Қалалық қоғамдық-саяси газет

Буралхиевтің жұмысына бұқара дән риза

0 361

Күн санап келбеті мен кескіні айшықталған Тараз қаласы 11 аумақтық округке бөлінген. Әр аймақтың өзіндік тыныс-тіршілігі, өзекті мәселелері де бар. Бүгін бес мыңға жуық тұрғыны бар №2 аумақтық округтің бас инспекторы Ескер Буралхиевпен кездесіп, инспектордың бір күнде атқаратын жұмысымен танысып қайттық.

           Е. Буралхиев

Аталған округке жаңадан бой көтеріп жатқан №15 ықшамаудан мен «Ақжол», «Қайнар», «Мичурин», «Родниковая» сынды төрт саяжай қарайды. Бас инспектордың жұмыс күні Сәтбаев көшесінде орналасқан №18 үйдегі кабинетінде өтетін жиналыстан бастау алды. Таңғы 09:00-ден бастап қоғамдық жұмысшыларға тапсырма берілгеннен кейін әркім өз жұмысына кірісті. Алдымен күні бойына тазаланатын аумақты бекітіп алған жұмысшылар техникаларын сайлап, қолдарына құрал-саймандарын алып, жұмыстарын бастап кетті.
– Қазіргі таңда округте 15 қоғамдық жұмысшы еңбек етуде. Осы азаматтар бір күн жұмысқа шықпай қалса, округтің тынысы тарылып қалады. Себебі бұлардың шаһар тазалығына қосып жатқан үлесі орасан. Қалаға ат басын бұрған кез келген адам ең әуелі тазалығына мән береді. Таң азанмен жұмысқа келе сала алдымен осы кісілермен жолығып, істеріне береке тілеп, жұмыс уақыты аяқталған соң рақмет айтып, алғысымды білдіремін. Себебі барлық жұмысты осы азаматтар жасап жатыр, – дейді Ескер Базарбайұлы.
Күн сайын тыным таппайтын «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жұмысшылары көше сыпырудан бөлек, аулаларды күл-қоқыстан тазартады. Ал күз басталғалы мұнда тонналап қоқыс шығарылуда.
Округке қарасты саяжайлардың бүгінгі хал-ахуалын білу мақсатында алдымен «Қайнар» саяжайына ат ізін салдық. Инспекторды жақсы танитын округ тұрғындары саяжайда жасалып жатқан дүниелерді жарыса айтып, қала басшылығына алғыс білдіруде. Ал бір тұрғын базынасын да жеткізді.
– Бүгінде саяжайға шағал жолдар төселді. Көшелердің 70 пайызы жарықтандырылды. Толық көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Десе де, біздерге қоғамдық көлік тұрақты қатынаса және ауыз су мәселесі шешілсе, – деген тұрғынның өтінішіне инспектор бірден жауап берді.


– Өздеріңізге белгілі, қаланың Бас жоспарына енді еніп жатқан саяжайлар рет-ретімен қалыпқа келтіріліп жатыр. Саяжай болғандықтан, мұнда көшелер тар. Бүгінде аумаққа қатынайтын №12, 34 бағыттағы қоғамдық көліктер көшенің тарлығына байланысты көп жерге кіре алмайды. Жауапты сала мамандары бұл мәселені ескеріп, қоғамдық көліктердің бағытын ұзартып жатыр. Ал ауыз су мәселесі күн тәртібінде тұр, уақытында шешіледі, – деді бас инспектор.
№2 аумақтық округте 6 мектеп пен 5 балабақша бар. Бірақ округте емхана жоқ екен.
Дүниені дүрліктірген коронавирус пандемиясы алқымнан алып тұрғаны мәлім. Дертті ауыздықтаудың жалғыз жолы екпе екенін жаһан жұртшылығы тегіс мойындауда. Бұл бағытта №2 округте де тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Бұл орайда округтің жалпы 45-50 пайызы екпе алған. Инспектор сонымен қатар саяси науқандардан шет қалмайтын округ тұрғындарына алғысын айтты.
– Қыркүйек айынан бастап елімізде халық санағының алғашқы кезеңі басталғаны белгілі. Тұрғындарды жауапты науқанға шақырып, есебін алу – бас инспекторлардың тікелей міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілді. 10 жылда бір өтетін маңызды науқаннан ешқайсысымыз тыс қалмадық. Айталық, округ бойынша санақтан 48 500 тұрғын өтті, – дейді бас инспектор.


Бүгінгі таңда қала әкімі аппаратының бас инспекторлары аумақтық округтердің тұрғындарымен кездесіп, атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, көпшіліктің мәселесіне назар аударуда. Сондай жиынның бірін біз барған кезде округ инспекторы қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесіп «Родничок» тұрғын алқабы, Родниковая көшесі, №14 үйдің ауласында өткізді. Инспектордың айтуынша, мұндағы мәселенің басым көпшілігі күн тәртібінде өз шешімін тауып жатыр екен.
– Халықтың басым көпшілігі әлеуметтік көмекті қалай алу керектігі жайлы, қоғамдық көлік мәселесі сынды сауалдар көтеруде. Біздер барынша мемлекеттік бағдарлама-ларды түсіндіріп, мәселелер-дің шешілу жолын көрсетуде-міз. Егер үлкен мәселе болса, онда қала әкіміне жеткізіп, жауапты сала мамандарының жауабын күтеміз. Ал тұрғындармен кездескен депутаттар қойылған сауалдарды депутаттық сауал ретінде сессияда көтеретінін айтты. Өзім әлеуметтік көмек көрсету бойынша құрылған комиссияның төрағасымын. Округте көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға берілетін көмектің жолын тұрғындарға түсіндіріп, жеткізіп отырамын, – дейді Ескер Буралхиев.


Халық сұранысы бойынша аумақта бес көшеге жөндеу жүргізіліп, асфальтталған. Округте екі футбол алаңы халық игілігіне берілген. Ал №15 ықшамауданның жолы мұндағы өзге құрылыс жұмыстары 60 пайызға орындалғаннан кейін жүргізіледі екен.
Жалпы инспектор – өзіне қарасты округтің бары мен жоғын түгендеп, халықтың базынасын тікелей әкімдікке жеткізетін өкіл. Біздер №2 аумақтық округті аралау барысында атқарылған тындырымды істер мен алда тұрған мақсатты міндеттердің де аз емес екеніне көз жеткіздік. Ендеше, бес мыңға жуық халыққа бас-көз болып отырған бас инспектор Ескер Базарбайұлының жұмысына сәттілік тілейміз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.