Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгінгі қоғам референдум өткізуге дайын

0 603

Президент референдумның уақытын белгіледі. Меніңше, біздің қоғам референдум өткізуге дайын. Таңдау жасар сәттің туғанын алдағы оң өзгерістердің басталғаны деп білемін.

Қоғам дайын дейтінім, референдум өткізу туралы бастама бұқараның өз ішінен шығып отыр. Президент халықтың үніне құлақ асып, тиісті қадамды жасады. Референдум – демократиялық қоғамның бір белгісі, көрінісі. Демек, қоғамның мұндай өзгерістерге қарай аяқ басуы – жақсылықтың нышаны.
Референдумға дейін біраз уақыт бар. Осы аралықты тиімді пайдалану керек. Яғни бұқараны мейлінше хабарландырып, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді насихаттап, түсіндіру қажет. Алдағы науқан еліміз үшін маңызды. Өйткені осы өзгерістерге қатысты жер-жерде сарапшылардың қатысуымен талқылаулар өтеді. Осының негізінде Конституцияға енгізілетін түзетулер екшеленеді. Жас та, жасамыс та бұлардан қалыс қалмауы керек. Себебі елдің болашағына үркердей ғана топ емес, сіз бен біз де, бәріміз жауаптымыз.
Ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы дерлік орынды. Мәселен, Мәжілістің, мәслихаттардың күшеюі, депутаттардың мажоритарлық жүйемен сайлануы – партияда жоқ белсенділердің атқа қонуына таптырмас мүмкіндік. Сол секілді ауыл, аудан әкімдерін сайлау да басқаша сипат алмақ. Ауыл әкімдерін сайлау жемісті қадам болғанын дәлелдеді. Ендігі кезек аудан әкімдеріне келіп отыр. Алдағы бір-екі жылда аудан әкімдерін таңдау да сайлаушылардың құзыретіне беріледі. Одан кейін облыс әкімдерін сайлайтынымызға сенімдімін. Әлбетте, мұның бәрі азаматтық қоғамды алға бастыратын, демократияны жаңа деңгейге көтеретін оң өзгерістер. Оның нәтижесін бірден байқамауымыз мүмкін. Бірақ қоғам оның игілігін біртіндеп сезе бастайды.
Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы да мажоритарлық жүйемен сайланатын болды. Бұл партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бәсекелестік болған жерде сапа да, нәтиже де болады. Ең бастысы, қоғам белсенділері өзін-өзі ұсынып, ойға алған идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Динара Төлепбергенова,
көпбалалы ана

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.