Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қате қиылған неке…

0 869

Қыз – өріс, қыз – ырыс. Қыз бала – өз басының ғана емес, бір қауым елдің бақыты үшін жаралған жан. Келін болып түскен қыздың қолында жұмақтың алтын тұтқасы бар. Сол есік ашылған сайын сәулелі шағының шамшырағындай болып нұр шашырайды, барған жері жаман болса, жүнше түтілер…

Қазақ қызын төрге оздырып, бар тәттіні аузына тосып еркелетіп жеткізген. Қызыл-жасыл дүние жиып, жатжұрттық деп құрмет тұтқан. Қарындас деп аялай қарап, нәзік жанын түсінуге тырысып, бар жақсыны ұсына білген. «Барған жерінде бағы ашылып, тастай батып, судай сіңсе» деген тілекті ғұмыр бойы жүрегіне түйгендігінен ертеңін уайым қылған. Осы тұрғыда қазақтың маңдайына біткен мақтанышы, жаужүрек жауынгер Бауыржан Момышұлы «Жер бетінде ең батыр адам кім?» деген сұраққа ойланбастан: «Жер бетіндегі батыр адам ол – қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел қылады, сол елді жеңіп, мəңгі билейді», – деген екен.
Иә, қыз баланы қатарынан қалдырмай, жат жұртқа сіңуіне, шаңырағының шаттығы үшін өзге үйдің босағасын аттап, отымен кіріп, күлімен шығатын күн туғанда, төркініндегі еркелігінің қалатынын, енді оны ешкім «еркем» деп аялап төрге оздырып емес, бесік тербетіп, ұрпағын көбейтіп, абыройын асқақтататын келін деп қарайтынына дайындап, соған иландырады. Әрине, берекесі бар, күйеуі адал, ата-енесі ақылман үйге түскен келіннің керегесі кеңіп, босағасы беки түседі. Керісінше, ата-ененің өзі «әкәку-сәкәку» болса, одан туған ұл қайбір оңсын?! Сондай күйеудің соңынан ерген келіннің күні қорлықпен өтетіні бесенеден белгілі. Осы орайда қазақ «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деп дөп басқан.
Жас келінге кейде шамадан тыс жүк артып, босағасын жаңа аттаған жұртындағы үлкендер қаталдық танытып, бауырына баса қоюдың орнына жатсынып, орынсыз сөйлеп, іс-қимылын сынап-міней берсе, онсыз да өзге жұрттың алдында қысылып, әрең үйреніп жүрген жанға ауыр соққы болатыны жанға батады. Осы тұста айналасынан сүйеу болар жан табылмаса тіпті қиын. Жақсы келін ақылына сабырын үйлестіріп, инабаты мен ибасы жарасым тауып, барынша ізгілігін көрсете білсе, түбі қатты сөз жібіп, түйілген қабақ та ашылар. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бірнеше жыл қажет-ау. Ол енді келген жердің ақыл-ойының биіктігіне байланысты есептелер.
Барлық мәселе келінді жұдырық пен таяқтың астына алуды мәртебе санайтындардың сойқан тірлігі мен сүйкімсіз қылығында жатыр. Ондайлар әйелін тоқпақтауды абырой деп біледі. Қалыңдығын өз меншігіне айналды деп есептеген күннен бастап, «Қатын бастан» деген сөздің төркінін ұр тоқпақ жасау деп ұғады. «Ә» десе, «мә» деп жұдырығын ала жүгіретіні де сондықтан. Әйелінің алдында өзін арыстан сезініп, шойын шапалағы дайын тұратын ер азаматтар сол әйелдің өз балаларының анасы, жанының бір бөлшегі, өмірлік серігі екенін ұмытып кететіні өкінішті. Негізі, қалған көңілдің шыққан жан екенін естен шығармау керек. Қыз бала нәзік жанын жаралап, өмірін өксіте берген жан жарына деген ашу мен ызаға бой алдырып, өзегін өкініш өртеп, күндердің күнінде соңы ашу мен кекке айналып кетсе қайтпек?!
