Қалалық қоғамдық-саяси газет

Психикалық ауытқушылығы бар адамға қылмыстық жаза қолданыла ма?

0 223

Айдан әсем, күннен көркем, алты қат аспан, жеті қат жердің сырын ұғып, дөңгеленген дүниенің тілін білген адамның, ең ақылды тіршілік иесінің бір-ақ сәтте түк ұқпай қалуы мүмкін. Жаны мейірімге толы жанның қатыгездіктен көзіне шел бітуі, сүйген жүректің тасқа айналып, қалған ғұмырында ешкімді сүйе алмай қалуы, ең күрделі есептен, көбейту мен бөлу, азайту мен жаңартудан жаңылмаған жан соңыра қосу мен алуды айыра алмай қалуы да әп-сәтте екенін ойласаң, жан түршігеді. Күйінген көңіл, жүйкенің сыр беруі жадыны шаршатып, ақылдың істен шығуына алып келеді.

Біз табан тіреген қоршауы биік, алып ғимарат №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы деп аталады. Мұнда жүйке жүйесі сыр бергендер, ойлау қабілеті тежелгендер, туабітті өмір сүруге қабілетсіз жандар ғұмыр кешеді.
– Жүйке жүйесі дертіне біреу соққыдан ұшырайды. Депрессиядан да душар болады. Мәселен, біреуді ит қапқанда қорқыныштан жүйкесі сыр береді де, ауру болып қалады. Ал енді бірі, керісінше, ит қапқанда қатты үрейленгеннен жазылып кеткен. Ондай да жағдай орын алған. Бұл аурудың жеңіл, орта және ауыр түрлері бар. Адам басынан соққы алған жағдайда елеусіз жүре беруге болмайды. Ерте ме, кеш пе, соның зардабын тартуы мүмкін. Барлық ауруды дер кезінде емдеу қажет. Бұл орталықта сондай қамқорлыққа зәру жандарға медициналық, психологиялық және басқа да барлық қолдау көрсетіледі.
Мамандарымыздың бәрі білікті. Оған дәлел – биыл бір маманымыз облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» номи- нациясын жеңіп алып, сондай-ақ «Үздік кәсіподақ ұжымы» атандық, – дейді орталық директоры Мұрат Бердалиев.
Үй гүлдерімен көмкеріліп, тап-тұйнақтай, тып-тыныш көрінген мекемеде ақыл есінде ауытқуы бар адамдар жатады дегенге сену қиын. Бәрі орнында. Әр маман иесі өз қызметін атқарып жүр. Ұзын дәліз бойымен жағалай жүріп, ем алушылар бөліміне қарай аяқ басқанда ғана түрлі дыбыс- тар естіле бастады. Үлкен бөлмеде он шақты бала шұрқырасып ойнап отыр. Бірі аспанға қарап, саусақтарымен ауаға әлдене жазып әлек. Бірі төрт аяқтап, бір орынды айналып үріп жүр. Енді бірі көздерін көкке қадаған күйі үнсіз отыр. Бізді көргеннен қос қолын созып, арсалаңдай қуанған арбадағы балаға жақындадым. Қолымнан ұстап, өзіне тартып құшақтай алды. Бетімнен аялай сипап, жүзіме қарап жымиып қойды. Ол сөйлемейді. Тіпті ойлана да алмайтын көрінеді. Бірақ соншалықты мейірімді жанарының арғы жағынан өзінің кім екенін де білмейтін балаға қарап, еріксіз жанарыңа жас аласың. Сол сәт «Сәлеметсіздер ме?» деп дауыстаған үш қыздың дауысы ойымды бөлді. Жалт қарадым. Он алтыға таяған жасөспірім жасқа жеткен үш бойжеткен де ауыздарын жауып, сықылықтап күле бастады. «Атың кім?». Әрқайсысы өз есімін айтты. Болды. Көп сұрақ жауапсыз қалды.
– Арманың не? – дедім бір сәт жанарында от ойнаған сүйкімді қызға.
Кірпігін үздіксіз қағып, жан-жағына қарағыштап тұрды да:
– Арман жоқ менде. Арман деген не өзі?– деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
Мұнда отырған жеткіншектің бірі де бұл сұраққа жауап бере алмайды екен. Олар арманның не екенін білмейді де. Көбісі ойын жеткізе алмайды. Екі сөздің басын құрап, әңгіме айтуға миы жете бермейтін көрінеді. Сол сәт шашын сипап отырған қыз:
– Менде арман бар! – деп саңқ етті.
