Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баға бақылауда!

0 820

Таразда жұқпалы аурулардың алдын алатын, инфекциядан қорғанатын антисептик және қолғап сынды заттар жеткілікті. Ал медициналық маска сұраныстың артуына байланысты тек жекелеген дәріханаларда ғана бекітілген бағада сатылуда.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл туралы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы және Тараз қалалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі мүшелері  бағаны тұрақтандыру бойынша жүргізген рейдте белгілі болды. Төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмек бағасының тұрақты болуы басты назардағы мәселеге айналды. Медициналық өнімдердің тапшылығына немесе пайда табу мақсатында құнын негізсіз қымбаттатып жіберу заңмен қудаланады. Осындай жайттарды бақылауға алып, болдырмау мақсатында жүргізілген рейд нәтижесінде Тараздағы дәріханаларда медициналық бетперделердің тапшы екені анықталды. «Әмір және Д», «Жасұлан» сынды ірі дәріхана желілеріне күн сайын 2000 дана маска жеткізіледі. Алайда бір адамға 5 маскадан ғана сатылады. Талап сондай.

Фармацевтердің айтуынша таңертең әкелінген маскалар түс ауа таусылады. Ал елде орын алған ахуалға байланысты маскаға деген сұраныс күн сайын артпаса кеміген емес. Дегенмен, қарапайым халық дәкеден 6-7 қабат етіп маска тігіп тағуды әдетке айналдырып, жағдайдың ретін табуда дейді фармацевтер. Сәйкесінше «Әмір және Д» дәріханасы 400 грамм антисептикті 1600 теңгеден ұсынуда. Ал арнайы ыдыстағы 1 литр антисептиктің бағасы 8000 теңге, қолғап – 50, 55, маска – 50, респитарорлар 510-590 теңгенің көлемінде сатылып жатыр. Комиссия мүшелері рейд барысында азық-түлік бағасына мониторин жүргізу мақсатында бірнеше сауда нүктелеріне бас сұқты. «Салтанат» шағын ауданындағы «LTD» азық-түлік дүкенінің иесі Лариса Николайқызы төтенше жағдайдың орын алуымен тек ұн мен қанттың және макарон өнімдерінің бағасы өскенін айтады. Ал шаһардағы «Дәмді себет» дүкендер желісіндегі баға жекеменшік шағын сауда нүктелеріне қарағанда арзан болып шықты. Мұнда тұрақтандыру қоры ұсынған қанттың келісі 190 теңге, қарақұмық – 250 теңдеген сатылып жатыр. Ал дүкеннің өзі алдыратын 5 литрлік күнбағыс майы – 2355, картоп – 179, сарымсақ – 1999 теңгеден саудалануда. Айта кету керек, аталмыш сауда нүктелерінде жұма, сенбі, жексенбі күндері азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағада сатылады екен. Бұл төтенше жағдай уақытында тұрғындар үшін жасалып отырған тиімді шара деуге болатындай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.