Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» жобасының жанданғанына биыл төртінші жыл. Осы уақыт аралығында бағдарлама бағдарын, нақты жұмыстар жүйесін тапты. Соның ішінде мәдениет, ғылым-білім, археология саласы мен туған жерді түлетуге бағытталған бастамалар аз емес.
Ұлана СЛАМБЕКОВА, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы
Бүгінде Тараз қаласында бағдарламаның әр бағыты жоспарға сай жүзеге асуда. Мәселен, биыл жоба аясында 105 іс-шара ұйымдастыру көзделсе, оның қазір 81-і орындалып отыр.
Негізгі басымдық «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық позициялау» және «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы» бағыттарына берілуде. Соның ішінде «Құқықтық мәдениет» жобасы бойынша көпбалалы және жалғызбасты аналарға құқықтық-әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бағыты бөлек «Сәнді қоржындар – қоршаған ортаны қорғау», «Дарынды жас», «Тұлға time», «Ұлы даланың дара тұлғалары», «Ана келбеті» мен «Менің идеалым» жобалары бойынша да ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Енді қыркүйек айында тоғызқұмалақтан өтетін «Алтын асық» қалалық турнирі мен «Аула ойындары» фестиваліне қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдіретін жастар көп болады деген сенімдеміз. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету төл өнерімізді қайта түлетумен тең. Технология дамыған заманда ұлттық ойындарға арналған турнирлер апта сайын өтсе де артық етпейді деп ойлаймын.
Қала тұрғындары «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Құқықтық мәдениет», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» пен «Сананың ашықтығы» бағытында да ұйымдастырылған шараларға белсенді қатысуда. Осы ретте «Ұлт болашағы – аналардың қолында» атты шеберлік сағатының ерекшелігін атап өткен жөн. Қазіргі қоғамда ер мен әйелдің құқығы өзекті мәселелердің қатарында екенін ескерсек, көпбалалы әйелдердің бойындағы қорқыныш пен күмәнді сейілтуге барынша қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Шеберлік сағатында спикерлер нәзікжандыларды мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қолдауға барынша ықпал етуде. Аналардың ертеңге деген сенімін арттырып, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мәселесі де қарастырылған. Сол секілді маусым айында қала әкімдігі мен «Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мемлекет тарапынан грант алған және өз кәсібін бастаған көпбалалы аналарды қолдау мақсатында тағы бір ауқымды іс-шара өткізді. Ал «FoodFest» фестивалі әр ұлттың ұлттық тағамдарын және дәстүрлерін насихаттап, жастар арасында сұранысқа ие мамандыққа тұрғындардың қызығушылығын арттыруға жол ашты десек артық айтқанымыз емес.
Сонымен қатар мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тарапынан жергілікті «Jambyl» телеарнасымен келісімшарт жасалып, «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы аясында «Ұлағат» айдары ашылды. Алғашқы түсірілім мамыр айының соңғы аптасында «Jambyl» телеарнасынан көрсетілді.
«Туған жер» бағдарламасы аясында берекелі бастамаларға демеушілер мен меценаттарды тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Олардың көмегімен бүгінде «Анаға тағзым» орталығы мен Оқушылар сарайының құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 7 айында демеушілердің қолдауымен аз қамтылған және көпбалалы 3 000 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды.
«Асарлатып үй салу» жобасы да дәстүрлі түрде жалғасуда. 2020-2021 жылдары демеушілердің есебінен 15 үйдің құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.
Міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың легі – осы. Десек те, алда ауқымды бастамалар мен межелі міндеттер де жетерлік. Бағдарлама бойынша жоспарға енген шаралардың барлығы жыл соңына дейін орындалады. Бұған қала тұрғындары да барынша қолдау көрсетеді деп сенеміз.