Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ руханиятының көшбасшысы

0 1  871

Бүгінгі ұрпақ есімін құрметпен атайтын айтулы тұлғалардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов. Ол халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, жұртшылықпен етене араласқан басшы ретінде елдің есінде қалды. Қазақы қалпымызды сақтауға және мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтың руханият тарихында алатын орны бөлек. Әсіресе Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары болып қызмет істеген тұсында ұлттық ой-сананың ілгерілеуіне ерекше еңбек сіңірді. Биыл қазақ руханиятының көшбасшысына айналған Темірбек Жүргеновтің дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Атаулы мерейтой «ТҮРКСОЙ» ұйымы деңгейінде аталып өтуде.

Бұрынғы және қазіргі дәуірдегі энциклопедиялық еңбектерде халық комиссарының ұлтымыз үшін аянбай қызмет еткені, Орталық Азия мен Қазақстандағы мәдени құрылыстың тарихын алғашқы зерттеушілердің бірі болғаны және оның тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланғаны туралы айтылады.
Темірбек Жүргенов бар ғұмырын бай мен кедейсіз, барлық адам тең құқыққа ие жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады. Мұның өзі таңғаларлық, өйткені нағыз революционер әрі коммунист ауқатты отбасында 1898 жылы өмірге келген. Әкесі Қара мен атасы Қуан – қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында жүздеген табын жылқылары болған жандар. Темірбектің анасының аты – Жаншы. Ол өте сұлу, сымбатты болған, баласы десе ішкен асын жерге қойып, оны ерекше еркелетіп Темірше деп атайды екен. Алайда ұлы екі жасқа енді толғанда ауырып қайтыс болады. Әкесі екінші рет Кәмпит деген қызға үйленеді. Ол Темірбекті туған баласындай тәрбиелеп, өсіреді. Әкесі Қара мал шаруашылығымен айналысқанымен, білімі болмаған. Темірбектен басқа Қараның Досжан, Қосжан және Ысқақ деген тағы да үш ұлы болған. Темірбек талантты, алғыр және білімқұмар болған. Алғырлығының арқасында ол екі кластық орыс-қазақ ерлер училищесіне оқуға түседі. Көп жылдар өткен соң Темірбектің бай отбасынан шыққаны оның ісін ауырлататын жағдайға айналады. Ал егер де Жүргеновтің отбасы ауқатты болмаса, онда ол лайықты білім ала алмас еді.
Училищені бітірген соң, ол білімін Уфадағы Жер өлшеу училищесінде оқуын жалғастырады, бірақ Азамат соғысы басталып, оқуын аяқтауға кедергі келтіреді. Темірбек болыстық ревкомдарда жұмыс істеп, ақгвардияшылармен күреседі, ал 1923 жылы Орынбордағы журналистика факультетін бітіреді. Ол жерде Темірбек танымал аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шәкірті болады. Соның арқасында Т.Жүргенов алты тілді, оның ішінде ескі өзбек және тәжік тілдерін еркін меңгереді. Темірбек туралы алғаш рет оның Ташкенттегі оқуы кезінде айтыла бастайды. Сол жылдары қазақ интеллигенциясының көптеген өкілдері Ташкентте оқыған, сол кездің өзінде жас та болса Жүргенов көпшіліктің ішінен прогрессивті көзқарасымен ерекшеленіп отырған. Ол заң факультетін үздік бітіріп, оның әкімшілік-шаруашылық позициясымен қазақ жерлерін аудандастыру туралы дипломдық жұмысы жоғары баға алып, жеке кітап болып шығарылады. Оның зерттеу мақалалары жергілікті басылымдарда шығып тұрған. Жүргенов қоғамдық өмірге белсенді араласып, ақырында студент болып жүрсе де, Қазақ ССР-нің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі болып тағайындалады.
Әрине, Кеңес үкіметіне қалтқысыз қызмет еткен Темірбек Жүргенов те қоғамға үстемдік орнатқан идеологияның жетегінде болғаны даусыз. Сондықтан оның мақалаларында бар жақсылықты сол кездегі жүйеге теліп, сол тұстағы көсемдердің есімімен байланыстыру үрдісі қалыптасты. Бүгінгі қүннің биігінен қарағанда қайшылықты пікірлерімен ерекшеленетін енбектері де баршылық. Дегенмен оның басты ниеті қазақ ұлтының көшін ұзартып, тұрмысын ілгерілету болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Академик Серік Қирабаев «Темірбек нарком» деген мақаласында былай дейді: «Мен бұл есімнен хабарсыз емес едім. 30-жылдардың әдебиеті тарихын зерттеп жүргенде, әдебиетпен тікелей байланыста дамитын мәдениет мәселелеріне назар аударғам. Жүргенов есімімен де талай кездескем. Қазақстандағы оқу жүйесі мен мәдениет саласына үлкен енбек сіңірген, дәстүр мен мәдениеттің ұлттық сипатын жарқырата көрсетуге ұмтылған үлкен қайраткер екенін ұққам». Сондықтан Темірбек Жүргенов тұлғасын білім мен мәдениет саласынан бөліп қарай алмаймыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Қазақстанның оқу-ағарту жүйесіндегі оң өзгерістердің бәрінде де оның қайраткерлік қолтаңбасы бар.
