Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата аспанында күй мен жыр қалықтады

0 328

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығынан «Домбыраның қос ішегі» атты облыстық дәстүрлі өнер байқауы өтті.
«Баласағұн» ОКЗ-да өткен шара ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жергілікті күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттау, өңірде жыршылық, термешілік, күйшілік дәстүрді жалғастыру, жастарымызды ұлттық өнеріміздің қыр-сырына баулып, үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал жасау болатын. Тиісінше шара аясында көрме ұйымдастырылып, түрлі зергерлердің қолынан шыққан құнды бұйымдар мен, бағалы заттар және өзге де қолөнер туындылары қойылды. Сонымен қтар, көрермен қауым көне тараздың күмбірін тыңдап, ұлттық домбырамыздың үні мен дәстүрлі жыр-термелерге сусындады.
Байқау басталмас бұрын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін аңызға айналған «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаев тікелей эфирге арқылы залдағы көрермен мен байқау үміткерлеріне жылы лебізін арнап, конкурсты тікелей эфирден тамашалады.
Аталмыш шараға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев (қазылар алқасының төрағасы), жыршы-термеші, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Ертай Тазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Ержан Рысметов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков және облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов қазылық етті.
Байқау жыршы-термеші және күй орындау номинациялары бойынша өтті. 11 жыршы-термеші, 9 күйші қатысқан дүбірлі доданың нәтижесінде жыршы-термешілердің арасында Бас жүлдені Ерғат Тәжібаев (Қордай ауданы) жеңіп алды. І-орынды Айбек Қарасаев (Байзақ ауданы), ІІ орынды Нұрлыбек Таласбаев (Жамбыл ауданы), ал ІІІ-орынды Ерлан Сәулебаев (Шу ауданы) иеленді.
Ал, күй орындаушылардың арасында бас жүлдені Жанат Әліби (Жуалы ауданы), І-орынды Рауан Жексенбі (Байзақ ауданы), ІІ-орынды Ерболат Әлімқұл (Жамбыл ауданы), ал ІІІ-орынды Жанболат Алғабек (Шу ауданы) иеленді.
Шара соңында Аяз Бетбаевтың жұбайы Гүлшара Сауырбаева байқауды ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Аяз Бетбаевтың әндер жинағы мен кітабын бас жүлде мен бірінші орын алған үміткерлерге табыс етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.