Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты мақсат – тұрғындар денсаулығын сақтау

0 455

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен шаһар аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы бойынша кеңес өтті.
Әуелі Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Парида Мамедова шаһардағы емханаларға жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде баяндады.

– Қала әкімінің қаулысына сәйкес, 2024 жылдың 22 ақпаны мен 1 наурызы аралығында облыс орталығындағы 9 емханаға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша, барлық емханада болашақ орта медицина қызметкерлеріне тұрақты түрде тренингтер өткізуге арналған салауатты өмір салты кабинеттерінің бар екені анықталды. Сонымен қатар №2 қалалық емханада жастардың денсаулығын қорғау орталығы да жұмыс істейді, – деген Парида Иманжанқызы саладағы бірқатар жайттарды де жіпке тізді.
Оның сөзінше, түсіндірме жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты «Садыхан» және «Almaz Medical Group» емханалары қызылшаға қарсы екпе салуда жоғары нәтижеге қол жеткізе алмаған. Бұған ата-аналардың діни сенімі, екпе жөнінде тарап жатқан түрлі жалған ақпараттар да себеп болып отыр. Бұған қоса Тараз қаласында әлеуметтік медициналық тұрғыда сақтандырылмаған тұрғындардың саны 78 680 адамды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 366 адамға аз.
Келесі кезекте емханалардың бас дәрігерлері медициналық нысандардың ауласына автотұрақ салу, жолдарды жөндеу, емдеу орындарында мүгедектігі бар азаматтарға арнайы палата ашу сынды мәселелерді көтерді.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы басты мақсат тұрғындар денсаулығын сақтау екенін баса айтты.
– Сіздердің көтерген мәселелеріңіз орынды. Әсіресе автотұрақ салу мәселесі талай уақыттан бері көтеріліп келеді. Бұл бойынша да тиісті жұмыстарды қолға алудамыз. Бірер уақыттың бедерінде қала аумағына 14 елді мекен қосылады. Ал бұл өз кезегінде емханаға келушілердің санын арттырып, олардың жүктемесін көбейтеді. Сондықтан әрбір тұрғынға қолайлы жағдай туғызуға тиіспіз. Ол үшін өздеріңіз айтқан мәселелерді дер кезінде шешу маңызды. Өкінішке орай, кейбір емханалар мен әкімдіктің арасында тығыз байланыс орнатылмаған. Салдарынан емханалардың қызметіне шағымданып әкімдікке қайырылатындардың қарасы аз емес. Тағы бір айта кетерлігі, қаланың шет аумақтарын қамтитын жарақаттарды емдейтін тағы бір пункт ашу қажеттілігі туындап отыр. Бұл да күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін мәселелердің бірі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.