Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдың кіндік шешесі

0 416

Ауылдағы ағайын әлі күнге ол кісіні «Біздің дәрігер» деп атайды. Әлі күнге дейін басы ауырып, балтыры сыздай қалса, кеңесін сұрап, көмегіне жүгініп жүргені. Медицинада терең біліммен бірге ұзақ жылғы тәжірибенің де рөлі зор екенін осындайда байқайсың.

Келіскүл Мейманханова – Көкдөнен ауылында сол кездерде туғандардың барлығының дерлік кіндік шешесі. Кезінде Құмарық, Жақсылық, Көкдөнен елді мекендеріне жауапты жалғыз акушер-фельдшер әрі ауылдық медпунктің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенде таудағы, құмдағы малды ауылдарды аралап, медициналық көмек көрсеткен. Сондықтан тек бір ғана емес, қасындағы басқа да осы ауылдарда босанған әйелдерді аман-есен тудырып, нәрестелерінің кіндігін кескен акушер-дәрігер. Жасаған ем-домы шипа болған жанның жақсылығын тұрғындардың әлі күнге дейін ұмытпай жүргені де содан. Шопандардың әйелдерін аудан орталығына жеткізіп, үлгермесе киіз үйде босандырып, қаншама сәбидің кіндігін кескен акушердің осылайша талайға шарапаты тиген.
Келіскүл Мейманханова – өзі де көпбалалы ана. Жеті баланы өмірге әкеліп, ғұмыр берген алтауын өсіріп-жеткізіп, солардан немере-шөбере сүйіп отыр. Бүгінде жасы 80-ге келсе де, алдына келген көңілі сынық науқас жанға көмек көрсетуден аянып қалмайды. Осы салада 40 жылдан астам қызмет еткен маманның есімін кеңестік кезеңнің ең мықты мамандардың тізімінен таба аласыз. Адал еңбек әділ бағаланатын кезеңде Мәскеуде басылып шыққан Алтын кітапқа екінің бірінің аты жазыла бермесі анық. Кеңес дәуірі кезінде-ақ оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісі берілген. Ауданның Құрметті азаматы ретінде аудандағы келелі мәселелерге де атсалысып, күрделі мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізіп келе жатқан жандардың бірі. Бүкіл еңбек жолын ана мен бала денсаулығына арнаған ардагерге әлі де ауылдағылар балаларын әкеліп, ем-домын алып, үлкендері де шипа алуға ынтызар болып тұрады.
– Бұрынғылардан қалған сөз бар ғой: «Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген. Қажыр-қайратың барда соның мәнісіне жете бермейді екенбіз. Жасың ұлғайғанда кезінде жасағаның алдыңнан шығады екен, жақсылығың көп болса – көрер зейнетін сол. Құдайға шүкір, бір жерге бара қалсам, барлығы амандасып, жағдайымды сұрап жатады. Кезінде көрсеткен ем-домымнан жағдайы жақсарып кеткендер ризашылықтарын білдіріп жатады. Маған осыдан артық қандай марапат керек?! – дейді ол.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан қанша жасқа келсе де, жасаған ем-домынан шарапат алып, жылы да мейірімді сөзінің өзінен шипа тапқандай әсер алып жүрген жандардың қамқоршысы, ардагер-дәрігерлер аман болсын деп тілейік.

Ермаханбек НҰРДІЛДА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.