Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған жұмыс ауқымды, алда тұрған бағыт айқын

0 464

Бүгінде шаһарда мәдениет саласы мен тілдерді дамыту саясаты жүйелі жүзеге асырылуда. Бөлімге қарасты 10 мәдени ошақ жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 5 айында шаһар тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бөлім тарапынан 913 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы мақсатта жаз айларында әр аптаның жұма, сенбі күндері «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, ҚР Тұңғыш Президентінің сяабақтарында және Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі алдында да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Мұнда мәдениет үйі үйірмелерінің және шаһардың жас өнерпаздарының концерттік бағдарламалары, караоке кештері, «Жазғы оқу залы» жобасы аясында кітапханалардың кітап көрмелері, шерулері, саяхаттар, «Анаға тағзым» орталығының Арт терапиялық акциялар сынды ауқымды шаралар өткізілуде. Бұл қатарға қаладан шалғай орналасқан «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Қамұқат», «Қайнар» алқаптарында өтетін «Жайдарлы жаз» атты мәдени кештерді де қосуға болады.
Қазіргі таңда қалалық мәдениет үйінде 24 клуб құрылымы жұмыс істеп, онда 953 қатысушы қамтылған. Мұндағы домбыра, сахна тілі, ВИА, вокал, көркемурет, фольклор ансамблі сынды 9 үйірмеде балалар тәлім алуда. Қалған 15-і қалалық мәдениет үйі арқылы «Халықтық», «Үлгілі» атағын қорғаған өнер ұжымдары болып саналады. Оның ішінде «Красная гвоздика» халықтық ардагерлер хоры, «Асыл аналар» халықтық әжелер ансамблі, «Мерей» халықтық вокалды тобын ерекше атап өту керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары да сәтімен орындалуда. Мәселен бағдарламалар шеңберінде бөлімге бекітілген «Тұлға тайм», «Жазғы оқу залы», «Ұлы даланың дара тұлғалары», «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобалары бойынша 5 айда 9 шара өткізілді. Мәселен, «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы шеңберінде Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «Ұлы даланың дара тұлғалары» жобасы аясында жергілікті «Jambyl» телеарнасынан «Ұлағат» айдары ашылып, «Даланың дана арулары», «Великие дочери великой степи», «Сүйінбике», «Қазақтың ару қыздары», «Ұлы Даланың ұлы қыздары», «Қазақ тарихындағы әйелдер» және тағы басқа көрсетілімдер көпшілік назарына ұсынылды. Биыл да жоба жалғасын тауып, «Зере», «Ұлжан» атты екі көрсетілім көрерменге жол тартты. Сонымен қатар «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы аясында әрі облысымыздың белгілі қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау мақсатында Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде кітапханалардың кітап қорынан 28 жергілікті ақын – жазушылардың шығармалары келісім-шарт арқылы 79 атаумен, оның ішінде мемлекеттік тілде 58 атаумен цифрландырылып, электронды форматқа енгізілді. Осы орайда кітапханалардың жұмысына да тоқтала кетсем деймін. Бүгінде қалалық кітапханалардың кітап қоры 400687 дананы құраса, 168828-і мемлекеттік тілде. Соған сай оқырман саны 22639, келушілер саны 194253 адам, ал кітап берілімі – 438366 дана. Барлық кітапханалар 100 пайыз компьютермен қамтылып, интернетке қосылған және автоматтандыру бағытында РАБИС бағдарламасының «Каталогтаушы» модулі бойынша жұмыс істеуде.
«Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында 4 «Коворкинг» орталығы бар. Олар Абай атындағы орталық, М.Әуезов, М.Шолохов және №6 кітапханаларда ашылып, заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналды. Орталықтың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге ақпараттық білімге қолжетімділігін арттыру барысында компьютерді пайдалануды үйрету. Бұл азаматтар кітапханаға тіркелген соң кітапхана қызметкерлерінің көмегімен тегін Интернет желісін пайдалану арқылы ақпараттарға қол жеткізіп, материалдық- техникалық базаны тегін пайдалана алады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шаһарда еңселі «Анаға тағзым» орталығы бой көтерген болатын. Бұл нысанның мақсаты – жас ұрпақты әсіресе қыздарды ұлттық-рухани, мәдениет