Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бас жүлде – Інжу Жаңабайда

0 374

Тараз қаласы әкімдігі білім бөліміне қарасты қалалық оқушылар сарайының көпшілік іс-шаралар бөлімінің ұйымдастыруымен «Жыр алыбы – Жамбылым» республикалық айтысының қалалық кезеңі өтті.

Бұл айтыстың шешуші кезеңінде №3 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабай мен №53 орта мектептің 6-сынып оқушысы Алинұр Шоқанұлы айтысты. Алинұрдың:
Сәлем бердім алқалы ағайынға,
Топтан озу дәл бүгін бар ойымда.
Барлығын жеңіп кетем деп келіп ем,
Япырм-ай, ақын аз ғой маңайымда, – дегені көңілімізге қуаныш сыйлады. Одан әрі Алинұр:
Айтыста жігіт пенен қыз болайық,
Біріміз от, біріміз мұз болайық.
Көпшілік қолдап жатса бүгінгінің,
Жамбыл мен Айкүмісі біз болайық, – дегені де сәтті шықты.
Алинұрдың бұл әзіліне бұрын дода көріп, тәжірибе жинап қалған Інжу:
Інім келді қасыма жыр жырлаған,
Дауысы бөлек екен сыңғырлаған.
Жігіт болу былай тұрсын, жас сәбидей,
Тіліңнен айналайын былдырлаған.
Айтыста Жамбыл ақын тереңдеген,
Барша жұрт жырларына елеңдеген.
Қырғыздың эпостарын жатқа біліп,
Қазақ-қырғыз достығын дәлелдеген, – дей келе:
Зор сенім жүктеліпті саған бүгін,
Бұл тағдыр көрсетпесін жамандығын.
Қандай ақын боласың Құдай білер,
Бойыңнан аңқып тұрсын адалдығың, – деп төкпеледі.
Алинұрдың «Құлынымда озамын құнандардан, Аламанда тұлпармен тең боламын» деген керемет теңеулеріне де көпшілік риза болып, қол соқты.
Ал әпкесі Інжу:
Болсын сөзің жорғадай төгілгендей,
Қамбадан алтын астық көрінгендей, – дей келе:
Іздесеңші теңеу сөз айналадан,
Інім жайлы ерекше ойға қалам.
Теңселіп кетпегейсің адамдардай,
Тараздың қар мұзына тайғанаған, – деп ауа райы арқылы түрлі әлеуметтік мәселелерді де астарлап жеткізе білді.
Қазылар алқасының шешімі-мен бас жүлде №3 мектеп-лицей-дің 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабайға берілсе, жүлделі бірінші орынды №53 орта мектептің 6-сынып оқушысы Алинұр Шоқанұлы иеленді. Бұл екі оқушы алдағы 16 ақпан күні өтетін «Жыр алыбы – Жамбылым» айтысының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Осы ретте Оқушылар сарайы- ның директоры Арайлым Алекееваға, көпшілік іс-шаралар бөлімінің меңгерушісі Бағила Ерденбековаға айтар алғысымыз көп.

Дидар Апбасов,
айтыскер ақын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.