Темірбек Жүргеновтің шығармашылық мұрасының ішінде ұлттық мүдде мен ұлттық салт-сана мәселесіне байланысты еңбектерінің өзі бір алуан. Оның барлық мақалаларында қазақтың санасына ой салуға деген ұмтылысы айрықша байқалып тұрады. «Ұлттық сананың ең негізгі белгі- сі – әр ұлттың өзін-өзі танып-білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу», – деген тұжырымға сүйенсек, оның қайраткерлігі мен қаламгерлігі осы міндетті орындау жолында тоғысқанын анық аңғарамыз.
Елдің басына орнаған жақсылыққа толы заманды Асан қайғы бабамыз іздеген Жерұйықпен салыстыру үрдісі қай кезде де болды. Мәселен, еліміздің еркіндік алған бүгінгі дәуірін де осы қастерлі ұғымға теліп, ұлтымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізуінің нақты көрінісі деп танып жүрміз. Себебі қазақ халқының жағдайы қай кезде тәуір саналса, сол тұс қанағатшыл жұртшылық үшін Жерұйық секілді бағаланады. «Жерұйық пен Жиделібайсынды таптық» деп сезіну – ұлттың өз заманына разылығының, елдің бақуатты болғанының белгісі. Темірбек Жүргеновтің өз тұсындағы танымы бойынша зерделесек: «Асан қайғы осы күнге халықтың есінде. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқан тамаша жер туралы ертегіні біреуден-біреу естіп, әлі күнге дейін халық аузынан тастамай айтумен келеді. Бірақ біз Жерұйықты көзбен көріп отырмыз – бұл қазіргі Қазақстан». Әрине, көрнекті қайраткер сол кездегі дағды бойынша осы игіліктің бәрін Кеңес үкіметінің шапағатымен, оның көсемдерінің бағыт-бағдарының дұрыстығымен тығыз байланыстырады. Бірақ ол осы саяси мінберді өз ұлтының жетістіктерін көрсету, халқтың өсіп-өркендеуіне жағдай туғызу үшін тиімді пайдаланды деуге болады.
Бұл мақаланың идеологиялык сипаты басым екендігіне қарамастан, онда ұлттың мүддесі толық ескерілгені дау тудырмайды. Жүргенов кез келген жазбасында қолға алып отырған мәселесін өз халқының ахуалына қарай бейімдейді. Ежелгі рухани құндылықтарды елдің санасына сіңіру арқылы ұлттық танымды қалыптастыруға тырысады. Көнеден тамыр тартқан жәдігерліктерді таныту мақсатымен «Жерұйық» атты мақаласын жазған кезінде осындай міндет алға қойылған секілді. «Асан қайғы халықтың мұңын жырлаған, қазақтардың болашағын әдемі сөзбен суреттеген. Өз бастарының қамын ғана ойлап, келе жатқан қауіп-қатерді көре алмай отырған хандарды мейлінше сөккен. Асан қайғының қауіп деп отырғаны Ресейдің қазақ даласын бағындырып алуы жөніндегі әрекеті еді», – деген қайраткердің пікірін ұлт тағдыры туралы ой өрбіткені деп түсінгеніміз абзал.
