Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейбіт күннің батырлары

0 487

Адам өмірін құтқару – жауапты міндеті. Қиын жағдайға тап болған жанға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан өзгенің өмірін сақтау үшін өз жандарын қиюға даяр азаматтар қандай құрметке де лайық. Бұл тұрғыда құтқарушылардың алар орны ерекше.

Адам жанын ажалдан аман алып қалуға күш салып жүрген құтқарушылардың қызметі қашанда қауіпке толы. Осы орайда облыстағы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағының жұмысымен танысып қайтқан едік.
Өзімді сала қызметкері ретінде сезініп, сүңгуірлерге арналған киімді киіп, арқама 35 келі тартатын «Фабер» оттегі бар баллонды асынғанда бұл жұмыстың шынымен ауыр екеніне көзім жете түсті. Іздестіру және құтқару жұмыстарына қолданылатын арнайы жабдықтарды, аппараттар мен құрылғыларды, суға батып бара жатқан адамды құтқарудың тәжірибесін және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көзбен көріп, көңілге түйдім. Мұның да өз қиындығы жетерлік. Әсіресе қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып басу оңай емес. Ал ең жеңіл және тиімді тәсіл – «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» тәсілдерімен ауа үрлеу екен. Сондай-ақ суға батқан адамның бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, мүмкіндігінше шалқайту қажет. Бас бармақпен және сұқ саусақпен мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу да аса маңызды. Бұдан бөлек жүрек соғысын жиі қадағалап отыру шарт.
Әлбетте, құтқару қызметінде әлсіздерге орын жоқ. Бұл үшін ептілікпен қатар батылдық та ауадай қажет. Бірақ бұл мамандықты арнайы оқытатын бірде-бір білім ошағы жоқ. Десе де ниет білдірген азаматтарға қойылатын талап та аса ауыр емес көрінеді. Мәселен, құтқарушылардың сапына енемін десеңіз, кәмелет жасына толған, медициналық, психологиялық сараптамалары ойдағыдай және бұған дейін сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз жеткілікті. Бұл жұмысқа орналасамын деушілерге 3 ай сынақ мерзімі беріледі. Осы уақыт аралығында суға түсудің, қауіпті аймақтардан адамдарды алып шығудың, алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің ережелерімен толықтай танысып, дәріс алады. Сала қызметкерлері оқу орындарында жиындар, интерактивті сабақтар да өткізеді. Бұл жұмысқа волонтерлар да белсене атсалысуда.
Жалпы біздің бұл сапардан түйгеніміз аз болмады. Құтқарушылар қызметі қашанда қауіп пен қатерге толы. Олардың тағы бір ерекшелігі – белгіленген аумақтан тыс жерде де адам өміріне араша түсуге даярлығы. Бұған дәлел көп. Солар көрсеткен медициналық көмектің арқасында аман қалғандар баршылық.
Мұның бәрі құтқарушының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулықтарына қауіп төндіре отырып жұмыс атқаратын олардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың қауырт, ауыр жұмыстары құтқарылған адамдардың алғысымен бағаланады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.