Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандық жұлдыздар танылғанға дейін кім болып жұмыс істеген?

0 721

Тележүргізуші Айгүл Мүкей кезінде балабақшада күтуші болса, табысты актер Жахан Отарғалиев телефон жөндеумен айналысқан. Иә, елдің алдында жүрген танымалдар да аспаннан топ ете түскен жоқ. Медиа тұлғалардың арасында бір кездері қара жұмыс істеп, саудамен айналысқандары да жетерлік. Stan.kz ақпарат агенттігі қазақстандық жұлдыздардың бұрынғы кәсібі жайлы топтаманы ұсынады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, Жахан Отарғалиев кәсіпті телефонға бірлік салудан бастаған. Кейіннен «қызметі көтеріліп», смартфон жөндеп, алып-сатумен айналысқан. Анасы ұлын сахнада көруді армандағандықтан, бәрін тастап, Тұрсынбек Қабатовтың қарамағына кірген. Онда да жұлдызы бірден жанбапты.

Бірнеше жыл бойы Тұрсынбек оқыған монологтарға идея беріп, сахнаға микрофон алып шығушының қызметін атқарған Жахан бүгінде сұранысқа ие актер. Жақында өзінің «Джохан» атты тырнақалды фильмін халыққа ұсынбақ.

Артур және Асылхан Төлеповтерді халық «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін таныды. Әсіресе Сартайдың рөлін сомдаған Асылханның айы оңынан туып, жұлдызы жанды. Алайда ағайынды Төлеповтер де үлде мен бүлдеге оранып өскен балалардың қатарында емес. Қарапайым отбасында тәрбиеленген Артур мен Асылхан ата-анасымен бірге 15 жыл жатақханада тұрған. Ал студент кезде базарда банан сатқан.

Жастай «Музарт» тобында ән салған Сәкен Майғазиев болса алғаш үйленген жылдары жұбайымен бірге дүңгіршекте нан сатқанын айтады. Әнші өткеніне арланбайды. Керісінше, қандай тірлік істесең де, ең бастысы, адал жолмен нан тап деген ұстаныммен өмір сүреді.

Қайрат Нұртас танымал болмас бұрын әкесімен бірге саудамен айналысқан. Әкесі Нұртас Айдарбеков кәсіпті азық-түлік дүкенінен бастапты. Анасы Гүлзира Айдарбекова да бала күнінен саудаға жақын болып, киім сатқанын талай айтып жүр.

Майра Ілиясова: Күйеуіме өзім іздеп жүріп жас тоқал алып бердім, ол ұл туып берді
Альмира Тұрсын Ақан Сатаевты жұбайынан ажыратты ма? Актриса жауап берді
Танымал режиссер Талғат Теменов болса, бір кездері мектепте қарауыл, одан қалса аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Киногер студент кезде қосымша табыс тауып қана қоймай, күзетшілік уақытын тиімді пайдаланып, қазақ әдебиетінің жауһар туындыларымен танысқан.

Абай Бегей өнерге келмес бұрын мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеген. Кейін саудаға басын сұғып көрген.

Ең танымал актерлердің бірі Тәуекел Мүсілім болса телебайланыс саласында оператор болып қызмет атқарған. Жоғары оқу орнында «көлік құрастыру» мамандығын тәмамдаған ол 2 жыл осы салада жұмыс істепті. Алғашқы айлығы да есінде – 70 мың теңге. Кейін өзін модель ретінде сынап, ақырындап өнерге келген.

Ал «Шімән апаны» сомдайтын актер Ерболат Төлегенов мектеп қабырғасында жүргенде науқас әкесіне көмектесу үшін автобус кондукторы болып істеген. «Оның ешқандай әбестігі жоқ. Күніне 500 теңге табатынмын. Жұрттың балалары 6 күн оқып, жексенбі күні ұйқысын қандыратын. Ал мен жексенбі күні таңғы 4-те тұрып, автопаркке баратынмын. Кешкісін өзеннің ортасына барып, газельді жуатынмын. Оған 200 теңге қосып беретін», – деген еді Ерболат Hit-TV арнасына берген сұхбатында.

Ал Айгүл Мүкей мектеп шағында, жазғы демалыс кезінде балабақша күтушісі болып істеген. «Өте ауыр болды. Таңғы 6-да келіп, компот пен ботқа толы шелекті таситынмын. Ал түстен кейін 30 жазылмалы керуетті жазып, оған 30 матрас төсеп шығатынмын», – деп жазған болатын Айгүл желідегі парақшасында.

Айдана Меденова да студент кезінде түрлі жұмыс істеп көрген. Өнер жұлдызы танымал болғанға дейін, дәмханада ыдыс жуып, даяшы болып, тіпті фотограф болып үлгерген.

«Университетте кей студенттерге ақшаға сурет салып беретінмін. «Сенің жолың болған» дегенді естігенде қатты күлкім келеді. Менің отбасымның басынан өткен нәрсені ешкімге тілемеймін. Аллаға шүкір, ата-анамыз біздің бойымызда еңбексүйгіштік пен өр рух қалыптастырды», – деген еді Айдана.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.