Т.Жүргенов «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» атты мақаласында Александр Пушкиннің шығармашылығын жан-жақты талдайды. Оның бар болмысы туралы қазақ ұғымына түсінікті тілмен баяндайды. Қазақтын ұлы ақыны Абайды айта отырып, Пушкиннің табиғатына терең үңіледі. Біздің ақын-жазушыларымыздың Пушкин туындыларына қызыққан себептерін ұғындыруға тырысады. «Сұлулықты Пушкин стилінің көркемдік дәрежесіне жете суреттеген асқан ақындықты Абайдан бірінші рет көрдік деуге болады», – деп тұжырымдайды. Абай арқылы қазаққа мәлім болған орыс ақынының танымал кейіпкерлерінің мінез-кұлқы мен өз елінің адамдарының кескін-кейпінен сабақтастық іздейді. Тумысынан педагог Жүргенов ұлттық сананы оятып, берік қалыптастырудың тәсілдерін үнемі қарастырып жүретінін аңғаруға болады. Қайраткердің байыптамасы бойынша: «Пушкин суреттеген Онегин мен Татьянаның образдары, олардың сүйіспеншілігінің тарихы қазақ бұқарасына ұғымды болатын тағы бір себебі бар… Помещиктер тегінен шыққан, тентек мінезді, жеңілтек, білімді әйелге немкетті қарайтын Онегинді қазақ бұқарасы жексұрын салдарға, бұқарадан қол үзген, қазақтың семьясына көп әлек салған. Қазақтың талай қыздарын сырты жылтырап алдап-арбаған сұмырай тілмаштарға ұқсатады». Осы пікірді саясаттың ыңғайында айтылған деп санағанның өзінде бәрібір қазақы ұғымға орайластыруға тырысушылық байқалып тұрғаны белгілі нәрсе.
Т.Жүргеновтің халықтың ұлттық танымын кеңейтуге бағытталған елеулі еңбегі – «Қазақстандағы мәдениет революциясы» атты мақаласы. Бұл – ұлт мәдениетінің жай-күйі, оны өркендету туралы толғам. Идеологиялық ұстанымына назар аудармай, негізгі мәселесіне ойыссақ, оның ұғымындағы «Қазақстан дегеніміз – Октябрь революциясы туғызған еңбекші қазақ елі, сол қазақтың жері, сол қазақтың ұлты». Сөйтіп, ол қалай болғанда да өз көзқарасы арқылы ұлттық сананы дәріптеумен болды. Идеологиялық иірімнің бәрін қазақ ұлты деген ұғымның төңірегіне топтастырды. Өз тұсындағы жаңа заман қазақтың ұлттық болмыс-бітіміне жаңалық әкелді, рухани мұрасын кеңінен қолдануға жол ашылды деп топшылады. Оның барлық ұстанымы жаңа биліктің шарапаты қазаққа пайдасын мол тигізді дегенге саяды.
Тарихымызға үңілсек, өз қандас-тарымыздың ішінде ұлттық музыкалық аспаптарымыздың кең таралуына қарсы шыққан басшылардың да болғанын білеміз. Ал қайраткер Жүргенов қазақтың қара домбырасының келешегіне алаңдады. Жаңа дәуір ұлттық аспаптың бағын ашты деп бағалады. Ардақты азаматтың: «Искусство дегенде қазақта жалғыз домбыра болатын. Оның өзі де қадірсіз болушы еді. Домбыра ұстаған адам сүтке тиген күшіктей болып, дoмбыpacын қолтығына тығып жүруші еді. Домбыра ұстаған жыршының – искусство адамының хан-төреге, байларға тек ермек, мақтау үшін болмаса, шынында, қанша қадірсіз болғанын Абайдың өлеңдерінен де көруге болады», – деген байыптамасы осыны аңғартады.
1924 жылы Жүргенов Орта Азия мен Қазақстан арасындағы ұлттық мемлекеттік шекараны белгілеу мәселесі тақырыбында дипломдық жұмысын бастайды. 1926 жылы дипломын сәтті қорғап, еліміздің территориялық тұтастығының сақталуына зор үлес қосады. Айта кету керек, Темірбектің дипломдық жұмысы шыққанға дейін елдің партиялық элитасы «Жетісу мен Сырдария жерлері Өзбекстанға өтуі керек» деген пікірде болған, бірақ Жүргенов бұл жерлердің Қазақстанға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген. Университетті тәмамдаған соң, Темірбек Жүргенов 1929 жылға дейін Қазақ педагогика институтының ректоры болып жұмыс істеген. 1929 жылы Жүргенов Тәжік АССР-нің қаржы халық комиссары болып тағайындалады. Кейін 1930-1933 жылдар аралығында Өзбек АССР-нің халық ағарту комиссары болып қызмет етеді. Ташкенттегі жұмысы кезінде Жүргенов бірнеше театр ашып, елдің мектептері мен жоғары оқу орындарының дамуымен айналысады. Тәжікстандағы жұмысы кезінде ол тәжік ғалымы, академик Садриддин Айнимен танысып, олар Фирдоусидің «Шахнамесін» қазақ тіліне аудармақшы болып шешеді. Қазақстанға оралған соң ол өзінің ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға шақырып, он айдың ішінде Фирдоусидің «Шахнамесінің» қырық мың жолын қазақшаға аударады.