Орынсыз ұрынып, оспадарлық танытып жүрген ер кісілердің ісін ой елегінен өткізсең, түбі жақсылыққа апармайды. Айнұр есімді 14 жасар жасөспірім көрші үйдегі 17 жасар Бағдатты қатты ұнататын. Әсіресе анша-мұншаға көне қоймайтын қайсарлығын, жігіт біткенді алдында құрдай жорғалататын өжет мінезін нағыз жігіттік деп бағалайтын.
Күндердің күні үріп ауызға салғандай Айнұрды Бағдат та ұнатып, сезімін білдірді. 15-ке жаңа толған жылы махаббаттан жүректері асып-тасыған екеу үлкендер қосылуға қарсы болған соң, қол ұстасып үйден қашып кетті. Өз беттерімен ақша тауып, үлкендердің көмегінсіз өмір сүріп, тіршілік қамымен түрлі жұмыс жасай бастады. Әсіресе еркелеп өскен Бағдат үшін оңай болмады. Бәріне Айнұрды кінәлап, аяғы ауыр екенін біле тұра үсті-үстіне қол жұмсайтын. Дүниеге ұл келді. Алайда тұңғыш перзент те әкесінің ессіздігін баса алмады. Қыз біткенге қырындап, әйелінің жанын бір ауыртса, әр ісінен мін тауып, әр қимылынан ағаттық көріп, таяқтың астына ала берді. Бірде көшедегі бейтаныс жігіттен қызғанып, Айнұрдың қол-аяғын сындырып тастады. Екі жасар ұлын ертіп, басы жарылып, бет-ауызы көктеңбіл тартып, гүп боп ісіп кеткен қызы мен жиендерін әке-шешесі қайта бауырына алды. Алайда Бағдат бәрібір тыныштық бермеді. «Қайта қосылайық» деп күн құрғатпай қоңырау шалып, Айнұрдың мөлдір сезімін, сағынышын тербетіп, сеніміне қайта кірген соң, әке-шешесінің қарсылығына қарамастан Айнұр сүйгеніне ілесіп, тағы қашып кетті.
Күйеу бұл жолы тіпті оңдырмады. «Тастап кетіп қалғансың» деп бетін тіліп, тұз да септі, жон арқасынан таспа тіліп, ақыры бел омыртқасын майып қылып, ауруханадан бір-ақ шығарды. Өң мен түстің арасындағы біраз уақыттан соң, есін жиып өзіне келген қыздың жүрегінде қалған дақ асқына түсті. Аяғына тұрып, жазылған соң, күйеуі қайта-қайта хабарласып, қосылуға ұсыныс айтып, өзгеретінін алға тартты. Алайда Айнұрдың Бағдатқа арнаған өз жоспары бар-тын. Әке-шешесі қонаққа кеткен күні үйіне шақырып алды. Есіктен кірген бетте көкірегіне пышақ сұғып, жантәсілім етудің алдында қансырап жатқан күйеуіне қарап: «Осы қанішерлікті өзің үйреттің», – деп кіжінді. Содан соң қанға бөккен бөлмені жуып-шайып болып: «Мен күйеуімді өлтірдім», – деп тәртіп сақшыларына болған жайды баяндап хабарласты.
Шайқалған шаңырақ бұл бір емес. Өліммен аяқталған неке де… Жуырда ғана Түркістан облысында 43 жастағы ер адам 38 жастағы жұбайын арақ ішуден бас тартқаны үшін таяқтың астына алған. Қара жамылған марқұмның жақындары енді күйеу балаларымен қоса құдағиын да жауапқа тартуды талап етуде.
Бұл жұп 15 жыл отасқан. Ал мына елді дүрліктірген оқиға олардың алғашқы жанжалы емес. Танитындардың айтуынша, марқұм бұған дейін де көкала қойдай болып жүрген, алайда балалары үшін үндемеген екен. Марқұмның жақындары күйеу баласының жұдырық ала жүгіретінін бұрыннан білген. Оларды тіпті бірнеше рет ажыратып алмақ та болған. Бірақ «балаларым үшін шыдаймын» деп әйелдің өзі бас тартқан.
Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, біреуін әйелінің аузына құйған, ал қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрған екен. Ең сорақысы, жанжал балаларының көзінше болған. «Қызымды сүйреп үйіне дейін әкелген. Бетінен ұрған, тісін сындырған. Шашының бәрін жұлып тастаған. Тістің бәрін қағып алған. Ол аз деп, үстіне секіріп, қызымның қабырғасын сындырған. Жүрегі мен өкпесін жабыстырып жіберген. Сондай айуандықпен істеп отыр», – депті өз сөзінде марқұмның анасы Қаламқас Сартаева.
