Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түбегейлі өзгерістердің кезеңі келді

0 1  684

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі идеясы – еліміздің қазіргі сын-қатерлерге толы кезеңдегі қиындықтарын еңсеріп, қоғамымыздағы өзекті мәселелерге қатысты түбегейлі, кешенді жаңғырудың жолдарын анықтау.

Қаңтар оқиғасының сабағы халқымыздың жадында естен кетпейтін із қалдырғаны белгілі, енді оның салдарларымен ғана емес, сонымен қатар тарихи деректің тереңде жатқан себептерін айқындауымыз қажет екені құнды құжатта баса айтылды. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әрі қарай қоғамды пәрменді демократияландыру үдерістері арқылы айшықтала, дами түсетіні байыпталды. Елімізде тұрақты түрде жұмыс атқаратын Ұлттық Құрылтайды құру идеясы да Жолдаудың жаңашылдық қыры болып келеді. Азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыруға және оны өркениетті сипатта өрбітуге сайлауды әділ жолмен өткізу үлкен ықпалын тигізеді.
Жалпы, сайлау мәселесіндегі кемшіліктер Президент тарапынан ашық айтылып, біршама сыни тұжырымдар келтірілді. Енді сайлауға қатысуды белсендендіру, жалпы, осы саладағы демократиялық келбетті орнықтыру үшін мажоритарлық сипаттағы сайлаудың үлес салмағын 30 пайызға жеткізу көзделмек. Демек, депутаттар корпусы бірте-бірте өзінің мағыналық сипаты бойынша биліктің нағыз демократиялық күшіне айналуы тиіс.
Жаңадан ашылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының өзі әкімшілік-аймақтық деңгейдегі үлкен жұмыстардың тиімділігін арттырып, өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешіп отыруға оңды ықпалын тигізетіні анық.
Сыртқы және ішкі саяси-әлеуметтік үдерістер әзірге елімізде үйлесімді ахуалды қалыптастыруға кейбір өзіндік кедергілерін келтіруде. Сондықтан реформаларды толықтай жүзеге асыру үшін әрбір Қазақстан азаматының үлкен жауапкершілігін арттыру қажет. Отандастарымыздың еңбекқорлығы пен әлеуметтік әділеттілікке бейімділігі қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің іргетасы болатынына сенімдіміз.

Сәрсенкүл Жұманова,
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылым секторының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.