Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баянды болашаққа жасалған игі қадам

0 1  867

Тұтас ұлтқа ортақ түйткілді талқыға салатын құрылтай өткізу – бабалар дәстүрімен өз жалғасын тауып келе жатқан үрдіс. Бұл әріде Алтын Ордадан бастау алса, беріде Алаш зиялыларымен жалғасты. Әлбетте ұлт зиялылары елдің болашағы жолында қызмет етті.

Сол үрдіс бүгінде қайта жаңғырып жатса, бабалар салған даңғыл жол қайта оралды деп түсінгеніміз дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», – деген сөзі – соның дәлелі.
Бүгінгі таңда ұрпақтар арасындағы рухани, мәдени-саяси сабақтастық өз жалғасын тауып жатса, бұл қазақ халқының ұлттық болмысын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдаудың жолы деп санағанымыз абзал. Ұлттық саяси ұйымның өзі отандық тарихымызда жан-жақты терең зерттелмей кележатқаны да белгілі. Ендеше, өткен мен бүгіннің саяси ұйымының қалыптасуы мен дамуына қатысты ой айтқанда өзгеріп жатқан әлемнің құбылмалы тетігіне біз өзімізде жылдам бейімдей білуіміз керек.
ХХ ғасырда «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалар бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай тұр. Қоғамның даму дәрежесі мен тұрмыс салтын жаңғыртуда да либералдық қағидалармен астасып отырды. Сол заманда қазақ қоғамына өзгеріс әкелу арқылы осы заманның шындығына бейімдеу міндеті тұрған болатын. Ұлт зиялыларының ұлттық бағдарламасы сол өлкеде тұратын барша ұлттың бірігуіне жағдай туғызды. Олар елді өркендетудің демократиялық баламасын ұсынды, өкінішке қарай ол авторитарлық үрдістер салдарынан жүзеге аспай қалды. Ұлт жолында аянбай қызмет еткен арыстарымыздың тағдыры қасіретті болса да, солар кешкен ғұмыр бүгінгі ұрпақтың санасында тар жол тайғақ кешудегі алған өмірлік сабағы санадан өшкен жоқ.
Тарих бедерінде құрылтайда жиналған алқалы жиындарда сол заманның талап мүдделеріне өздерін дайындап, жаңа бағытта жаңғырту көзделген. Бүгінгі қазақ зиялылары құрылтайда басқосып жаңа идеялардың төңірегінде ой өрбіткені – болашақ елдің жолында жасалып жатқан игі қадам. Елдік мүдденің еңсесі ішкі ауызбіршілікке негізделіп құрылады. Мемлекетіміздің ішкі қуаты мықты толысқанда ғана қандай қиыншылықты болсын еңсеретіні анық. Осы ішкі қуат білімділікпен, іскерлікпен, жасампаздыққа негізделу керек.
Тарихта либералдық ұлтшылдық халықтың өзін-өзі билеу мен адам құқын құрметтей білуге негізделген болатын. Бұл – тәуелсіздігімізді ішкі-сыртқы қауіптен бекем қорғалуының бірден бір кепілі. Тәуелсіз қоғамды ұлтаралық алауыздықтан, өзара өштестік, парақорлық пен жемқорлықтан ада етіп, осындай кесір мен кесепатқа ұрындырмай, уақтылы демократия мен жасампаз бәсекелестікке қолжеткізу арқылы орнайтын әлеуметтік әділет пен қоғамдық келісім керек. Әрбір қазақ азаматы ұлтымыздың өсіп, өркендеуіне барынша атсалысып, өз үлесін қосып отыруы қажет. Ұлтты ұлы мұраттар дегеніне жеткізген. Ендеше, қандай жақсылық күтсек те, тек болашақтан күтейік.

Дина Көлбаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, доцент

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.