Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанды құруға жаңа заң керек

0 935

Биыл 5 маусымда Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша республикалық референдум өтеді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Үндеуінде: «Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс. Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр», – деген болатын.

Осыған орай референдумды шаһар тұрғындарына кеңінен насихаттау аясында желілік кесте бекітілген. Соған сәйкес, 11 мамыр мен 4 маусым аралығында шаһарда 73 іс-шара өткізілуі жоспарланған. Сондай-ақ Тараз қалалық қоғамдық штабы құрылған. Штаб құрамына ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, депутаттар мен білім беру саласының қызметкерлері енгізілген.
Кеше Амангелді Карентаев, Мұрат Бердалиев, Еркінбек Солтыбаев бастаған штаб мүшелері Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде құрылыс және энергетика мамандарымен кездесу ұйымдастырды.
Басқосуда сөз алған Амангелді Карентаев референдумның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Президент ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Сол үшін бұл науқанның маңызы зор. Сондықтан бұған әрқайсысымыз қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек, – деді облыстық қоғамдық штабтың басшысы.
Қатысушылар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдады.
Бұл күні референдумды түсіндіруге бағытталған жиналыс А.Гагарин атындағы №35 орта мектеп пен «Жасыл ел-Тараз» ЖШС ұжымымен де өтті.
Ал жалпы бүгінгі күнге қала бойынша 14 кездесу, 4 мәдени іс-шара мен 1 жастар акциясы өткізіліп, олардың барлығы телеарналар мен әлеуметтік желілерде кең көлемде ақпараттандырылғанын айта кеткен жөн.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.