Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ тілі – рухани негізіміз

0 603

Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқықтық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Тіл – ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қарым-қатынас құралы. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да құдіретті күш. Ол әрбір адамның ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Қазақстан жыл өткен сайын қарқындап дамып, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артты, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік. Біз осынау жылдар ішінде төл тарихымызды түгендеп, мәдени мұрамыздың қатарын толықтырып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарға мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», – деген болатын.
Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында білім мәселесімен бірге, үштілділікке де қатысты пікірін білдірді: «Бірінші, қазақ тілі. Өз тілін жарытпай жатып, ағылшынға асыққан дұрыс емес», – деген еді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы, басқа да мемлекеттік бағдарламалар республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін мақсат етеді.
Тәуелсіз Қазақстанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңында Қазақстан халықтарының барлық тілдері еліміздің тарихи-мәдени мұрасы және ұлттық игілігі деп айтылуынан түсінуге болады.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тіл саясатының негізгі мақсаттары, міндеттері және бағыттары атап көрсетілген болатын.
Қазақстан Республикасы 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні болып бекітілген. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деген ұлағатты сөздің иесі, қазақ халқының біртуар ұлы, Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша: «Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – «Рухани жаңғырудың» ең шешуші кезеңінің бірі. Бұл – қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құрылымдар да бар. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді», – деп атап өтті.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Сондықтан оны қоғамның барлық саласында белсенді пайдалана алатындай деңгейде дамытуымыз қажет. Мұны осылай істеуге міндеттіміз. Мемлекеттік тіл үстемдік етуі тиіс. Осының жолында баршамыз бірлесе атсалысуымыз керек. Сонда ғана ана тіліміз Ата Заңымызда көрсетілген лайықты мәртебесіне ие бола алады. Олай болса, ұлттық құндылықтарды барынша қастерлеп, қанға сіңген қасиетті дәріптеп, Мәңгілік ел болу жолындағы ізгі мұраттарға жете берейік.

Эльмира Мырза-Ғали,
«Анаға тағзым» орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.