Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата аманаты

0 319

Алматыдан Майра жеңгем хабарласып, Әділдің Словенияда алған алтыны туралы айтқанда еріксіз сезімге беріліп, өмірімнің сағынышты сәттерін бірге өткізген Қасқабай ағам көз алдыма келді. Ұзын бойлы, спорт тұлғалы жігіт ағасымен таныс болғалы да отыз жылдан асып кетіпті.

Көптеген қызықты, қуанышты жайларды бірге өткізген Қасекең жақынды жатырқамайтын жайдары жан болатын. Үнемі Димаш атамен туыстығын айтып, шежіреден сыр тартатын. Менің Ысты руынан екенімді білген соң тіпті жақын тартып, інісіндей құрметтеді. Майра жеңгемнің асқан еті мен қою шайын ішіп, ағамның дәмді кәуабы мен шағын моншадағы тән мен жан емдеген сәттер ұмытылар ма?! Әттең, қос немересі Әділ мен Әмірін еркелетіп отыратын ағамның шыныққан шымыр денесіне қарап, өмірден ерте озар деп кім ойлаған?!

– Әй, сен жап-жас болып қарныңды томпайтып алыпсың ғой. Көп сөзді қойып, ертеңнен бастап жүзуге кел.
– Аға, мен жақсы жүзе алмаймын ғой.

– Ештеңе жоқ, үйретемін Әділ екеуіңді, – деген Қасекеңнің сөзінен соң намысқа тырысып, аптасына үш рет жүзуді қолға алдым.

«Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы №4 велосипед және су спорт түрлерінен облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қырғызбаев Қасқабай ағамыз осы мектепке бекітілген «Дельфин» жүзу бассейнінің барлық шаруасын бір өзі атқаратын.

Сол кездерде басшылары бірінен соң бірі жиі ауысып кеткен мектептің бар жұмысы ағаның мойнында еді. Соған қарамастан, сағат кешкі алтыда жұмысы аяқталған соң, немересі Әділмен жеке жаттығу жұмыстарын жүргізеді, қызметтен босай сала мен қосыламын. Үнемі осылай, сап-сары Әділ күнге тотығып қып-қызыл болып кеткен, жүзуден жалықпайды. Қасекең де жалықтырмайды, бассейн шетінде «саусақтарыңды біріктір, қолыңды бүкпе, тік құлаштап алысқа серме, шөміштеп итер суды» деп айқайлап, Әділ екеуміздің соңымыздан балаша жүгіреді. Әділ он жаста, мен елу бестемін, бірақ екеумізге де қойылатын талап бірдей. Кей күндері жаттығуымыз Ұлан ойнайтын «Тараз» футбол командасының ойындарымен қатар келіп қалады. Ол күндері жанкүйер ретінде стадионнан табыламыз. Бәріміз жабылып Әділден футбол есебін сұраймыз. Әділдің айтқан есебі дөп келеді, періште емес пе! Тараздың жеңісіне масаттанып шыққан соң, Майра жеңгейдің шайына келеміз. Шай үстінде де ағамыз жай отырмай, Әділге су спорты туралы мәліметтер беріп отырады.

Бірде мен Қазақстандағы жүзу спортының мүшкіл халін, оның ішінде су спортында қазақ балалары жоқтың қасы екендігін алға тартқан едім. Сонда Қасекең тәуелсіздік алғалы Владислав Поляков 2006 жылы Шанхай қаласында өткен әлем біріншілігінде брасс әдісі бойынша 200 метр қашықтықта алдына жан салмай, алтын медаль олжалағанын, дәл осы сайыста қола жүлде қазақстандық спортшы Евгений Рыжковқа бұйырғанын айтты. Алайда бұл екеуінің де легионер екенін және су спортындағы дәрежесі жоғары, барлық жағдай жасалған АҚШ-та жаттығатынын Қасекеңнен естігенмін. Тіпті америкалық жүзуші Майкл Фелпсті баптау үшін төрт бірдей ғылыми институт жұмыс істейтінін айтып таңғалдырған. Қазақ жастарының су спортына аз баруының бірден-бір себебі – ауылдық жерлерде суда жүзу спорт кешендерінің жоқтығы, ал табиғи су қоймаларында кәсіби түрде жүзумен шұғылдануға мүмкіндік жасалмағаны сияқты кемшіліктерді айтып қиналғаны бар. Оның үстіне насихат аз. Көп ата-ана балалары шымыр болсын деп күрес, боксқа жетектейді. Алайда жүзу жекпе-жектен кем түспейді. Өйткені бұл спорт түрі адамды шымыр етіп қана қоймай, шыдамдылыққа, әдептілікке баулиды. Ең мықты, талантты деген боксшы, балуан әлем, Олимпиада жарыстарында әрі кетсе бір ғана алтын алып шектеледі. Ал жүзуде әртүрлі қашықтыққа бақ сынап, бірнеше алтын алу мүмкіндігіне ие болады екен. 1977 жылы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген Қасқабай ағамыз Қордай аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамында қатардағы жаттықтырушылықтан Жамбыл облыстық спорт басқармасында басшылық лауазымдарда қызмет етті. Өмірінің соңында «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы №4 велосипед және су спорт түрлерінен облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Волейболдан республикалық дәрежедегі төреші, жоғары санаттағы жаттықтырушы-ұстаз Қырғызбаев Қасқабайдың облыс спортына бергенінен берері көп еді.

Десек те, Қасекеңнің ойлары мен еңбегі ақталды. Өзі қаршадайынан жаттықтырған немересі Әділ Қасқабай ата аманатын арқалап, қазір Қазақстандағы су спортынан толайым жетістіктерге жетіп жүрген қазақ балаларының бірі де бірегейі болып отыр. Кейінірек Алматы қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында тәрбие алған Әділ жабық бассейнде өткен Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, суда жүзуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және рекорд жаңартушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол 2015 жылы Бангкоктағы Азияның ересектер чемпионатында әртүрлі қашықтықта 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль, 2017 жылы Ашхабадта өткен Азия ойындарында 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль, 2018 жылы Джакартада қола медальдерді қанжығасына байлап қайтты. Ал жуырда ғана Словенияда өткен жүзуден әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына іріктеу санатына жататын халықаралық турнирде Әділ өзінің бабында екенін танытқанын Майра жеңгемнің сүйінші хабарынан естіп қуандық. Бірінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар жеңіп алған 11 медальде оның да үлесі бар. Брасс әдісі мен еркін әдіспен жүзу бағдарламасында алғашқы үздік үштікке енген Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин, Артур Шагинян, Ален Охотинский төрттігі эстафетасында алтын медаль иеленді. Он тоғыз жасар спортшының бұл алғашқы қадамы ғана, ал болашақта әлем, Олимпиада биіктерін бағындырған алғашқы қазақ баласы болатынына сенім мол. Ата аманаты соны жүктейді.


Айтпақшы, 26 сәуір күні ағамыз тірі болғанда 72 жасқа толатын екен. «Орнында бар оңалар» дегендей, бұл күні жеңгем мен іні-қарындастарым Майра, Ардақ, Жанар, Жібек, достары мен әріптестері аға атына бағыштап дұға оқытып еске алатыны көңілге медеу. Ал ата аманатын арқалап жүрген халықаралық спорт шебері Әділ Қасқабайдың болашақ жеңістері мен биіктері спортшы, жоғары санаттағы жаттықтырушы-ұстаз, асыл жар, ардақты ата Қырғызбаев Қасқабайдың рухын асқақтатып, нұрын пейіште шалқытатынына сенеміз.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,
прокуратура ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.