және моральдік құндылықтарға жақындастыру, отбасылық игіліктер мен міндеттерге баулу, рухани-адамгершілік тәрбие беру, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағыттау болып табылады. Орталық ашылған 6 айдың ішінде үйірмелерге тұрақты 205 қатысушы тіркеліп, әр түрлі тақырыптарда 100 аса іс-шара өткізіліп, оған 3000-нан аса адам қамтылған. Мұндағы 8 үйірме қыз балалар мен әйел, аналарға рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Сондай-ақ орталықта қаламыздың белгілі аспазшылары, тігіншілері, дизайнерлері мен қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін «Анаммен бірге кітап оқимын», «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу республикалық байқауы, «Пай-пай қазақтың келіндері – ай»,«Киелі кимешек» облыстық тігіншілер байқауы, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» қылқалам шеберлерінің қалалық байқауы, «Менің енем жақсы адам» атты семинар-тренинг,«Қасымда болсын анам!» асфальтта сурет салу акциясы, «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын» тақырыбында дөңгелек үстел, «Ұлы дала кереметі» атты тимбилдингтер көпшілік көңілінен шықты. Алдағы 2-ші жартыжылдықта бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес көптеген ауқымды шаралар өз жалғасын табатын болады.
Өңірімізде жоғарыда айтқанымдай тілдерді дамыту саясатыда қарқын алуда. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қала әкімдігінің қаулысымен жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Аталған бағдарламада жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 1 индикатор, 5 нәтижелі көрсеткіш толығымен орындалды. Сондай-ақ биыл қаламыздағы 37 көше және ықшамаудандарға атау беру бойынша ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алып, қазіргі таңда, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулы және шешімінің жобасы Әділет министірлігіне алдын-ала келісім алу үшін жолданды. Осы орайда ағымдағы жылы шаһардағы №30 мектеп-гимназиясына Шерхан Мұртазаның, №51 орта мектебіне Нарғозы Данаевтың есімін беру туралы ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының оң қорытындысына сәйкес арнайы Қаулымен бекітілгенін айрықша атап өткен жөн. Бұдан бөлек биыл Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне тарихи тұлғалар, жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау бойынша 81 көшенің ұсынысы бойынша қажетті құжаттары жинақталып, республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылды.
Шаһар бойынша бүгінде даңғыл, көше, бұрылыс, тұйық, өткелдердің жалпы саны 1416-ны құраса, оның ішінде қазақша атаулардың саны 954, тарихи тұлғалар – 536, жер-су атаулары – 178 және дәстүрлі атаулар – 240-ке жетіп отыр. Ал орысша атаулардың саны – 462, орыс тіліндегі кісі есімдері – 203 және мағынасы ескірген орысша жер-су атаулары – 259. Сонымен қатар шаһарда аншлагтарды ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде. Облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл құжаттың тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жасалуда.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін бөлімнен «Callcenter» құрылып, жауапты маман бекітілген. Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмектер де көрсетілуде.
Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктерді жол бермеу мақсатында жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Бұл бағытта «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, «Көркем тіл – көрікті жарнама» тақырыбында семинар-кеңес, «Таза қалаға-таза жарнама» атты акциясы өткізілген болатын.

Зерделеу барысында жекеменшік ғимараттарда, олардың маңдайшаларында шетелше немесе көмескі жазылған мүлдем түсініксіз атауларды болдырмау және жаңа ғимараттарды атау мәселесі, жарнаманы орналастырудағы тіл нормаларының сақталуы туралы кеңінен айтылуда.
Әрине бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдымызда тұрған жұмыстар бұдан да ауқымды. Біздің басты мақсатымыз – мәдениет саласының тынысын кеңейтіп, тілдер саясатының дамуына жол ашу.

Камила Абашова,
Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.