Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балықтың бабын тапқандардың қатары көбеймек

0 782

Бүгін бекітілген кестеге сәйкес, Байзақ ауданында балық шаруашылығымен шұғылданушы шаруаларға семинар-кеңес ұйымдастырылды.

«Family Park» форель балық шаруашылығында ұйымдастырылған семинарға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Алпысбайұлы, балық шаруашылығы су айдынын пайдаланушылар және балық шаруашылығымен шұғылдануға ниетті азаматтар қатысты.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы төрағалық етті. Сөз барысында балық шаруашылығын өңірімізде дамыту мәселесінде бетпе-бет отырып жүздесіп, мәселелерді ашық айтуға семинар-кеңестердің орынды екенін атап өтті.

– Облысымыздың табиғаты балық шаруашылығын өсіруге қолайлы өңірлердің бірі болып табылады.
Жалпы, қазіргі таңда балық шаруашылығы саласында түрлі сұрақтың туындауы орынды. Көкейдегі сұрақтардың жауабын бүгінгі ұйымдастырылып отырған семинар-кеңестер арқылы көтеріп, барынша жауап беруге тырысамыз.
Бұл өз кезегінде облыстың экономикасын көтеруге және табиғат байлығын қорғау мен тиімді пайдалана отырып, азық-түлік ретінде тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету үшін тиімді болмақ,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Одан кейін семинар-кеңес күн тәртібіне сай баяндамашыларға сөз кезегін ұсынды.
Алғаш болып басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақов сөз алып, балық шаруашылығындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарланған міндеттерді түсіндірді.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше 2021 жылы облыста 105,9 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, бұл көрсеткіш жыл қоырытындысымен 383 тоннаға жеткен.

Оның ішінде, тұқы тұқымдас (карп, сазан) – 160 тонна, форель балығы – 223 тоннаны құраған.
Ал, ағымдағы 2022 жылы облысымыздың аумағындағы су айдындарында 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, акваөсіруге (балық өсіру) көрсетілетін мемлекеттік қолдауларға да тоқталып өтті.
Мәселен, «Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес 5 бағыт бойынша субсидия түрі бекітілген екен.

– Ағымдағы жылдан бастап шаруашылықтар:
Бірінші бағыт бойынша, бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 (отыз) пайызын өтеу үшін (бұл жерде бір килограмм балық азығына бөлінетін субсидиялар сомасы);
Екінші бағыты, балық отырғызу материалдарын сатып алу шығыстарының 50% – ын өтеу үшін (бұл жерде (бір) балық отырғызу материалын сатып алуға бөлінетін субсидиялар сомасы):
Үшінші бағыт, балық өсіру-биологиялық негіздемені сатып алу шығыстарының 50% – ын;
Төртінші бағыт, дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарының 50% – ын;
Бесінші бағыт, балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарының 50% – ын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өзіндік құнын төмендетуге арналатын болады,- деді басқарма басшысының орынбасары.

Шара барысында өзге де баяндамашылар сөз алып, өз пікірлерімен бөлісті. Ал, жеке кәсіпкерлер өздерінің көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, жауабын алды.

Кеңесті қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы шаруашылықтарға заң шеңберінде қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізіп, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.