Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауғанның ыстық жалыны…

0 1  197

15 ақпан Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толады. Осыған орай ҚР Қорғаныс Министрлігінің Тараз қалалық Әскери-техникалық мектебінде «Ауғанның ыстық жалыны» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік басқосуға Ауған соғысының ардагері, ҚР «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының басшысы, отставкадағы генерал-майор Әбдіхапар Қазиев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері ұйымы Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Рамиль Тартықов, Әскери-техникалық мектеп директоры, подполковник Қанат Бошай, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқытушылары мен курсанттар қатысты.

Кездесуге қатысушылар әуелі соғыстан оралмағандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Шара барысында сөйлеген сөзінде подполковник Қанат Бошай тоғыз жылдан астам уақытқа созылған Ауған соғысына 22 мыңға жуық қазақстандық қатысқанын еске салды. Интернациолист-жауынгерлердің халықаралық міндетін лайықты орындағанына тоқталды.

Өз кезегінде генерал-майор Әбдіхапар Қазиев те мектеп курсанттарына жауынгерлік абырой мен азаматтық парыз жайында сөз қозғады.

– Біз, Кеңес жастарының өкілдері үшін әлемді фашизмнен құтқарған Ұлы Отан соғысынан өткен әкелер мен аталар үлгі болды. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері азайып барады. Енді патриоттық тәрбие міндеті бізге, интернационалист жауынгерлерге жүктелді. Біз бұл соғыстан ұтылған жоқпыз, Үкіметтің шешімімен Ауғанстаннан кетіп, халықаралық міндетімізді өтедік, – деді генерал-майор өз сөзінде.

Кеш барысында мектеп оқытушылары мен курсанттар ән айтып, би биледі. Сұрапыл соғыс жайындағы естеліктер айтылды. Ерлік пен өжеттік, антқа адалдық жайында тағылымды әңгімелер айтылған бұл жиын жас сарбаздар үшін үлкен сабақ болғаны анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.