Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдық елді мекендердегі қолжетімді медицина

0 503

Ауылдық жерлердегі тұрғындарды сапалы медицинамен қамтамасыз ету қашанда маңызды. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру және ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен жасақтау сынды 3 міндетті қамтиды.

Бүгінде Жамбыл аудандық ауруханасына қарасты 35 мекеме бар. Оның ішінде 1 аурухана, 1 емхана, 1 БМСК орталығы, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 ФАП, 15 МП бар. Медициналық ұйымдардың техникамен жарақтандырылу деңгейі осы жылдың 9 айында Жамбыл аудандық ауруханасы бойынша 92,13 пайызды құраса, облыстық көрсеткіш 88,4 пайызға жетті. Қазіргі таңда ХТТ(РПН) порталында барлығы 70 001 тұрғын тіркелген. Ал кадрлық құрамына келер болсақ, өткен жылдың 9 айында 95 дәрігер жұмыс істесе, биылғы есепті мерзімде 98 дәрігер еңбек етуде. Сондай-ақ жалпы саны 920 адам қызмет етуде.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне 508 миллион 121 861 мың теңгелік дәрілік тауар бөлініп, 9 айда 378 миллион 681 045 мын теңгесі игерілген.
Өңірде өлім-жітім көрсеткіші де төмендеп келеді. Айталық, былтырғы жылдың 9 айында 1 000 адамға шаққанда 324, яғни 4,1 пайызды құраса, биыл 245 адам немесе 3,5 пайызға азайды. Ауданда есепті мерзімде ана өлімі тіркелмеген. Алайда 7 сәби өлімі орын алып, 5,6 пайызды құрады. Бұл былтырдың 9 айымен салыстырғанда 5 сәбиге аз.
2022 жылдың 9 айында алғашқы рет онкологиялық аурулармен 70 жағдай тіркеліп, қатерлі ісіктермен аурушаңдық (100 мың адамға шаққанда) көрсеткіші 82,3 промильге жетті. Ал өткен жылдың 9 айында 84 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 92,5 промиль болған еді. Сонымен қатар ауру алғашқы рет анықталғандардың ішінен 1-2 сатысында 38 науқас тіркеліп, үлесі 55 пайызды құрады. Ал 4-сатысында, яғни кеш анықталған науқастар саны – 3.
Туберкулез дертімен де күрес күшеюде. Соның нәтижесінде 9 айда осы кеселмен алғаш рет тіркелген науқастар 18-ді, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 21,5-ті құрады. Ең қуаныштысы, есепті мерзімде бірде-бір өлім дерегі тіркелмеді.
Шалғай ауылдардағы тұрғындардың денсаулығын нығайту да – басты назарда. Осыған орай аудандық орталық аурухананың жылжымалы медициналық көмек тобы 24 рет елді мекендерге шығып, 10 015 азаматқа көмек көрсеткен.
Жылжымалы жәрдемнің мақса-ты – тұрғылықты халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, диагностикалық тексерулер арқылы аурудың бастапқы сатысында ерте анықтау.
Осы кезге дейін тұрғындарға невропатолог, гинеколог, стоматолог, рентгенолог, флюорография, кардиолог, УЗИ мамандары тарапынан көмек көрсетілді. Жалпы жоспарланған 11 830 адамның 10 015-і медицина мамандарына қаралды. Олардың ішінде қосымша диагностикалық тексерулерге 4 072 адам жіберіліп, ауруханалық емді қажет ететін 60 науқас анықталды. Амбулаторлық емді қажет ететін тағы 500 науқасқа тұрғылықты мекенжайындағы учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігердің қадағалауына жолдама берілді. Әр жергілікті дәрігерлік амбулаторияларда диспансерлік есепте тұрған науқастардың тізімі, мақсатты топтағыларға скрининг, алдын алу тексерілуден өтетін тұрғындардың тізімі жасалған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап ауыл тұрғындарына профилактикалық тексерулер жүргізуді бастады. Қазіргі таңда нысаналы топтың барлығы 17 992 адамды құраса, оның 13 898-і, яғни 77 пайызы орындалып, барлығы 166 адамнан түрлі аурулар анықталды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына сапалы профилактикалық тексерулер мен анықталған ауруларды уақытылы емдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда заманауи медициналық кешендерді салу жұмысы да қарқын алуда. Мәселен, биыл Қаракемер дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, келер жылы Жаңаөткел ауылында жаңа медициналық пункт есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ 2023 жылы Өрнек дәрігерлік амбулаториясы мен Тастөбе фельдшерлік-акушерлік пункті ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2024 жылы Гродеково және Пригородное дәрігерлік амбулаториясын жаңғырту жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2024 жылы Қаратау, Тоғызтарау, Қостөбе ауылдарында 6, 2025 жылы Құмтиын, Бәйтерек, Қапал елді мекендеріне 3 медициналық нысан бой көтереді деп көзделуде.
Бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта аталған ілкімді істер өз жалғасын тауып, межелер мен міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Алтай САУРУКОВ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.