1933 жылы Жүргенов Қазақ АССР-нің халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Келесі жылы-ақ Қазақстанда мәдени және білім беру революциясы басталады. Атап айтсақ, бүкіл республикада бастауыш білім берудің алты айлық курстары ашылып, жүздеген мың оқулық шығарылады, ал оқушылар саны миллионға жетеді. Бұдан басқа, Т.Жүргеновтің бастамасы бойынша елімізде көшпенділердің балаларына арнап арнайы мектеп-интернаттар ашылып, олар «көшпенді мектептер» деп аталады. Сол сәтте жұмыс қызу жүріп, Темірбек жаңа оқу орындарын салуға кіріседі. Сөйтіп, оның басшылығымен алғашқы үш жылдың ішінде бір ғана Алматыда 17 жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар оқу бағдарламаларының ұлттық танымға қызмет етуін, халықтық дәстүрден алыстамауын ұдайы назарда ұстады. Т.Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Ермекованың естелігіне жүгінсек: «Ол өзі облыстарға, аудандарға баратын, көзімен көріп, құлағымен естігенді жақсы көретін. «Кабинетте отырып іс шықпайды» дейтін. «Мұғалімдер дайындау, олардың тұрмыс жағдайын түзеу, балаларды оқыту, мектептер салу керек» деп көп айтатын. Сөйтіп, Алматыда үш жылда 17 мектеп салынды».
Т.Жүргеновтің кезінде қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), ветеринарлық институт және С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) есігін айқара ашты. Ағарту мәселелерімен қатар, Темірбек Жүргенов мәдениет мәселелерімен де айналысады, ол Қазақ АССР-і Өнер ісі жөніндегі комитетті басқарады. Комитет төрағасы лауазымында ол дарынды жастарды мейлінше қолдап, кейбір партиялық функционерлердің орынсыз тиісулерінен қорғап жүрген. Осылайша Жүргеновтің қолдауымен Қазақ ССР халық суретшісі Әбілхан Қастеев 1930-шы жылдардың бастарында Н.Хлудовтың шеберханасына қабылданып, кейін Мәскеуге оқуға жіберіледі.
Темірбек Жүргеновтің биік лауазымды қызметте жүргенде ұлт мәдениетінің жанашыры болып қана қоймай, оны жетілдіруге, өсіп-өркендетуге зор үлес қосқаны баршаға мәлім. Ол өз мақалала-рында ұлттық үрдістерді тұншықтыруға тырысқан күштердің атын атап, түсін түстеп отырды. Мәдениеттің дамуына кесел келтіретін факторларды санамалап, оны сондай сыртқы ықпал-әсерлерден қорғау қажеттігін биліктің барлық буындарына аманаттады. Бүгінгі руханият билігі үшін де Жүргенов тұлғасының әрдайым үлгі тұтар биікте тұрғаны оның бұл салаға қаншалыкты тер төккенін айғақтайды. Оның тұжырымдауынша, «Еңбекшілдер өздерінің ұзақ тарихы дәуірінде әртүрлі өнердің, бастауыш түрде болса да басын кұрағанмен, үстемдік қылған тап пен олардың көсемдері осы сықылды халықтың қолындағы мәдениетін басып-жаншып, қадірсіз қылып, іске жаратпай, қазаққа басқа жат «мәдениет» сіңірмек болды». Бұлай ұғындыру арқылы да ұлтқа жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты, құнды мен құнсызды ажыратуға үндейтін бағыт-бағдар беруге болатыны анық. Осы тұрғыдағы Темірбек Жүргеновтің максат-міндеті айқын екені барлық еңбектерінен көрінеді. Ол қазақ әдебиеті тарихына «айрықша бір ағым, жеке бір тарау боп кірген» мұсылман дәуірін де ұлттық таным ыңғайында қарастырады. Діни миссионерлердің қазақ халқын шоқындырып, болмыс-бітімін, тек-табиғатын өзгертуге тырысқан пиғы-лын нақты дәлелдер арқылы танытады. Дәйекті деректер мен тиянақты мәліметтер келтіріп, елді жирендіріп, халықтың тағдырына араша түсіп, ұлттық сана ұтымы аясында ұйысуына жол ашады. Ол үшін биліктегі қазақ ұлтының әр өкілі үлкен рөл атқаратынын, игіліктің бәрі солардың қолымен жасалуға тиістігін, бірақ бұған басын ауыртпайтындардың да жеткілікті екенін еске салады: «Осы сықылды Қазақстан жерін, қазақ елінің тұрмысын білгендерге ап-анық болған мәселелерді алдымен шешіп алудың ор-нына Қазақстанды бұрын басқарған кісілер жамбасының ауырмайтын жағымен жата кеткен».
