Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бақша – байлық көзі

0 228

Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімі беріледі.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Бұл туралы «Қарасу» мөлтек ауданының №25 үйдің алдында өткен жиында белгілі болды. Жалпы өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында арнайы жоба әзірленген болатын. Осыған орай, №5 мөлтек ауданда өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай мен әкімдікке қарасты бірқатар бөлімдердің басшылары қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдымен сөз алған Кенжебек Мамашбайұлы жобаның негізгі мақсатына тоқталды.
Көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды жұмыспен қамту мақсатында 833 тұрғынға өзін-өзі өсімдік өнімдерімен қамтамасыз ету және артылған өнімді нарыққа ұсыну, сату үшін көкөніс егуге 6 сотық жерден бөліп беру сызбасы дайындалыпты. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін «Арай» шағын ауданынан 50 гектар жер телімі бөлініпті.
– Аталмыш 50 га жерге қызанақ, қияр, пияз, картоп және түрлі көкөніс егу жоспарлануда. Бұл көкөніс түрлерінің шығыны бірдей, яғни тұқым және минералды тыңайтқыштар бағасы бір шамада. Атап айтқанда, 0,06 га жерді дайындауға 3000 теңге, тұқым сатып алуға 7500 теңге және минералды тыңайтқыштарға 4200 теңге кетсе, басқа шығындарға, яғни су, электр жүйесі, т.б. 9000 теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Уақытша бақша өнімдерін жалға алатын тұрғындар тек тыңайтқыш пен өнім, суға ғана төлем төлеулері керек. Ал жерді инфрақұрылыммен жабдықтауға қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты, – деді қала әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Баймахан Қошқарбаев.
Жалпы жылына әр тұрғын өзіне тиесілі 0,06 га жерден 1,5 тонна қияр, 1,86 тонна қызанақ, 3,6 тонна пияз, 2,7 тонна көлемінде картоп өнімін алуына болады екен. Сала мамандарының есебіне сүйенер болсақ, алынған 1,5 тонна қиярдан егер келісін 100 теңгеден сататын болса, шығындарды алып тастағанда таза табыс – 135300 теңге, қызанақтан – 171300 теңге, пияздан 129300 теңге пайда көруге болады екен. Алдағы уақытта жағдайы төмен отбасылардың тізімі жасалынып, жердің толық инфрақұрылымы аяқталғаннан кейін ұсыныс түсірген тұрғын өзіне қажетті бау-бақша өнімдерін өзі өсіруге мүмкіндік алатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.