Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ тарихындағы құрылтайлар қалай өткен?

0 1  481

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланып, мүшелері де бекітілген еді.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», – деген еді Президент өз Жолдауында.
Осылайша ұлтты ұйыстыратын Ұлттық құрылтай алғаш рет ұлт ұясы Ұлытау төрінде бастау алған болатын. Ал өткен жылы құрылтай мүшелері қасиетті Түркістан төріне топтасса, өткен айда дәстүрге айналған жиналыс Жайық жағасында жалғасын тапты. Аталған құрылтай туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», – деген болатын.
Жалпы сарапшылар да Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан-жылға артып келе жатқанын жиі айта бастады. Айтуларынша, салмақты жиында тек мәселе айтылып қана қоймайды екен, оны шешудің жолдары да қарастырылады. Әрине, нәтижесі де байқағанымыздай, азаматтардың ұсыныс-пікірін айтатын ашық алаңға айналып келеді.
Тарихқа көз жіберсек, құрылтай – түркі-моңғол жұртына тән ресми кеңес, жиналыс атауы. «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саяды. Қазақта күні бүгінге дейін «ағайын-туыстың басы түгел құралып қалған екен» деп айтылып жатады. Жалпы құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, нақты көрініс тапқаны – Ұлы Моңғол ұлысы немесе Шыңғыс хан империясы құрылғаннан бергі кезең болып саналады. Құрылтай дәрежесіне қарай кіші және ұлы құрылтай болып бөлінген. Кіші құрылтай мен Ұлы құрылтайдың шақырылуы мен оған қатысу үшін шақырылатын тұлғалардың лауазым-дәрежелері өзгеше болғанын көреміз. Атап айтқанда, Ұлы құрылтай – ханның алтын ұрпақтары, нояндар мен биік лауазым иелері қатысқан ұлы жиын. Құрылтайға хандықтың билік өкілдерінің қатысуымен қатар, хан сайлау құрылтайына хан мен оның ханымдары, ұлдары, туыс-туғандары қатысатын болған. Әскери істер, қызметке тағайындау, келісімшарттар жасау, ішкі-сыртқы шаруалар, т.б. құрылтайда күн тәртібіне қойылып, шешіліп отырған. Сонымен қатар ханды таққа ұсыну, ханға кеңес беру, мемлекеттік биік лауазымдық билікті бейсауат әлдекімнің заңсыз иеленіп кетуінен сақтандыру, жаңадан сайланатын хан билігінің заңдық негіздемесін бекіту қатарлы мәселелер құрылтайдың маңызын арттырып отырған.
Сондықтан да Мемлекет басшысы құрылтай өткізу жоспарын тарихи кезді ескере отырып, осы бастаманы көтеріп отыр деп санаймын. Ұлттық санада ерекше орын алатын мұндай басқосудың қай ғасырдан бастап тарихымызда нақты орын алып келе жатқаны әлі күнге шейін толық ашылмаған. Қазақтардың тұңғыш құрылтайы мынадай уақытта өтті деген нақты тарихи дерек те жоқ. Дегенмен де, қазақтардың құрылтайы өткені күмәнсіз. Оған куә дерек – қазақ арасында ауызша сақталып жеткен мәліметтер мен соның негізінде түзелген мәйек сөз – «Күлтөбенің басында күнде кеңес» атты тіркес және сол құрылтайды ұйымдастырған билеуші Тәуке ханға «әз» лақабының таңылуы.
Көшпелі мемлекеттерде құрылтай өту үшін саяси-экономикалық тұрғыдан қарағанда «айы-күні толған», пісіп-жетілген бірнеше мәселелер жүзеге асуы қажет. Халықтың тарихи жадында Тәуке ханның билік құрған уақытын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт, мамыражай кезең ретінде сақталған. «Салқам Жәңгірден кейін Әз-Тәуке деген хан болды. Мұның өзі ақылды, табанды кісі болды. «Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды» дегендей, халықты жақсы басқарды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» – осы Әз-Тәуке тұсында айтылған сөз. Бұл Тәуке де терең ойлы, толық милы дөкей ірі хан болды» , – деп жазады қазақ шежіресінің білгірі Мәшһүр Жүсіп. Бұл туралы Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Тәуке ханға: «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді», – деген баға беріпті.
