Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Баяғы жартас – сол жартас»

0 233

Биыл Премьер-лигада сәтті өнер көрсеткен қостанайлық «Тобыл» командасы «Астана» мен «Қайратты» ығыстырып, чемпион атанды. «Тобыл» ел чемпионатын соңғы рет осыдан 11 жыл бұрын жеңген еді. Десек те, әр жылдары елдің үздік клубтарына тегеурінді қарсылас атанып келді. Ал соңғы жылдары «Тараз» футбол клубының жолы болмай-ақ қойды. Жыл басында жанкүйерлер мен спорт сарапшылары «тараздықтардан» үлкен үміт күткен, бірақ…

Маусым басында команданың құрамымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «тараздықтарға» табыс тілеген. Сол кездесуде «Тараз» клубының басшылығы әр ойында жауынгерлік мінез танытып, әрбір ұпай үшін барын салатынын айтқан-ды. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас» болып, клуб өзінің үйреншікті 10-орнынан әрі аса алмады. «Тараз» Премьер-лигада былтыр сегізінші орынға тұрақтаса, 2019 жылы оныншы, 2018 жылы тіпті бірінші лигаға түсіп қалды. Соған қарағанда, футболда жауынгерлік мінезден бұрын ойыншылардың шеберлігіне иек артқан дұрыс сияқты. Тараздық клубтың жыл басында ойластырған стратегиялық жоспары, жастарға иек артқаны қуантқан еді. Оның үстіне құрамадағы Бауыржан Байтана секілді ойыншылар тамаша ойын өрнегімен көпті тәнті етті. Жастар жағы да ысылып, ширай түсті. «Тараз» «жас ойыншылардың шеберханасы» деген атқа биыл да лайық болды. Клубтың бас бапкері армениялық Вардан Минасян команда капитаны Бауыржан Байтананың тынысын ашып, Мұхамеджан Сейсен, Дінмұхамед Қараман, Жалғас Жақсылықов, Абылайхан Жұмабек сынды ойыншыларға мүмкіндік берді. Маусым басында «тараздықтар» төрт ойында жеңіске жетіп, сырт алаңда «Қайратпен» тең түскен болатын. Бірақ ол басымдығын соңғы ойындарға дейін сақтап қалуға қауқары жетпеді. Оған ең бірінші себеп – клубтың қаржылық қиындықтарға тап болуы еді. Оның үстіне «Тараз» сапындағы тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүрген португалиялық Педро Эужению «Астана» клубына ауысты. Мұнымен қоса Вардан Минасян да маусымның соңында бас бапкерліктен кетті. Дегенмен білікті бапкерге «тараздық» ойыншылар алғысын білдіріп жатты. Әзірге «Тараздың» бас жаттықтырушысының міндетін атқарушы қызметіне Сергей Тагиев келді.
Хош, жас ойыншылардың биылғы ойыннан қандай сабақ алғанын келер маусымда көрерміз. Бастысы, келер жылы кадрлық өзгерістерден кейін құраманың бас бапкерлігіне команданы жасақтап, алға сүйрейтін білікті бапкер келсе дейміз. Сонда Премьер-лиганы көрген жастарға тағы бір мүмкіндік беріліп қалар…

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.