Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бар жақсылық балаларға!

0 296

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді дана қазақ. Бар жақсыны балаға арнаған кеңпейіл қоғаммен бірге Тараз қаласының тұрғындары да жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған республикалық «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып келеді.

Осы орайда ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы акция аясында шаһар бойынша жергілікті бюджет есебінен ата-аналардың есепшотына 18 716 балаға киім-кешекпен ақшалай қамтамасыз етуге 699 772,0 мың теңге көлемінде қаржы беріліпті. Биыл да сауапты шара ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен жалғасын таппақ. Атаулы акцияны өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, Тараз қаласының әкімдеріне, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хаттар жолданған.
Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаеваның айтуынша, ауқымды акцияға барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен тұрғындар да атсалыса алады.
– Ағымдағы жылы «Мектепке жол» акциясы аясында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 48 671 балаға 40 567 теңгеден жалпы 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Бүгінгі күні Тараз қаласында ата-аналардың жеке шоттарына қаржы жіберілуде. Аудандарда ағымдағы жылғы 10 тамызға дейін ата-аналардың жеке шоттарына қаржы аударылады. Сондай-ақ өңірлерде мектеп тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жәрмеңкеде мектепке қажетті құрал- жабдықтар және т.б тауарлар нарық бағасынан 10-15 төмен бағада сатылуда, – деген Айдын Орынбекқызы акцияға қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар білім бөлімдеріне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алатынын да айрықша атап өтті.
Сондай-ақ өткен аптада Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте де «Мектепке жол» акциясы аясында қолға алынып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланды. Биыл облыс орталығында 1 000 баланы мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін арнайы тізім жасалған. Осы бөлініс негізінде демеушілер есебінен мұқтаж отбасылардың балалары оқуға қажетті тауарлармен қамтылады деп күтілуде. Бұған қоса, шаһар басшысы жаңа оқу жылына бір ай уақыт қалғанын айтып, осы аралықта бағаны барынша бақылауда ұстауды жауаптыларға жүктеді. Сондай-ақ апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып, мектепке қажетті тауарларды тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынуға барынша күш салуға шақырған еді. Осының аясында жуырда қаладағы «Grand Bazаar» сауда орталығының алаңында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар барлық аудандарда 5-26 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыру қолға алынбақ. Жалпы қоғам тарапынан қолдау тапқан игі іске шаһар тұрғындары дән риза.
– Қайырымдылық адамның асыл қасиеттерінің бірі екені даусыз. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. Төрт баланы мектепке дайындау, әрине, оңай емес. Таяуда «Grand Bazаar» сауда орталығына барып, балаларымның жаңа оқу маусымына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бағасы да айтарлықтай арзан. Осы орайда көпбалалы отбасылар үшін «Мектепке жол» акциясы өте тиімді болып отыр, – дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Әсел Жұмабай.
Жалпы бүгінгі таңға дейін жоғарыда аталған санаттағы 19 187 балаға 778 359 мың теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 18 049 баланың ата-анасының есепшотына қаражат аударылып үлгерген. Сонымен қатар демеушілер есебінен көмекке мұқтаж 870 балаға акция барысында 22 886 650 теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілген болатын.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.