Жанжал кезінде отбасының үлкен қызы полицейлерге бірнеше рет хабарласқан, алайда олар 40 минуттан кейін келген. Полицейлер мен дәрігерлер келгенше келіншек бақилық болып кетіпті. Міне, бұл бір ғана келіншектің тағдыры. Балаларының бақытын бағып, шаңырағы шайқалмас үшін барын салған әйелдің жанпидалығы.
Бір таң қалдыратыны, соншалықты сүйіп, ынтызар болып қосылған ғашықтардың осыншалық қатыгездікке бой алдыруына не себеп?! Ер азаматтар әйелін таяқтың астына алуды зор мәртебе, абырой санайтыны несі? Әйелді өз меншігіне айналды деп есептеген күннен басынып, «ә» десе, «мә» деп жұдырығын ала жүгіретіндерге не айтып, не түсіндіруге болады өзі? Нәзік жанды серігінің алдында шойын шапалағы дайын тұратын ер азаматтар өздерінің сондай аянышты күйінен хабардар ма екен? Өздерінің қатынжанды еместігіне мәз. Және де әр жұдырық жұмсаған сайын соны дәлелдей түстім деп масаттанады. Әйелі именгенін игілік көріп, абырой санайды.
Бір танысымның Құдай қосқан қосағы алтыншы перзентіне ғұмыр сыйлаған сәтте дүниемен қош айтысқан. Араға бірнеше жыл салып, басқа келіншекпен танысып, үйленуге бел буды. Әйелі өте биязы, мінезі жұмсақ һәм мейірімді болып кездесті. Барған күннен балаларын бөтенсінбей, бауырына басты. Ас-ауқатын дайындап, кір-қоңын жуып, аналық жүрекпен балаларға жақсы қарады. Алайда үйленгендеріне бір аптадан кейін күйеуі үйіне қонбай кеткен көрінеді. Жары қайда жүргенін сұраған екен, жұдырығын ала жүгіріпті. Соңыра өз тамағына пышақ тақап: «Кетсең, өзімді-өзім бауыздаймын», – деп қорқытыпты. Мұндайды күтпеген келіншек абдырап қалған көрінеді. Көгерген көзін көзілдірікке жасырып, бар қиындыққа төзіп, бірге ғұмыр кешіп, сол үйдің босағасынан аттап баспауға бекінеді. Бір күні телефонға түскен СМС-хат бәрін өзгертті.
«Сәлем, служанка! Халің қалай? Мен сенің күйеуіңнің шын сүйген келіншегімін. Біз екеуміз бірігіп, ақылдасып, балаларға қарату үшін сені алдық. Бірақ негізі ол мені ғана сүйеді. Ал сені балаларға қарасын, үй жинап, еден жусын деп күңдікке алған. Мен ондай тірлік жасауға емес, қыдыруға, мейрамханадан ас ішіп, әтір сеуіп, ханшадай құлпырып жүруге жаралғанмын», – деп жазыпты хат егесі. Мұндай қорлыққа шыдамаған әйел дәрі ішіп бақилық болды. Мұндай оспадар адамдардың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды-ақ…
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің астарында қаншама мән-мағына, тағдыр мен мінез бар. Аттаған ақ босаға, түрілген шымылдық пен көтерген шаңырақтың ту-ту биігінде ең алдымен әйелдің құрбандығы тұрады. Себебі ол екі рулы елдің ғана емес, балаларының да болашағын ойлайды. Ата-анасының мейіріміне бөленіп өссе дейді. Сондықтан көбіне іштен тынып, мойынсұнады. Өз таңдауы болған соң, болған жайтқа болаттай берік болуға тырысады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген түсінікпен төзе біледі. Сабыр мен ақылға жеңдіреді. Көп жағдайда отбасылық қиындықтың арғы жағында қазақ аналарының бойына біткен көмбістік байқалады. «Негізі бет перде ғана, ал нағыз адам оның ар жағында» деп жатады. Сондықтан тәтті сөз бен жылтырағанның бәрі алтын емес. Жар таңдаудан қателеспеңдер, қыздар!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.