Өрнек ауылында мәдениет үйі ашылды
Өрнек ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылда жаңа мәдениет үйінің тұсауы кесілді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған мәдениет ошағының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысты.
Шара аясында ауыл халқына жергілікті және аудан өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Алдағы уақытта аталмыш мәдениет үйінде тұрақты түрде ақысыз негізде 4 үйірме (домбыра, би, көркем сөз, ән өнері) қызмет көрсететін болады.
Саудакенттегі саз мектебіне Ы.Дүкенұлының есімі берілді
ҚР Үкіметінің Қаулысымен Саудакент балалар саз мектебіне Сарысудан шыққан танымал күйші Ықылас Дүкенұлының аты ресми түрде қайта берілді.
Биыл ашылғанына 50 жыл толған білім ошағы қуанышқа орай ардагер ұстаздар мен танымал шәкірттерінің басын қосып, үлкен іс-шара өткізді. Шара барысында жиылған көпшілік мектептің ауласында орналасқан Ықылас Дүкенұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өнер ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Күмбірлеген күй мен әуезді ән әдемі үйлесім тапқан тамаша кеш әрмен қарай ардагер ұстаздар мен танымал түлектердің дидарласуымен өрбіді.
Еңбек Ері атындағы турнир
Шу ауданында Социалистік Еңбек Ері, Белбасар ұжымшарының іргетасын қалаған алғашқы төрағасы Хати Сауранбаевтың атындағы футболдан дәстүрлі турнир 36-шы рет ұйымдастырылды.
Жеңістен үміткер 20 команда Хати Сауранбаев атындағы стадионға жиналып, ұйымдастыру алқасы тағайындаған жүлделер мен кубоктарды, медальдерді сарапқа салды.
Мойынқұмдағы ілкімді іс
Мойынқұм ауылында қаңғыбас иттерді асырауға арналған орынның (питомник) құрылысы жүруде. Сондай-ақ Мойынқұм ауылының тұсындағы байлау арқылы «Ақиық» каналына су мол берілуде. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін ағын суымен суғаруға қол жеткізді.
Көкжелек ауылының диқандары биыл 1237 гектар алқапқа әртүрлі дақылдар егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге дейін олар жүгері, тары, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша, жоңышқа дақылдарын еккен. Мұнда егін суы үздіксіз берілуде.
Дайындаған Дариха Үмбетиярова