Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аумақтың мәселесі – әкімнің назарында

0 507

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев бастаған, әкімнің орынбасарлары, бөлім басшылары №1 аумақтық округке барып, көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бұл күні Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің маңына жиылғандардың қарасы қалың болды. Себебі бұған дейін қалалық әкімдіктің ресми парақшасында қабылдау өтетіні жайында ақпар жарияланған еді. Оның үстіне карантиннен кейін халықтың жағдайы күрделене түскені тағы бар.

Қабылдауға келгендер көкейдегі сұрағының жауабын бөлім басшыларынан сұрады. Сондай-ақ қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовпен қатар, құқық қорғау саласының басшыларына сауал қойғандар да аз болмады. Қаланың тыныс-тіршілігін жақсы білетін аға буын азаматтар да қабылдауға келгендерге жөн сілтеп, күрделі мәселелерді қағазға түртіп отырды. Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың сұрағына қарап, жұмыссыздық, тұрғын үй, коммуналдық мәселелердің әлі де өзекті болып тұрғанын байқадық. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлына келгендер де аз болмады.

Бұдан бөлек, кездесуге Адамбаев көшесінің бір топ тұрғыны келіп, мемлекеттің мұқтажына сатып алынғалы тұрған үйдің бағаланған құны көңілден шықпай тұрғанын айтып, көмек сұрады. Олар әуелі бөлім басшыларына, кейін Батырбек Құлекеев пен Сембек Сейдәзімов және қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевке де қайырылды. Бұған әкімдік қызметкерлері жылжымайтын мүліктің құнын тәуелсіз бағалаушылар анықтайтынын, егер ол шешімге келіспейтін болса, әрқайсысының сотқа шағымдануына болатынын айтты.

Бекітілген кестеге сәйкес өткен қоғамдық қабылдауда қаладағы өзекті мәселелердің түйіні тарқады деп айтсақ болады. Енді әкімнің кездесуі аптаның әр жұмасында өтіп, барлық округ қамтылмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.