Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барлығы жеткілікті болса азық неге қымбат?

0 298

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, шілдеде инфляция 0,3 пайыз (2019 жылғы шілдеде – 0,2%) болған. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,3 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,4 пайызға, ақылы қызметтер – 3,2 пайызға өскен. Әлемдегі жағдайды ескеретін болсақ коронавирустың екінші толқынында бұл көрсеткіштің жоғарыламауына кім кепіл? Жалпы биыл облысымызда көкеністер мен жеміс-жидектің түсімі қандай? Доллар шарықтаған сайын азық-түліктің бағасы өспейді ме?

Арайлым Бақытжанқызы

Иә, биылғы жылдың аяқталуына да санаулы айлар қалды. Диқандар өнімдерін орып, қысқа қамданып, астықтарын жинауда. Әлемді дүр сілкіндірген коронавирус инфекциясы экономиканың әлсіреуіне әкелгенін көз көріп отыр. Ал карантиндік жағдай талай орта және шағын бизнестің тамырына балта шауып, жұмыссыздардың санын күрт өсірді. Жыл басында Қордай ауданында болған оқиға да көптеген диханның жұмысына кедергі келтіргені тағы бар. Орын алған жағдайдың барлығы жалақының құнсыздануына да алып келді.

Жалақының құнсыздығы әсіресе азық-түлік дүкендері мен базарларға барғанда қатты білінеді. Егін жинау кезінде барлық көкөністер мен жеміс-жидектердің бағасы қалта қақпайтын. Керісінше тұрғындар базарға барған сайын қап-қаппен қыстың қорын жинап сақадай сай тұрушы еді. Биыл барлығы қымбат. Ел арасында «биыл көп егістік егілмегендіктен ауылшаруашылық тауарларының жетіспеушілігі туындайды» деген өсек желдей есіп жүр. Тіпті базарға барып кез-келген тұрғынды сөзге тартсаң айтатыны қымбатшылық.

– Шыны керек сенбі-жексенбі күндері қалада ауылшаруашылығының жәрмеңкесі өтіп жатыр дегенді естиміз. Бірақ ол жақа қатынайтын автобус жоқ. Ал таксимен жүруге қалтамыз көтермейді. Базарға келіп, қажетті азық-түлік алайын десең бәріне бірдей ақша жетпейді. Ұн мен қант та соңғы аптада қымбаттап кетті. Картоптың көтерме бағадағы құны 110-100 теңгеге жеткен. Ал жеміс-жидектің бағасы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Бұлай көтеріле беретін болса, аштан қалармыз, – дейді өзін Құралай деп таныстырған азаматша.

Ал мамандар бұл жағдайға не дейді? Осы сауалға жауап алу мақсатында біз Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасында болдық.
– Биылғы егін өткен жылмен салыстырғанда жаман емес. Мысалы, биыл 42 мың тоннадан астам бақша жиналды (өткен жылы – 38,1мың тонна), майлы дақылдар – 44,063 мың (42,578), көкеніс- 949159 мың тонна (873658), картоп – 301268 мың тонна, орташа өнімділік гектарына 272 центнерден асады. Көріп отырғаныңыздай, ауа-райы жақсы болмаса да, егіншілерде ешқандай сәтсіздік болған жоқ, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Шакир Момынкұлов.

Басқарманың берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, биылға барлық өнім жеткілікті екен. Жарайды, ал дүкен сөрелері мен базардағы бағаның шарықтауына не себеп? деген сауалға: «Бұл тек егінге қатысты мәселе емес. Мәселен, биыл Жуалы ауданы 60 мың тонна картоп өсірді. Ал Қордай ауданы 126798 тонна. Бұл орайда Алматыға да кететін өнімді ұмытпауымыз керек. Әр облыс тек өзін ғана қамтып отырған жоқ. Алыпсатарлар шаруаларға картоптың бағасын 50 теңгеден береді, ал базарға ол 100-120 теңге болып келеді. Оны бақылау біздің құзырға кірмейді» – деді бөлім басшысы.

Азық-түлік тек көкөністер мен жемістерден тұрмайтындығы тағы бар. Ет пен сүт өнімдерінің бағасы өткен жылдың аяғында 40 пайызға дейін өскенін көрдік. Ол карантинге дейінгі жағдай еді. Ал қазір ше? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Балжан Искакованың айтуынша алаңдайтын ештеңе жоқ екен. 2020 жылы 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ІҚМ басы 7,1 пайызға, қой мен ешкі 6 пайыз ға, жылқы саны-9,8 пайызға артқан.

Мал басының өсуімен қатар ағымдағы жылы ет өндірісі 2,8 пайызға, сүт өндірісі 1,9 пайызға ұлғайып отыр.
– 2020-2021 жылғы қыс мезгіліне қажет етілетін мал азығы балансы жасалды. Облыстың барлық шаруашылық субъектілері бойынша мал қыстауына 937 мың шартты мал басы түсетіндігіне болжам жасалып 1676 мың тонна пішен, 81 мың тонна сүрлем, 62 мың тонна пішендеме дайындау қажет. Тапсырма аудан әікмдеріне жеткізіліп, бүгінгі күнге 1737,3 мың тонна пішен, 72 мың тонна пішендеме, 29,3 мың тонна сүрлем нақты дайындалды, – деді бөлім басшысы Балжан Исакова.

Жалпы өңірдің тауар өндірушілерімен 126,2 тоннасы сиыр еті, 338,8 тонна қой еті экспортқа шығарылыпты. Облыста 11 ірі бордақылау алаңы жұмыс атқаруда, олардың сыйымдылығы 27,0 мың басты құрайды. Нақты бүгінгі күнге бұл алаңдарға тұқымдық түрлендіруден алынған 11741 бас бұқашық тапсырылыпты.

Басқарма баға тұрақты, барлығы жеткілікті дейді. Ал нарықтағы баға тұрғындардың қалтасын қағуда. Десе де апта сайын болатын жәрмеңкелер мен жеңілдетілген бағада сатылатын өнімдерді жіберіп алмай, қыстың қамын қазірден ойлай беріңіз. Өйткені пандемияның екінші кезеңі бастау алса, қолдағы бардың өзі қымбаттап кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.