Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауқымды акцияға әжелер де атсалысты

0 361

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жасыл аймақ» тақырыбымен қала аумағында ағаш көшеттері отырғызылуда. Соған орай, «Әуендер әлемі» аллеясында кимешек киген 100 әже немерелерімен бірге Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің аумағына 100 түп шетен ағашының көшеттерін отырғызып, абаттандыру жұмысын жүргізді.

Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының ардагер ұстазы, «Даналық мектебі» клубының төрағасы Сәуле Таңатарова өз кезегінде жас ұрпаққа үлгі болар өнегелі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жиналғандарға алғыс айтты.
– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді қазақ даналығы. Сондықтан бабадан балаға жеткен дәстүрмен Табиғат-ананы аялап, қастерлеуге баулу – әжелердің парызы. Осы ретте барша замандастарымды кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетіп, оларды ұлттық тәрбиемен сусындату мақсатында осынау шарадан шет қалмауға шақырамын, – деді Сәуле Таңатарова.
Сондай-ақ аталған акция аясында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, қаладағы кәсіпкер әйелдер қауымы бірлесіп, түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. №64 орта мектептің аумағына 100 түп сәндік ағаштарын еккен қыз-келіншектер игі істің ұрпаққа үлгі болатынын айтып, мектеп ұжымына алғыс білдірді.
– Еліміздің барлық өңірінде жанданған «Таза Қазақстан» акциясы Тараз қаласында да баянды жалғасын табуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы шеңберінде «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, қаламыздың нәзік жанды арулары мен кәсіпкер әйелдері игі іске өз үнімізді қосқанды жөн деп көрдік, – деді «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева.
Жалпы мұндай бастаманы Тараздың кәсіпкер әйелдері жыл сайын өткізіп тұрады. Айталық, өткен жылдары аурухана, перинаталдық орталық, әлеуметтік нысандардың маңына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыру жұмыстарына үлес қосқан болатын.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.