Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында киелі де құт мекен Байзақ ауданында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күні өтуде. Аталмыш шара алдымен «Байзақ баба» кесенесінде құран бағыштаудан бастау алды.
Биыл облыс аудандарында екінші рет өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу болып табылады.
Байзақ Мәмбетұлы – еліміздің оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы батыр ретінде тарихтан белгілі. Ақыры ол Қоқан ханы Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады. Ал, батырдың шашылып кеткен денесінен қалған екі саусағы Талас өзенінің бойындағы Сарыкемер ауылының маңына жерленеді. Бұл күнде батыр кесенесі Әулиеата өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірінен саналады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне аудан орталығы Сарыкемер ауылы маңындағы «Байзақ баба» кесенесі енгізілген болатын. Аталған кесене «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқанын айта кетейік.
Алдыңғы