Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арыс қаласында жағдай қалыпты

0 195

Апат айтып келмейді. Айдың-күннің аманында Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылған оқ-дәрілердің дүлей дүмпуі бейқам отырған жұртты шошытты. Иә, берекелі бейбіт күнде еңсемізді түсірер мұндай алапаттың боларын кім ойлаған? Болған іске болаттай берік бола білер халқымыз алғашқыда абдырап қалды. Десек те, оқиғаға қарай амал жасалып, тиісті шаралар қабылданған соң, тұрғындар біршама сабырға бой алдырып, сабасына түсіп, бүгінде үйлеріне оралды. Оның үстіне барша қазақстандықтардың риясыз пейілмен білдірген шынайы қолдауы жанға медет, дәтке қуат болды. Елдің елдігі, бірлігі осындайда анық көрінсе керек.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген А.РЫСМАХАН

Қалың қазақ елі үшін «қазаны басқаның қайғысы басқа» деген түсінік жоқ. Қабырғасы қайысқан қазақстандықтар жедел көмек көрсету мақсатында апат орын алған Арыс маңынан табылды. Ең әуелі тиісті мемлекеттік органдармен бір мезетте басқа да қарапайым азаматтар жарылыс кезінде дағдарып қалған тұрғындарды, ата-анасы көз жазып қалған балаларды қауіпсіз жерге жеткізуге атсалысты. Партия мен мешіттердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың бастамасымен арнайы көмек қорлары құрылды. Көптеген ұжымдар бір күндік еңбекақыларын аударып үлгерді. Бұл – қысылтаяң сәтте бір үдеден табылатын адами қасиеттің, ең бастысы, елдіктің, береке мен бірліктің белгісі.
Бүгінде еліміздің барлық өңірлері жұдырықтай жұмыла кіріскен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның ішінде жамбылдық құрылысшылардың да белсенді еңбегін елеп айтуға болады. Облысқа тиесілі 3-сектордағы 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталғаны – соның айғағы. Пайдалануға берілген бұл үйлерге қайта қоныстанған арыстық тұрғындар әулиеаталықтарға дән риза. Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Айта кету керек, Жамбыл облысына қарасты бұл бөлініс қаладағы жарылыс орын алған аумаққа ең таяу орналасқандықтан, апат кезінде ондағы үйлер мен нысандардың 90 пайыздан астамы бүлінген.
Қазіргі таңда зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.
Жуырда Арыс қаласына арнайы келген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен оның орынбасары Жеңіс Қасымбеков те өз кезегінде облыс штабының жұмыстарына оң бағасын берген болатын. Бұл да болса игі іске жұдырықтай жұмыла кіріскен жамбылдықтардың біріге атқарып жатқан істерінің жемісі десек қателеспейміз. Айта кетерлігі, апат орын алған күннен бастап арыстықтарға алғашқылардың бірі болып жамбылдықтар қол ұшын созған еді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тәмсілге терең бойлаған әулиеаталықтар ә дегеннен-ақ жарылыстан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтіп, демеу болуда. Атап айтар болсақ, зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылды. «Nur Otan» партиясының облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттар Арысқа жеткізілді. Бүгінге дейін барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген. Ол ғана емес, тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмегімен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген. Қазіргі таңда «Әулие Ата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан қаржылар аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыс тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмек әлі де жалғасуда.
Бүгінде Арыс қаласының 323 баласы Жамбыл облысындағы жазғы сауықтыру «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сынды лагерьлерде демалуда.
– Арыс қаласында апат орын алған 24-26 маусым күндері Жамбыл облысының Жамбыл, Луговое және Шу станцияларында 11 жолаушы пойызы тоқтаған болатын. Ондағы жолаушыларға облыс тарапынан тиісті жағдай жасалды. Темір жол станцияларында тәулік бойы медицина қызметкерлерінен 4 бригада кезекшілік ұйымдастырылып, медициналық қызмет көрсетті. Вокзал маңындағы мектептер мен қонақ үйлерден төсек орындар әзірленіп, тамақтану пункттері ашылды. Жолаушыларды тиісті орындарға жеткізу үшін де арнайы көлік маршруттары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 25 маусымда Тараз қаласына Арыс қаласының («Һибатулла Тарази» мешітіне) 134 тұрғыны жеткізіліп, орталық мешітке жайғастырылған. Оларға жергілікті билік пен тұрғындар тарапынан барлық керекті жағдайлар қарастырылып, ыстық тамақ, жатақхана, монша, медициналық көмек ұйымдастырылды. Сонымен қоса, облыс басшысы Асқар Мырзахметов және оның орынбасарлары мен департамент, басқарма басшылары және аудан әкімдері Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік айлық жалақысын аударды. Өңірдегі өзге де мекемелер мен ұйымдар бұл бастаманы қолдап атсалысты, – деді облыс әкімінің кеңесшісі Біржан Сөктай.
Апта басында Арыстағы жасалынып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов қалаға келіп, тұрғындармен жеке-жеке кездесті. Жасалынып жатқан жұмыстардың барлығын тікелей назарында ұстап отырған өңір басшысы құрылыс нысандарын да аралап көрді. Бұл орайда күннің аптап ыстығына қарамастан, бір үйдің баласындай жұмыла жұмыс жасап жатқан құрылысшылардың еңбегінің зор екенін атап өткен жөн. Бүгінде Арыс қаласында ауа температурасы +50 градусқа дейін көтеріліп отыр. Сонда да құрыш қолды құрылысшылар далада қалған тұрғындардың баспаналарын ертерек бітіру мақсатында күні-түні тоқтамай жұмыс жасауда. Ол үшін барлық жағдай да жасалған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.