Құрылтайдың мақсаты не еді? Онда хандықтың (мемлекеттің) қандай мәселелері талқыланды? Оған кімдер қатысты? Құрылтайда қабылданған құжат неге «Жеті жарғы» деп аталған? Мұндай сұрақтарға жауап беру үшін көшпелі мемлекеттердің құрылтай өткізу тарихына шолу жасауға тура келеді. Көшпелі ру-тайпалардың басын біріктіріп, мемлекеттің тіршілік-тірлігіндегі көкейкесті мәселелерін шешуге қажетті заң жобасын талқылап, бекіту түркі-моңғол тарихында бірнеше рет болған. Оның бастауында, әрине, Шыңғыс ханның «Ұлы жасағы» тұр.
ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде таққа отырған Тәуке ханның алдында қазақ ру-тайпаларын бір орталыққа терең бағындырып, сыртқы жауға қарсы күш біріктіру мәселесі көлденеңнен тартылады. Хандықтың ішкі бірлігін нығайту, оған көрші елдің беделді рубасыларын тарту үшін қазақ ханы «Жеті жарғыны» қабылдатуға күш салады. Сонымен қатар басты саяси мәселе ретінде қазақ деген ұлт бір-бірін қандас деп қарап, бірін-бірі құл етпеуге, бірін-бірі өлтірмеуге ант берісу, бәтуаласу қабылданған секілді. ХVІІІ ғасырдағы билердің Күлтөбеде осындай саяси шешім қабылдағанын айғақтайды. Құрылтайда Ұлы жүзге Төле би, Орта жүзге Қазыбек би, Кіші жүзге Әйтеке билер қабылданған заңның орындалуын қадағалаушы көсемдер ретінде белгіленеді.
Қазақ ел басына екіталай күн туғанда құрылтай шақырып отыратынын жоғарыда жаздық. Сол дәстүрдің жалғасы жоңғардың жойқын шабуылдарына тойтарыс беру үшін 1710 жылы Қарақұмда шақырылған құрылтай қазақ батырларының жасақтарын Әбілқайыр хан мен Бөгенбай батырдың қол астына біріктіріп, бір жұдырықтай біріккен қол жауға тойтарыс береді. Бұл жиналыс туралы белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали қазақ тарихындағы негізгі екі құрылтайды атап өтеді. Қарақұм құрылтайын 1710 жылы бүкіл қазақтың өкілдері жиналып, үш жүзді жоңғардың басқыншылығына қарсы күресті ұйымдастыру үшін құрған. Ол құрылтай Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұм алқабында өткен. Бұл басқосуға негізгі ықпал жасаған Тәуке хан болыпты. Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды, құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастыру жоспарын құрған. Бұрынғы бейбіт кездегі құрылым жеткіліксіз болғандықтан, енді соғыс жағдайындағы қорғаныс қабілетін нығайту үшін сұлтандардың билігін шектеп, негізі шешуші тұлғаларды, үш жүзге жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды. Жиынға қатысушылардың пікірлері оған ортақ болған жоқ, дегенмен бұл сол кездегі тарихи ұлы жиын еді.
«Бөгенбай Қараұлы деген батыр болды, халықты жоңғарларға қарсы шабуыл жасауға көндірді. Көпшілік «аңдысын аңдиық» дегендей пікір айтқанда, батыр Бөгенбай шабуыл жасауға көндірді. Бұл басқосуда хандар арасынан жоғарғы қолбасшы сайлау туралы мәселе көтерілді. Оған Қайып сұлтан мен Әбілқайыр хан қатысты. Сөйтіп, жасақтарға басты қолбасшы Бөгенбай жетекші болып сайланып, хан билігі Әбілқайырға берілді», – дейді С.Ерғали.
Жау жағадан, бөрі етектен алған 1726 жылдың күзінде Алаш баласы Ордабасы тауында бас қосып, бүкілқазақтық құрылтай өткізеді. Жалғыз мақсат – ұлы даланы жау қолына бермеу, берекені бекемдеу. Себебі бұл кезеңде жоңғар шапқыншылығының қазақтарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар етуіне байланысты болды. Міне, соған қарсы алты Алаштың бүкіл бас көтергендері жиналып, Бадам өзені бойындағы Ордабасыда тарихи басқосу болды. Бұған қазақтың хандары, үш жүздің сұлтандары, билері, батырлары келді. Қазақ халқының ең таңдаулы өкілдерінің бас қосқан бұл жиынында жауға күйрете соққы беруді, орталықтандырылған күшті басшылықты қалай ұйымдастыруды шешу керек болды.
