Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көрсеткіштер көңіл көншітеді

0 1  695

Бүгінде облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құраған. Ал орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,5 пайызын алып жатыр екен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Басқарма басшысы әуелі ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Біздің басқарма табиғи ресурстарды тиімді, орнықты пайдалану, орман – тоғайлы аумақтарды ұлғайту және өсімдіктер мен жануарлар әлемінің биоалуандығын сақтау, қоршаған ортаның сапасын жақсарту, су объектілерін қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектарға жуық жерге орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллион түп ағашы 2021-2025жылдары Жамбыл облысының мемлекеттік орман қорына егілуі тиіс. Тапсырманы орындау мақсатында «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бекітілді. Соған сәйкес биыл 13 660 гектар жерге 24,5 миллион дана ағаш отырғызу жоспарланған. Ағымдағы жылдың көктем айларында 5190 гектар жерге 15,2 миллион дана отырғызылып, 250 гектарға 253 мың дана орман толықтыру жұмыстары орындалды. Ал күз айларында 8190 гектар жерге 9,3 миллион дана сексеуіл ағашы тұқымын себу жұмыстарын орындау жоспарлануда, – деген Айбар Күнтуұлы өртке қарсы дайындық және жануарлар дүниесін бойынша қолға алынған ілкімді істер туралы да баяндады.
БАҚ өкілдері де өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.