Қалалық қоғамдық-саяси газет

Батырлар ерлігін еске алған аламан

0 300

Осыдан 10 жыл бұрын Тараздағы терактіде ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің батырларының есімі ел есінде. Қарашадағы сол бір қанды оқиғада Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов, полиция сержанты Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсеитов және ҰҚК-нің қызметкерлері Мұхтар Халиев пен Сергей Косьяненко өзгелердің қауіпсіздігі үшін өз өмірін өлімге қиды. «Динамо» спорт кешенінде облыстық полиция басқармасының бастамасымен рухы өр ұлдарды еске алу мақсатында волейболдан турнир өтті.

Екі күнге жалғасқан турнирге құқық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлерінен және күш құрылымдарынан 10 команда қатысып, бақ сынады. Ал турнирдің ашылу салтанатында Ғазиз Байтасовтың ұлы Арманжан Абдибеков полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, командаларға сәттілік тіледі.
Турнир басталмай тұрып полиция қызметкерлері ел үшін туған ерлерін бір сәт үнсіздікпен еске алып, одан кейін жарыс көркі қыза түсті.
Мән мен маңызы бөлек жарыста қарсылас шақ келтірмеген ҰҚК шекара қызметінің командасы бас жүлдені еншілесе, екінші орынды Полиция департаментінің қызметкерлері жеңіп алды. Үшінші орын ҰҚК-нің тобына бұйырды. Сондай-ақ «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациясымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімі марапатталса, үздік бес ойыншы арнайы аталымдар бойынша құрметтелді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.