Темірбек Жүргеновтің жан ауыртқан саласының бірі – тіл тақырыбы. Қазақ тілінің ахуалы қайраткерді үнемі толған-дырған, оның өзге тілдер ауқымында жұтылып кетпей, табиғи қалпын сақтауына мүдделі болған. Тіл мәдениетіне кері әсерін тигізетін сөз қолданыстарына алаңдаған. Сөздік қорымыздың өңін қашыратын оғаш өзгерістерді қабылдай алмай, тұрақты түрде пікірін жариялап отырған. «Тіл мәселесі дегенді бұл жерде біз қазақ тілі хақында ғана айтпақпыз», – деп бірден тақырыптың басын ашып алуынан оның үнемі ойы анық, ұстанымы берік болғанын көреміз.
Ұлтын ардақтай білетін азамат ұлтының тілін де шексіз қадірлеген. Ол қазақ тілінің дәрежесі әлемнің ірі елдерінің тілімен қатар тұрғанын қалайды, мақсат-мұратын осыған орай негіздеп түсіндіреді. Тіл мен білімді және мәдениетті ұлттың көшін өрге сүйрейтін үйлесімді ұштаған ретінде қарастырады. «Қазақ тілі байыса, басқа мәдениетті жұрттардай өз шаруашылығына керекті өз тілінде түсіндіре алатын болса, былайша айтқанда, адам баласының барлығы бірдей білімге жетіссе, халық мәдениетінің де өскені ғой», – деп ой қорытады.
Тіл мәселесін тиек еткен Темірбек Жүргенов мемлекеттік тұлға ретінде ауқымды тұжырымдамалық міндет арқалайды. Оның ой-арманы қазақтың тілін әлемнің іргелі тілдерінің қатарына қосу болған. Бұған қол жеткізу үшін таңдалатын жолды да, бұл орайда қолданылатын әдіс-амалдарды да санамалап көрсетеді. Тілдің куат-құнарын жақсы сезінген, оның болашағына сенген адамның мүддесі мен көзқарасы айқын аңғарылып тұрады. Ал осыны қайраткердің өз сөзімен айтсақ: «Қазақтың әдебиет тілін, білім тілін тудыру жөнінде біздің негізгі мақсатымыз – сол тілді көпшілікке барынша ұғымды қылу, сол тіл арқылы қазақ еңбекшілерінің қалың бұқарасын дүние жүзінің өнер-біліміне, техникасына ие қылу».
Ұлттық сана ұғымы тұрғысынан қарасақ, мектеп мәселесі осының алдында қозғалған тіл мәселесінен алшақ кете қоймайды. Ол осы қос арнаны халықтық қалыпты сақтаудың тетігі деп білді, үнемі бұл екі тақырыпты бір-бірімен сабақтастыра қарастырды. Темірбек Жүргеновтің тілді ұрпақ санасына мектеп арқылы орнықтыруды мақсат еткеніне академик С.Қирабаевтың мына пікірі дәлел бола алады: «1935 жылы қазақ мәдениеті қызметкерлерінің съезінде тіл адамның дүниетанымы дәрежесін көрсетіп қоймай, оның адам болып қалыптасуына да үлкен рөл атқаратынын атап айтты. Тіл тазалығын мұғалімдерден бастауды ұсынды. Жас ұрпаққа таза ана тілінде сөйлеуді міндеттеді. «Дүниежүзілік мәдениетке ана тілі арқылы барамыз» дегенді айтты».
Қазір Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік және қаламгерлік тұлғасы жан-жақты қырынан зерттелуде. Әсіресе жүргеновтануға әдебиетші- ғалым Бауыржан Иманғалиевтің айрықша еңбек сіңіргенін айтуға тиіспіз. Соңғы жылдарда Сыр елінде ғылыми ізденістер биік нәтиже көрсетті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарихшы-ғалымдары Тәжікстанның орталық мемлекеттік мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайраткердің сол елдегі қызметі туралы бірқатар тың деректер тауып, ғылыми айналымға қосты. Ардақты азаматтың туған топырағынан бастау алатын аймақтық зерттеулер тәжірибесі де айқындала бастады.
Осы ізденістердің қай-қайсысы да Темірбек Жүргеновтің шығармашылық мұрасының негізгі тақырыбы ұлттық сананы орнықтыру ұғымынан алыстай қоймайтынына айқын дәлел бола алады.

Жандос Жақсыкелдинов,
тарихшы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.