Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүлдіршіндерге базарлық

0 355

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының кіші залында белгілі жазушы-драматург Болат Бекжановтың балаларға арналған «Айболит пен қарақшы» атты ертегі-қойылымының тұсаукесері өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Театр – тәрбие ошағы. Балалардың тұлғалық қасиеттерін дамытуда, олардың өмірге деген көркемдік көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдар ерекше рөл атқарады. Кішкентай көрермендер кейіпкерлердің образдарын тамашалай отырып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын бойына сіңіреді, адамгершілік, қамқорлық, мейірім сынды жақсы қасиет-терді санаға тоқиды.

Бұл тұста жамбылдық бүлдіршіндер үшін жыл басынан театрдың шымылдығы шытырманға толы жаңа туындымен ашылғаны көңіл қуантты. Айта кетсек, аталмыш қойылым бұрнағы жылы елордамызда Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған республикалық конкурста ҚР Мәдениет министрлігінің өкілдері мен белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының шешімімен «Балаларға арналған ең үздік драма» номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алған болатын. Ертегі-қойылымның авторы – жазушы-драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Бекжанов расымен бүлдіршіндердің ертегі әлемін әсерлі әспеттеп кеткен екен. Саналы ғұмырын театр өнері мен баспасөзге арнаған Болат Үмбетәліұлының бүлдіршіндердің аудиториясына арналған бұл шығармасы көпшіліктің көңілін бірден баурап, өскелең ұрпақтың өнер ордасына, театрға деген махаббатын арттыра түскендей. Спектакль желісінде жан-жануарлар образы арқылы достық пен қамқорлық дәріптеледі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет және әлсізге көмек көрсету сынды адами құнды қасиеттер бейнеленді. Өнер ұжымының қойылымы тегін көрсетілді. Қызықты ертегі кейіпкерлерімен қауышқан балаларға бұл тамаша тарту болды. Қойылымды сахнаға дайындаған қоюшы-режиссер – белгілі актриса, талантты режиссер-сценарист, ҚР мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекованың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қойылымның қоюшы-суретшісі – белгілі қылқалам шебері, республикалық және халықаралық конкурстардың жүлдегері, театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиеваның еңбегі де көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Карантин шараларына қатысты кейінге шегеріліп келген қойылым ақыры әр бүлдіршіннің жүрегіне жол тапты.

– Бұл қойылым қазіргі уақытқа бейімделіп, арнайы ұсынылып отыр. Байқасаңыздар, спектакль мазмұнында балаларға таңғы жаттығудың, тазалықтың маңызы туралы көп айтылады. Пандемия кезінде мұндай әдеттердің маңызы зор, – дейді Анар Сағымбекова.

Балаларды достыққа, адалдыққа, бірлікке, өзара кешірімді болуға, бірлесе отырып үлкен жетістіктерге қол жеткізуге тәрбиелеуді мақсат тұтқан қойылым ата-аналардың да, қаракөздердің де көңілінен шықты. Айболит, Алыпсоқ, қасқыр, қарақшы, қоян, торай, сауысқан, мысық пен қонжық секілді қойылымның басты кейіпкерлерін керемет сомдап шыққан театрдың жас әртістері Қасым Келесбек, Ерасыл Аманбек, Жорабек Төлеген, Абылай Аубакиров, Аружан Райымбек, Нұрай Қаражанова, Сымбат Нұрсейітова, Медеу Ердалиев, Азамат Шәкенбаевтың өнері де көрермендердің қошеметіне бөленді. Расында, баланың көзіндегі қуанышты көру – бақыт. Орыс жазушысы Лев Толстой: «Адам жеті жыл өмір сүреді. Қалған уақыттың бәрінде сол балалық шағын іздеп жүреді», – деген. Баланың бойына сүйіспеншілік пен мейірімділікті ұялататын қойылымдар арқылы мәдениетке, өнерге, салт-дәстүрге баулиды. Қойылым алдағы уақытта да өңір өрендері үшін қайталанып сахналанатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.