Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауырмаудың жолын іздеймін десеңіз…

0 212

Ермахан Мырзабеков Ормаханұлы 1959 жылы дүниеге келген қала тұрғыны. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары.

«COVID-19» пандемиясы тарағанда оның симптомдарымен алдын-ала таныс болдыңыз ба? Кейін, қандай емшаралар қабылдадыңыз?

Елдегі жағдай белгілі ғой. Соған сәйкес мұғалімдер мен студенттер онлайн режимде сабақ өтіп жатты. Өзім директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болған соң, колледжге баруыма тура келді. Бәрі 15 шілдеден кейін басталды. Ыстығым көтеріліп, тәбетім қашып, дәм сезбей қалдым. Үй жағдайындағы емшаралардың әсері болмады. Вирусты қайдан және қалай жұқтырғанымды да білгем жоқ. Үш күннен соң №5 қалалық емханаға бардым. Онда дәрігерлер «суық тиген болар» – деп дәрі-дәрмек жазып берді. Арадан екі күн өткен соң, коронавирусқа тест тапсырдым. Бұрын осы жұқпалы індетке мән бермейтінмін. Ыстығым басылмай 37-38 градусты көрсетіп тұрды. Коронавирусқа қатысты тесттің де нәтижесі жақсы шықты. Сонымен, дәрігерлер пневмония деген диагноз қойды. Содан ауруханаға пульмонология бөліміне жатудың өзі мұң болды. Әйтеуір жаттым. Ол кезде өкпемнің 60 пайызы жабылып қалған екен. Ауруханада таңертең және кеште екпе жасап, жиі қараған соң, 3 күнде жағдайым жақсара бастады. Түстен кейін ыстығым көтерілетін. Әлсіздік пайда болып, денем тітіркеніп, жиі тоңатынмын. Әсіресе түнде. Кейде, тыныс алу жолдарым жақсы болған соң, аурудан аман қалған шығармын деп те ойлаймын.

Ауырмаудың жолын іздеген дұрыс па?

Ауырмаудың жолын іздеген өте орынды шешім деп ойлаймын. Сырқаттың салдары ересек адамдарға ауыр тиеді. Себебі мен ауырғанда, арадан он күн өтер-өтпестен әйелім Жұпаркүл Жұмашевадан да індеттің белгілері байқала бастады. Ол да ауруханада бір апта жатып, ем алып шықты. Коронавирусқа тест тапсырды, нәтижесі жақсы шықты. Сонымен оған да пневмания диагнозын қойды. Күндіз-түні бұйығып жата бергісі келетін. Белгілері дәл менікіндей болды. Осы орайда түйгенміз, үй жағдайында емделуге болмайды екен. Себебі кейбір қабылдауға болмайтын дәрілер ағзаға кері әсерін тигізіп, жағдай тіпті қиындап кетуі ықтимал.

Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

Індет елде тарағанда алаңсыз жүрдім. Қазір өзім сырқаттанған соң, тұрғындарға кеңес айтуға да болады. Әр адам сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Санитарлық-гигиеналық нормалар жайлы білген артық етпейді. Себебі мен вирусты кімнен жұқтырғанымды да аңдамай қалдым. Ешкім ауырмасын деп тілеймін. Ал егер сырқаттың белгілері пайда болса, дереу дәрігерге көрініп, соның нұсқауын орындау керек. Мысалы мен, дәрігерге қаралмағанда жағдайымның қандай болатынын елестете де алмаймын. Кейін дәрігерлер жағдайымды білуге үйге келіп-кетіп жүргенде үнемі иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтану керектігін айтатын. Себебі сырқат қайта жағадан алуы мүмкін. Осы орайда айтарым, күндіз-түні ел саулығы үшін басын бәйгеге байлап жүрген дәрігерлерге алғысым шексіз!

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.