2023 жылдың жылыту маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін қала аумағында 3 тұншықтырғыш газбен улану фактісі тіркеліп, онда барлығы 3 бала және 4 ересек адам қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Жылыту маусымы кезінде тұншықтырғыш газбен уланудың басты себебі – жылыту пештерінің немесе табиғи газ пешіндегі колонкалардың дұрыс жұмыс істемеуі, құбырлардың тазаланбауы және пеш орнатылған бөлменің желдеткішінің жабық тұруы немесе мүлдем болмауы.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 2023-2024 жылғы жылыту маусымы кезінде қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Сіздерден келесі сақтық шараларын сақтауларыңызды сұранады:
1. Жанып жатқан пештерді қараусыз қалдырмаңыздар және балалардың қадағалауына тапсырмаңыздар;
2. Пештерді тұтандыруға безин, керосин және дизель отынын қолданбаңыздар;
3. Пештер мен мұржалардың жағдайын үнемі бақылап отырыңыздар. Егер пештер мен мұржаларда жарықшаларды байқасаңыздар, оны уақытылы жойыңыздар.
4. Пештер орнатылған бөлменің желдеткішінің жабық тұруына жол бермеңіздер;
5. Егер де үйден тұншықтырғыш газдың иісі байқалса, дереу 104 немесе 112 телефоны бойынша хабар беріңіздер.
Д.Келіс,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері, капитан