Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ ойшылдарының еңбектеріндегі рухани тәрбие негізі

0 225

Қазіргі қазақ жастарын тәрбиелеуде ұлттық және отбасы тәрбиенің орны ерекше. Өйткені жастар тәрбиесінің құлдырауы елдің болашағының дамуына кедергі келтіреді. Жастардың бойындағы рухани байлыққа деген махаббаты жоғары болу үшін алдымен ұлы қазақ ойшылдарының еңбектері білім беру мекемелерінде насихатталуы қажет. Ұлттық, рухани құндылықтардың тірегі болатын тіл – қазақ болу үшін, дін – адам болу үшін және салт-дәстүр – ұлт болу үшін маңыздылығы зор.

Тарихқа қарайтын болсақ, күні кешеге дейін ұлтымыздың жоғалтқаны көп болды. Ұлт өзін-өзі жоғалтпау үшін күресетіндігін де ұлт зиялыларының тағдырынан көруімізге болады. Ұлтты жоғалтпау үшін өмірін сынға тігудегі тұлғалардың көздеген мақсатын енді түсініп жатырмыз. Себебі біз жоғымызды түгендеп жатқан елміз. Ұлт сақталуы үшін алдымен не нәрсе керек екендігі тарихтан белгілі. Тіл, діл, жер, дін, мәдениет және бұларға ие болатын ұрпақ, ұлттың мемлекеті болуы қажет. Алаш тұлғаларының қай-қайсысы да осы ұлт игіліктеріне ара түсуде тарихында, өздерінің бойында бар мүмкіндігін толығымен пайдалана алған. Басқа халықтардың интеллектуалдарынан кем түскен жоқ. Өздерін өзгеге де мойындата білді.
Жастарға ұлттық тәрбие беруде Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығында адамның рухани дамуына, жетілуіне байланысты ойларының маңызы зор. Абайдың ұлылығы сол, өз халқының бойындағы кемшіліктерді сынаумен бірге, оны жоюдың жолдарын да көрсете білді. «Адам болып ұлттық болмысын қалай сақтай алады?» деген мәңгілік сауалға жауап берді. Ғасырлар бойы жинақталған адамгершілік нормаларын жүйеге келтіріп, тұтас бір «толық адам» концепциясын жасай білді.
Кезінде халқымыздың көрнекті өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие» деген мақаласында: «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел – осы», – деп жазуы тегін емес. Қазіргі таңдағы білім берудің өзекті мәселесі – сапалы біліммен қатар, өскелең жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Адамның рухани қасиеттерге ие болып, қалыптасуы өмірге келген уақытынан басталуы керек. Балаға жастайынан имандылық, ізгілік, мейірімділік қасиеттерін сіңіре білсек, баланың болашағын берік қалағанымыз.

Б.Алпысбаев,
дінтанушы, магистр

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.