеттің түбіне тойымсыз патшалар жеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати аты аталған хандардың кейбірін көзімен көрген, үзеңгілес болған. Олардың қадір-қасиетін көріп, сыйластықта болған. Кітаптан алынған үзінділерден хандардың қарапайымдылығын да көреміз. Мырза Хайдардың: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар, сен одан да адамның жан дүниесін меңгер, оларда қанша әлем бар екенін көресің» деген терең қанатты сөзі бар. Адам алдымен өзін таныса, айналасындағыларды да дұрыс түсінуге тырысады. Өзінің қабілетін танып, күші мен уақытын қай бағытқа бұру керек екенін ұқса, оның дамуы дұрыс бағытта жүреді.
Жаугершілік заманда қолбасшылардың батырлығы аңызға айналып, ержүректігі ел аузында қалған. Ол уақыттағы ер жігіттердің соғыс қимылдарын жетік меңгерген, күшті болуы шарт еді. Мұхаммед Хайдар Дулати өзі де жасаған жорықтары сәтті аяқталған мықты қолбасшылардың бірі болған. «Тарих-и Рашиди» қиян-кескі жорықтарды суреттеген еңбек болғандықтан, жаумен алысқан батырларды да тілге тиек етіп: «…Думаса бар еді, ол кек теңізінде адамдарды жұтып жіберетін жайындай, ал ұрыс орманында пілге шабатын арыстан іспетті. Әмір Қамараддин ер жүрек болған әрі оның етігінің қонышына жеті жасар бала сыйып кетеді екен» деп жазыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай, мықты қолбасшы болған Мырза Хайдардың ғазауат соғыстарына қатысқанын білеміз. Сол кездегі хандардың ислам дінін қабылдап, оны қатты ұстанғанын да көруге болады: «Сұлтан Ахмет хан өте діндар, мұсылман пейілді, шариғатшыл кісі болған, Уәйіс хан тұқымдарының ішінде шын пейілді мұсылман, отаншыл, іскер және ержүрек адам еді… Ол көбіне жеңіліске ұшырап отырса да, жиһад (ғазауат) соғысынан бас тартқан емес», – деп жазыпты құнды еңбегінде ол.
Бұл өз кезегінде билік басындағы тұлғалардың жан-жақтылығын көрсетеді. Дін жолында өздерін де құрбандыққа шалып, Алланың мейірімінен үміт еткен. Мырза Хайдардың тарихи шығармасында сұлтан Саид ханның тұлғалық қасиеттері жақсы ашылған. Оны автордың осы ханмен тығыз қарым-қатынаста болуымен байланыстыруға болады. Саид ханның өмірі мен тарихи маңызы бар шешімдерімен қоса, оның әділдігі, мейірімділігі, қайырымдылығы да айтылады. «Мансұр ханның бұрынғы істеген қастандықтарының есесін жақсылық пен мейірімділікпен қайтарды» деген хабарда туған бауыры Мансұрды қабылдағаны жайлы айтылады.
Қарапайым адам ретінде де, хан ретінде де әділ шешім қабылдап отырған. Осы Саид ханға қатысты әңгімелердің тәрбиелік мақсаты зор. Жастар бұл әңгімелерден елін, жерін сүюді, имандылықты, болашақ үшін қазірден бастап тер төгуді, білім алуды, өнер үйренуді ұғынады. Саид ханның тұлғалық қырын ашатын «Тарих-и Рашидидің» 1-кітабының 68-тарауында «Сұлтан Саид ханның мақтан етерлік қасиеті және ерекше мінезі жайында әңгіме» деген ғибратқа толы шығармасы бар. Кітаптың басқа да тарауларында ханның образын толық ашатын элементтер көп-ақ.
Сонымен бірге Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі – тек қана тарихи шығарма емес, тәрбиелік мәні зор тағылымды туынды. Кітаптың атауының өзі «Хақ жолындағылар тарихы» деп аталады. Мырза Хайдардың шығармашылығындағы адам мәселесін зерттеген Б.Қалыбекова: «…Нұрлы ақыл, иман, адами қасиет, адамның ішкі жан дүниесі, жомарттық, қайырымдылық, ұят пердесі, тәуба, парыз, шындық, әділеттілік, абырой, адалдық пен арамдық, адамгершілік, ақкөңілділік, мінез-құлық, әдет, әдеп, залым, зорлық, кек, кеңпейілдік, кішіпейілділік, кісі күту, кісілік, қайырымдылық, махаббат, мейірім, намыс, опасыз, өнеге, өтірік, даналық, данышпан, рақымшылдық, тәртіп, шыдамдылық, ізгілік, ілтипат», – деген философиялық ұғымдар жүйесін жинақтаған екен. Бұл жерде автордың түркілік моральдік категориялар жүйесі қалыптасқан. Қазіргі білім беру жүйесінде «толық адам» тәрбиелеп шығу үшін педагогтердің осы ұғымдардың тереңдігін ұқтыруға түрлі әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолданып жүргені белгілі.
Сонымен қатар Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбектері білім беру мен тәрбиелеу үшін қолданылуы тиіс құнды мұраларға жатады. Оның тарихи мұрасының педагогикалық әлеуетін зерттеу жұмысы әлі де болса арнайы оқу-әдістемелік әдебиеттермен толықтырылған тереңірек және кеңейтілген зерттеуді қажет етеді. Бүгін де ғалымның мұрасы қазіргі педагогиканың өзекті мәселелерін шешуде, оның ішінде азаматтық-патриоттық мұраттарды тәрбиелеуде, эстетикалық талғамды дамытуда, конфессиялық құндылықтарды жаңғыртуда, жастардың әлеуметтік апатиясын жеңуде және т.б. әлеуметтік мәселелерде кең қолданыс тауып отыр.
Қорыта келе, бүгінгі педагогика ғылымында қолданыс тауып отырған негізді теориялардың үлкен үлесі де М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабына тиесілі. Жалпы Дулати – кесек тұлға, ашылмаған қырлары әлі көп. Біз болашақта тарихшының құнды еңбектерін басқа қырынан танып, зерттейтін жас «дулатитанушылар» шығады деп сенеміз.

Бағлан ОРЫНБАСАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану жəне өңір тарихы»
ғылыми зерттеу орталығының
ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.