– Айта қойшы, арманың не?
– Анамды көру, – деді. – Мен туған соң балалар үйіне тастап кетіпті. Іздеп келсе ғой мені. «Мама» деп құшақтап алар едім, – деді де, қайтадан меңіреу күйге түсіп, көкке қарап отырып қалды. Өз санасында ештеңе түйсіне қоймағанымен, анаға деген махаббаты сөнбеген қос жанарға қарап тұрып, жүректегі сезімнің ешқашан сөнбейтініне көзім жетті.
Үлкендерге арналған бөлімге де ат басын бұрдық. Мұнда да сол көрініс. Бір қылық. Көзге түрпідей тиетін оғаш қимыл-қозғалыстар. Жөн-жосық, бейберекетсіз әрекеттер. Бірақ балалардан айырмасы сол – мұнда жүзін әжім торлаған үлкендер. Бұрышта егіз қозыдай бір-бірінен аумайтын екі әжейге көзім түсті. Апалы-сіңлі екен. Аттарын сұраған сәт олар бөліп-жармай, екі атты қосарлана атайтындықтарын ұқтым. Қарттығы жетіп, бірі алпысты алқымдап, енді бірі жетпіске жеткен әжелер мені тосырқап, бір-бірін құшақтай алды. Олар да тіршілікті түсінуден мақұрым. Алайда бауыр екендіктерін біледі. Мұндай сезімдерді еш ұстаздың үйрете алмасы анық.
Ақжарқын келіншек бұрын тұрмыс құрғанын, өзінің үш баласы бар екенін айтты. Ол өзінің мұнда жатқанына налып, балаларын сағынып жүргенін, әлі ұмытпағанын жеткізді. «Мені күйеуім басымнан көп ұратын. Содан алған жарақаттарымның әсерінен осы жерде жатырмын деп ойлаймын», – деді ол. Ал Жаңатас қаласында туып-өскен, отыздың жетеуіне шыққан қыз болса, осында бір жігітті жанындай жақсы көріп, соған тұрмысқа шыққысы келеді екен. Олар тіпті бір-бірін ұзақ көрмесе сағынып, уайымдап жылайтын көрінеді. Дүние есігін сап-сау ашып, ел қатарлы қызмет істеп жүріп те, әлдебір күйзелістен жүйкесі сыр беріп, осы орталықты паналап жүргендердің ішінде бір әдемі келіншек бар. Ол жоғары қызметте еңбек еткенін айтады. Өзін махаббаттың шоғы күйдіргенін, шын сүйген жігіті опасыздық танытып, отбасы бар болып шыққанын естігенде, осы дертке шалдыққанын есіне алды.
Бір күнімізді арнаған арнайы орталық біздің санамызға да төңкеріс жасады. Ойландырды. Жуырда қаламызда болған бір оқиға осы орталықтың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға түрткі болған еді. 20 қазан күні полиция бөліміне қоңырау шалған бейтаныс қыз Абай даңғылында орналасқан медициналық емхананың жанында 3-4 жасар баланы ер адамның аяусыз ұрғанын хабарлаған. Аталған фактіге сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталыпты. Полиция қызметкерлері баланы ұрған Жамбыл ауданының тұрғыны екенін анықтаған. Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқушылығы бары белгілі болды. 2018 жылдан облыстық психиатриялық ауруханада «Параноидты шизофрения, үздіксіз ағым, кататониялық синдром» диагнозымен есепте тұрған II топтағы мүгедек екен.
Жүйке жүйесіне зақым келіп, ойлау қабілеті тежеліп, күйзеліске түскен жандардың не істеп, не қойғаны өздеріне де түсініксіз. Осы орайда әсіресе күз бен көктемде жүйке ауруларының қоза түсетінін айтқымыз келеді. Өзге түгілі, өздеріне төнген қауіпті де сезіне алмайтын жарымжан жандарға қамқорлықтан бөлек, қадаға да қажет.
Ал бүлдіршінді соққыға жыққан адамды қандай жазаға тартқан жөн? Жалпы психикалық ауытқушылығы бар науқасқа қылмыстық жаза қолдануға бола ма? Бұл сауалдарға тергеу амалдары аяқталғаннан кейін жауап берілер. Алайда бұқара арасында мұндай адамдарды қоғамдық ортадан оқшаулау қажеттілігі айтылуда. Сіз бұған не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.