Қалалық қоғамдық-саяси газет

БАҚ өкілдерін марапаттады

0 720

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы орайда, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов аймақтың ақпарат саласында өнімді еңбек етіп, партияның бастамалары мен жобаларын іске асыруда үлес қосып жүрген сала мамандарын құттықтап, алғысымды білдірді. Салтанатты шарада партия облыстық филиалдың атқарушы хатшысы бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, өңірдің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы ретінде өнімді еңбек етіп жүргеніне тоқталды. Сондай-ақ ол техниканың озық үлгілерінің дамыған заманында интернет байланысы, баспасөз басылымдары халықты қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отырғанын тілге тиек етіп, журналистер қоғамда болып жатқан жайтқа бейжайлық танытпайтынын баса айтты.
– Бұқара базынасын билікке жеткізіп, түйіні тарқамаған мәселенің оңтайлы шешілуіне барын салады. Олар таңдаған мамандықтың қоғам үшін қадірі осынысымен құнды.
Шындығында, қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алар орны ерекше. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығын, дамуын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық және қалам ұстаған қауымның жыл он екі ай тынымсыз еңбегі қашанда лайықты бағасын алуы тиіс.
Сіздер күн демей, түн демей елімізде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстар туралы шындық ақпаратты халыққа жедел жеткізу үшін аянбай қызмет жасап келесіздер.
Партия мен журналистер арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты дамыту, оларды ынталандыру мақсатында ілкімді шаралар қолға алынуда. Атап айтсақ, бірнеше номинациядан тұратын «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ» республикалық конкурсы жүлде қоры ауыз толтырып айтарлықтай. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы, Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы арнайы сыйлықтар да қарастырылған. Мұндай байқаулар енді тұрақты ұйымдастырылатын болады. Осындай конкурстарға сіздер де қатыссаңыздар болады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Жиында журналистерге Алғыс хат табыстап, ізгі ниетін жолдаған партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы алдағы уақытта БАҚ уақытта бірлесіп жұмыс жасай беретіндігін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.