Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты құжатта агросалаға басымдық берілді

0 1  895

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы жаһанды жайлаған пандемиядан кейінгі экономикамыздың алдағы даму бедерін айқындап берді. Рас, әлемді әбігерге салған пандемия біздің елге де оңай соқпады. Көптеген өндіріс орындарының жұмысы тоқырап, тірлігі тұралады.

Шаш етектен шығынға батқандары да аз емес. Дегенмен жағдай солай екен деп қол қусырып отыра беруге әсте болмайды. Мемлекетіміздің өркендеу тетігі тікелей экономикаға тіреліп тұрғандықтан, құнды құжатта ең әуелі осы салаға басымдық берілгені көңіл қуантады. Қауіпті кеселдің зардабын қанша тартқанымызбен,бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Айталық, пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылған. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.
Президент Жолдауда: «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту», – деп алдағы бағытымыздың қайда бұрылуы қажеттігін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі инфляция деңгейі мен азық-түлік тауарларының бағаларына да тоқталып өтті.
«Сонымен бірге біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару», – деген Президент тауар бағаларындағы проблемаларды да өткір сын тезіне алды. «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Сонымен бірге өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда, олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің аражігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Расында, алдағы дамуымызды айқындап берген құнды құжат барлығымызға зор жауапкершілік жүктеп отыр. Біздің міндетіміз – Жолдауға қолдау білдіріп қана қоймай, оның орындалуына атсалысу. Сол арқылы ел экономикасының қарыштауына да үлес қосамыз.

Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.