Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 548

Ақсуда көгілдір отын ел игілігіне берілді

Шу ауданы, Ақсу ауылдық округінде газ құбырын жүргізу жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
Салтанатты шараға Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев қатысып, тұрғындарды көгілдір отынның келуімен құттықтады.
– Біз үшін ауылды көркейту, көгілдір отын жеткізу және халықтың әл-ауқатын арттыру – басты назардағы мәселе. Қазіргі таңда ауданымыздағы 35 елді мекеннің 17-сі көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.
Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар 2022 жылы Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар ауылдарына және Шоқпар стансасына магистральды газ құбыры жүргізілетін болады, – деді Сәкен Қаланұлы.
Бұдан былай мұндағы тұрғындар қатты отынның машақатынан құтылып, көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Жуалыда 40 жылдық бағаналар ауыстырылуда

Соңғы екі жылдың көлемінде аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновтің басшылығымен бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Биылға дейін облыстық мекеме басшылығының қолдауымен 150-ге жуық электр бағаналары мен тіреуіштер жаңасына ауыстырылған.
Атап айтар болсақ, қазіргі таңда Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында ескірген бағаналарды және әуе желілерін ауыстыру жұмыстары қарқынды жүруде. Ертай ауылында барлығы 159 бағана жаңасына ауыс- тырылатын болса, соңғы есеп бойынша оның 114 данасы қойылып үлгерген.
Сонымен қатар биыл тұрғындардың өтінішімен Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында барлығы 73 бағана, бір дана қосалқы станса, Қошқарата ауылында 121 бағана, бір қосалқы станса, Күреңбел ауылында 28 бағана мен екі бірдей қосалқы станса жаңасына ауыстырылатын болады.

Қордайда  1378 жаңа жұмыс орны ашылады

Қордай ауданында 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қордай ауданында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 8 инвестициялық жоба жүзеге асуда екен. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 805, ал іске қосылу кезеңінде 1378 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Көше жарығы қалыпқа келтірілді

Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының көшелеріне орнатылған диодты шамдар тұрақты түрде жанбайтындығы және кейбірі мүлдем істен шыққаны тұрғындар үшін өзекті мәселе болып келген.
Қоғамдық кеңестің араласуымен бұл мәселені жіті назарға алған ауыл әкімі аталмыш олқылықты ретке келтірді.

«Асарлатып үй салу» жобасы жалғасуда

Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округі, Жібек жолы ауылында жалғызбасты анаға жомарт кәсіпкердің демеушілігімен 5 бөлмелі баспананың кілті табысталды.
Дәстүрге айналған «Асарлатып үй салу» жобасы биылда өз жалғасын тауып жатқаны көңіл қуантады. Бұл жоба аясында ауданның мұқтаж азаматтарына үй салу үрдісі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Меркіліктер көгалдандыруға көп көңіл бөлуде

Меркі ауданының білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелері және ұйымдарында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, көпжылдық қылқан жапырақты аршадан 611 дана, қарағайдан 11 дана, шыршадан 64 дана егілсе, көпжылдық басқа да талдардан 222 дана (ақ қайың, қарағаш, мальва, қараған (акация), жұпаргүл (сирень), жеміс ағаштары 608 түп (алма, алмұрт, шие, т.с.с.) және көпжылдық гүлдерден 2647 түп (раушан, астра, сальвия, банзаза, т.с.с.) отырғызылған.

Таласта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен Талас ауданында 2753 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Олардың 181-і шағын-орта кәсіпорын, 1731-і жеке кәсіпкер және 841-і шаруа қожалықтар. Осы тіркелген субъектілердің 2222 немесе 80,7 пайызы жұмыс істейді. Тарқата айтсақ, жұмыс істейтіндер – 2 222, шағын кәсіпорын саны – 130, 1298 жеке кәсіпкер және 794 шаруа қожалықтар.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.