Қалалық қоғамдық-саяси газет

Лебіздер легі

0 371

«Саладағы әр қызметкердің еңбегі ерен»

Сара МАДИЕВА,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

– Бала кезімде орталық алаңдарда өтетін іс-шараларға сүйсіне қараушы едім. Балалық санамен домбырасын күмбірлеткен күйшілер, әдемі костюмдерімен тамылжыта ән шырқаған әншілер, мың бұрала билеген бишілер келіп өнерін көрсете салады, бәрі бірден бола салатын дүние деп ойлайтынмын. Ал, түптеп келгенде, оның барлығы – үлкен еңбектің жемісі. Біраз жылдан бері мәдениет саласының қайнаған ортасында жүргендіктен, дәл осылай нық сеніммен айта аламын. «Өнер жолы – ауыр жол» дейді. Расында, солай! Халықтың көңіл-күйін көтеріп, ұлттық мәдениетімізді ұлықтауға негізделген бір ғана іс-шараның артында қаншама адамның еңбегі, идеясы мен ойы топтасып жатыр.
Бұл мерекенің кітапханашылар мен архившілерге, мұражай қызметкерлеріне де тікелей қатысы бар. Өйткені инемен құдық қазғандай білім мен оқуды оқырмандарымен бөлісуге құштар кітапханашыларымыз бен алтын сандыққа айналып отырған архив саласының, тарихқа толы мұражай қызметкерлерінің де еңбегі орасан зор. Бұл саланың дамуына әрқайсысының қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз. Ендеше, әріптестерімді айтулы мерекемен құттықтай отырып, толағай табыс пен шуақты күндер тілеймін.

«Кітапханашыларға зор жауапкершілік жүктелген»

Мира РАСУЛОВА,
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ақпараттық- библиографиялық секторының редакторы:

–Жалпы мәдениет дегеніміз – тек ән айтып, би билеу емес, рухани жағынан толысу. Бұл тұрғыда кітапхана қызметіне зор жауапкершілік жүктелген. Биылғы кәсіби мерекенің Балалар жылымен тұспа-тұс келуі көңілге қуаныш сыйлап, жауапкершілік жүгін арттырып отыр.
Кітапхана келген оқырмандарға қажетті әдебиеттерін тауып берумен қатар, көптеген іс-шаралар, библиотерапиялық кештер, пікірталас, оқырмандар конференциясын, кітап көрмесін, ауызша журнал, сайыстар, ертеңгілік, өнеге сағаттарын өткізе отырып, талай оқиғаны басынан өткізген халқымыздың тарихын, өнегелі әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдени-мұраларын, әдебиет қазыналарын жан-жақты насихаттайтын парасаттың сарайы екені белгілі.
Балалар жылы басталысымен-ақ Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы кешенді шараларды қолға алды. Мәселен, балалардың әдебиет пен медиасауаттылыққа қолжетімділігін асыру және бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Кітапхана – гувернёр» орталығы, «Менің кәсіби бастамам» тренингі, «МедиаLab» шығармашылық орталықтары ашылды. Сондай-ақ рухани орда «Оқитын ел – озық ел» кітап оқыту жобасы арқылы «Рухани жаңғыру» әлеуметтік жобалар акселераторының қысқа мерзімді оқу бағдарламасын аяқтап, сертификатқа қол жеткізді. Аталған жоба Қазақстан бойынша үздік 40, Жамбыл облысының үздік 5 жобасының қатарынан табылып, «Рухани жаңғыру» әлеуметтік жобалар акселераторының жинағына енген болатын. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желілер арқылы кітапханашылар көптеген іс-шара өткізіп, жан-жақты ақпаратпен онлайн оқырмандарын қамтуда.
Жауапкершілігі мен жүгі ауыр, қызығы мен қуанышы ерек мәдениет және өнер сала қызметкерлерінің төл мерекесі құтты болсын. Әрдайым халқымыздың мәдениетін дамыту жолындағы атқарып жатқан істеріңіз жемісті болсын, әріптестер!

«Тұлға болып қалыптасудағы үлкен мектебім»

Ғалия АБЫЛАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы:

– «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, мәдениетті адам болу үшін білімді болу жеткіліксіз. Біліммен бірге тәрбие, әсіресе ұлттық тәрбие адамның болмысымен біте қайнасып жатуы тиіс. Ал жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің жойылып кетпей, асқақтауы жолында еңбек етіп жүрген қаншама маманның еңбегін елеусіз қалдыруға тіпті де болмайтыны хақ.
Негізгі мамандығым мәртебесі биік мұғалім болса да, еңбек жолымның бастауы мәдениет саласымен ұштасқандығына қуанбасам, өкінбеймін. Өйткені қыз-қыз қайнаған мәдениет саласындағы әрбір тіршілік мен үшін үлкен тәжірибеге айналды. Өнер адамдарының, кітапханашылармен қатар мұражай қызметкерлерінің, тарихи құжаттардың алтын қорына айналған архив саласы қызметкерлерінің тыныс-тіршілігімен терең танысып, ақпарат айдынында сөзбен суреттеу тұлға болып қалыптасу жолымдағы үлкен мектеп деп есептеймін.
Мол мүмкіндіктердің есігін ашып, мәдениет саласының өсіп-өркендеуіне үлесі басым әрбір маманды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жанып, тек биіктен көрініңіздер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.