Қазақтар бір-біріне барынша берілген, адал болуға осы Ордабасыда ант берісті. Құрылтайға қатысушылардың бір ауыздан ұйғаруымен Әбілқайыр хан бүкілқазақтық әскери жасақтың бас қолбасшысы болып сайланды. Бүкілхалықтық әскери жасақтың бас сардарбегі болып батырлар арасынан Қанжығалы Бөгенбай бекітілді. Ордабасыдағы осы құрылтай жиналысының шешімдері қазақ халқының жоңғар басқыншылығына карсы азаттық күресінде өте маңызды рөл атқарды. Қазақ қоғамының бүкіл күш-жігерін нақты іс жүзінде біріктіру қолға алынды. Әрбір ру өзінің жауынгерлік жасақтарын құрып, бүкілқазақтық үлкен жасаққа алып келіп қосуды қасиетті міндетіміз деп білді. Ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері және оған қатысушылар басқыншы жауға карсы күреске бүкіл қазақ халқы көтерілді. Ірі-ірі әскери жасақтарды Әбілмәмбет, Барақ, Сәмеке, Әбілқайыр, Сұлтанбет сияқты хандар мен сұлтандар, Шыңғыс ханның басқа да көптеген ұрпақтары басқарды. Жас сұлтан Абылайдың беделі тап осы кезеңде көтерілді. Ол кейін қазақтың аса құрметті, беделді де айбынды ханына айналды. Азаттық күресіне идеялық басшылық жасауды қазақтың үш жүзінің аса көрнекті үш биі өз міндеттеріне алды. Басқыншыларға қарсы қарулы қарсылықты ұйымдастыруда қазақтың әртүрлі рулары мен тайпаларынан және жүздерінен шыққан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Жасыбай, Есет, Малайсары, Баян, Олжабай, Қожаберген, Түгел, Бөлек, Шақантай, Қошқарбай, Байболат сияқты басқа да көптеген батырлары маңызды рөл атқарды. Батырлар жеке дербес жасақтарды басқарды және оларды қанды шайқасқа, ерен ерлік көрсете отырып, өздері бастап кірді. Олардың бәрі де Әбілқайыр хан мен Бөгенбай батырдың жалпы басшылығымен, қатаң жауынгерлік тәртіпті сақтай отырып, үйлесімді ұрыс қимылдарын жүргізді. Жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасқа әйелдер де белсене қатысты. Атап айтқанда, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Абылай сұлтанның қызы Айтолқын, Бұланбай батырдың қызы Айбике және басқалары жаумен қаһармандықпен шайқасты. Ал Қабанбай батырдың әйелі Гауһар батыр барлаушылар жасағын басқарды. Ол барлық ірі шайқастарға да қатысты. Кейінірек балалы болып, босанғаннан кейін соғысқа өзінің үлкен қызы Назымды жібереді.
Ал 1771 жылы Абылай сұлтан Түркістанда үш жүздің хан-сұлтандары, би-батырларының қатысуымен хан сайланып, оған жиналған игі жақсылар жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан бытырап кеткен елді қайта тұтастыруға ұмтылған болатын. Абылай ханды дәріптейтін атақты Бұқар жыраудың:
Күпшек санды күреңді,
Тәбияға жаратқан,
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан,
Айбалтасын алтынменен булатқан,
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан,
Лабашы деген бір еліні
Антыменен улатқан,
Ераншы мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Беріштесін жұрт үстінен дулатқан,
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан,
Болаттан шеге соқтырып,
Шаңырағын торлатқан, – деп келетін мадақ толғауы – қайта еңсе көтерген елдің шат-шадыман көңілін, қуанышын да білдіретін көркем жыр кестесі.
Айбарлы Абылай хан тұсында екі ұлы көршімен және Орта Азия хандықтарымен бірде қанды қақтығыс, бірде дипломатия әдісімен бекітілген елдің шекарасы ХІХ ғасырда геосаяси астамшылықтың тақтасына түсіп, етек-жеңі тарыла бастағанда, Кенесары Ұлытаудың етегінде құрылтай шақырып, хан сайланып, үш жүздің атынан жердің тұтастығы, елдің азаттығы үшін соғысқа кірісіп еді. Сондықтан Ұлытау – әр қазақ үшін ыстық ұя.
Қазақтың кенже ханы Кенесарыдан кейін, ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері «кеткенді қайта келтіруге» күш салып, қалыптасқан тарихи жағдайдың шындығына қарай елдік мәселені талқылайтын жиын, сиез өткізуге ұйытқы болды. Сол кездегі заманының сазы мен қолданыс қалпына сай «сиез» немесе «басқосу» деп аталған жиынның мән-мағынасы бұрынғы құрылтайдың мазмұнымен мәндес болды.
