Қалалық қоғамдық-саяси газет

Батыр мұрасы – ұрпаққа азық

0 190

Биыл даңқты қолбасшы, қан майданда қару мен қаламды қатар ұстаған қаламгер Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Бүгінде Халық қаһарманының есімін ұлықтау мақсатында өңірде түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен өткен «Ер Бауыржан есімі ұмытылмайды» атты дөңгелек үстел осы бағыттағы шаралардың бірегейі болды. Даңқты жауынгердің өшпес мұрасын саралап, насихаттау, майдан жайлы естеліктерден сыр шерту мақсатында ұйымдастырылған кездесуге Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, қоғам қайраткері Оңласын Есіркепов, өлкетанушы Мәскеу Ноқрабеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасының оқытушысы, майор Құрманбек Оңалбеков, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Әлімбай Найзабеков, журналист Жарылқасын Нұрәлиев, ақын Есет Досалы және қалалық, аудандық архив директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді облыстық архивтің директоры Көсемәлі Сәттібаев ашты. Аталған мекеменің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы батыр Бауыржанға арналған фотоқұжаттар көрмесімен таныстырып өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев батырдың Алматы қаласында өткен 70 жылдық мерейтойы жайлы естеліктер айтып, Бауыржан Момышұлының өр рухы қазіргі жастар арасында патриоттық тәрбиені жүргізуге аса қажет екендігін тілге тиек етсе, өлкетанушы М.Ноқрабеков Бауыржан Момышұлының ана тілімізге сонау соғыс жылдарының өзінде алаңдаушылығын білдіріп, ұлт зиялыларының қаперіне салғандығын еске салды.

Қоғам қайраткері О.Есіркепов қолбасшының туған жері Бауыржан Момышұлы ауылындағы еңселі ескерткішінің тасада қалғандығын, аталған өнер туындысын Тараз-Шымкент күре жолының бойында ашық жерге орнатса деген тілегін жеткізді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасының оқытушысы, майор Қ.Оңалбеков Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағының Ұлы Отан соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналған керемет ескерткіш екендігіне тоқталып, осындағы «Даңқ» музейінің аға ұрпақтың ерен ерлігін кейінгі ұрпақтың танып білуіне ұшан-теңіз үлес қосатындығын жеткізді. Жас Отан қорғаушыларды патриоттық тәрбиеге баулығанда батыр бабамыздың ғұмыры, соғыстағы ерлігі, бейбіт өмірдегі қаламгерлік қызметі өнеге екендігін баса айтты.

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Әлімбай Найзабеков Бауыржан Момышұлының мол мұрасын зерттеп, тану бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ биыл қолбасшы бабамыз жайлы 30 томдық кітап жарық көрді. Келешекте бұл жұмыстар өзінің заңды жалғасын тауып, елі үшін туған ердің еңбектері ұрпаққа мұра болып қала бермек. Ал өңіріміздің ғасырларға жүк болған жылнамасы сақталған архив қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге атсалыспақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.