Отарлық қамыт мықтап мойынға салған патша заманында саяси мәселені талқылайтын жиын өткізу қиын соғып, ол бір мұң болған тұста Алаш қозғалысын құрып, оны қалыптастырып, оңтайлы саяси сәт туғанда бірнеше сиез шақырып, алдымен Алаш партиясын құрып, кейінгі бұлғақ басталып, аласапыран арпалыс жүрген дәуірде Алаш автономиясын құру туралы саяси шешімдер қабылданған жиынды «сиез деген құрылтай емес, құрылтай мүлде бұл емес», «автономия жарияланбады» дегендей ойды білдіретін бұра пікірлер пайда бола бастады.
Жариялау – болған істі жұртшылыққа паш ету. Қоғамда, тарихты пайымдауда әлде бір іс туралы көпшілік, жұртшылық хабардар болған соң, оның ісі заңды деген ұғым-түсінік орныққан. Бұл – қазіргі біздер үшін заңнамалық мәселе. Заң жоқ кезде ол қалай бағаланады? Халық «заң жоқ, закон жоқ» деп шағынатын мұндай кезең тарихта болған ба? Қазақ қайраткерлері Алаш автономиясын құрып жатқан уақытта Ресей қоғамында нендей жағдай орын алған еді? Заңды билікті Уақытша үкіметтен бәлшебектер партиясы 1917 жылдың қазан айында қару кезеніп, бүлікпен тартып алды. Заңсыздық орын алған вакуум пайда болды. Бәлшебектер көп ұзамай «Бүкілресейлік Учередительное собрание» деп аталған өкілеттік органды, яғни қазіргі парламент институтын таратып жіберді. Ал енді осындай дүние астан-кестең болып жатқан кезеңде, яғни 1917 жылдың 12 желтоқсанында автономияны жариялауды кейінге қалдырған сиездің саяси шешімін сол тұстың шындығынан қарап көрейік. Заңды үкімет жоқ, «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ», ал құрылған автономияның әскері, күштік құрылымы жоқ. Ішкі жағдай да мәз емес: қазақ арасында артықшылыққа ие болып үйренген өзге жұрт өкілдері тұрады, олар бұл саяси актіге қалай қарайды? Қазақ ұлты да тұтас емес: бірі – Түркістан автономиясында, бірі – Алаш автономиясы құрамында. Сондықтан сиез қорытындысында біткен істі (құрылған автономияны) асығыстық жасап, ішкі-сыртқы жағдайдың күрделілігіне байланысты бүлдіріп алмайық деген саяси сақтық мәселесі басым позицияға ие болған деп топшылауымызға болады. Кейінгі оқиғалар бұл шешімнің қате болмағандығын да көрсетті.
Алаш арыстарының арманы орындалып, тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдары Алматыда тағы бір салтанатты құрылтай өтті. Яғни 1992 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әлемнің 33 елінен 800-ден аса өкіл қатысқан болатын. Әлем қазақтарының құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашты. Құрылтай кезінде шеттен келген қандастарымыз Қазақстанның киелі де көрікті жерлерін аралады. Олар екінші Мекке атанған Түркістан қаласында болды. Жезқазған, Ұлытау секілді киелі жерлерге табандарын тіреп, ата-баба рухына тағзым етіп қайтты. Әрине, еңсесін енді көтере бастаған елдің басты міндеттерінің бірі – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды қайтарып, әр салада жағдайларын жақсарту және олардың ішінен Қазақстанның болашағын жарқын етуге үлес қосатын азаматтарды іздеу еді. Айта кетер болсақ, 1992 жылы 30 қыркүйектегі кездесуден кейін 2002 жылы қазан айының 23-інде қазақтың бірнеше хандары мен билері жатқан Түркістан қаласында II Дүниежүзілік қазақ құрылтайы өтті. Кейіннен 2005, 2011, 2017 жылдары Астана қаласында жаһан қазақтарының құрылтайлары өткен болатын.
Міне, осындай маңызы мен мәні бөлек құрылтай жаңа Қазақстанмен бірге жаңғырып, жаңаша сипат алып келеді. Оған дәлел – біз сөз етіп отырған Ұлттық құрылтай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер еместігін жиі айтады. Яғни құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. «Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», – деген болатын.
Әрине, Атыраудан Алтайға дейінгі ұланғайыр даласы бар, Алтайдан қарт Каспийге дейінгі алып аумақты қамтыған қазақ мемлекеттігін сақтап, дала демократиясын қалыптастыруда Ұлттық құрылтайдың жөні бөлек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.